Әлемдегі 2500-ден аса халықтың 220-ға жуығының ғана тәуелсіздігі бар. Сондықтан түсіне білген адамға тәуелсіздік - алтыннан асыл. Тәуелсіз ел ғана өз мемлекеттілігін нық орнықтырып, ұлттық рухын асқақтата алады.
1991 мен 1992 жылдарды тәуелсіздік табалдырығы деп атасақ болады. Бұл кезеңде тәуелсіздік мұратына кереғар социалистік идеялар мен құндылықтардан арылуды бастауға, азат қоғам құру теориясы мен практикасын, тетіктері мен жолдарын іздеуге, кемел болашақтың іргетасын қалауға күш салынды. Бір сөзбен айтқанда, басымызға қонған бақты ұшырып алмай, алға жоғары мақсаттарды қою ұстанымы бекітілді. Алғашқы Контитуция даярланып, ұлттық валютаны шығару идеясы тура жолға қойылды. Нарықтық экономикаға өту кезеңі басталды. Қазақстан БҰҰ-ға мүшелікке қабылданды.
1993 пен 1997 жылдар ел тарихындағы жол айрығындағы таңдау секілді болды. Десе де осы уақыт аралығында егемендіктің еңсе түзеуі жолындағы орасан істер атқарылды. Президенттің : «алдымен – экономика, содан кейін – саясат» деген ұстанымы жолға қойылды. Нәтижесінде 1993 жылғы Контитуция ескі мен жаңа қатынастар арасындағы уақытша ымыралық құжат ретінде жұмыс істесе, тап сол жылы ұлттық валюта – теңгенің енгізілуі экономикалық азаттық үшін қажетті бар шара жүзеге асырылатынын паш етті. 1995 жылғы 30 тамызда бүкілхалықтық референдум қорытындысы бойынша еліміз парламенттік-президенттік биліктен президенттік билікке өтуге Конституциялық негіз қаланды. Осыдан кейін дамудың стратегиялық басымдықтары анықталып, кеңестік жүйенің әлеуеті әлсіреп, санада ғана сақталды. Ел астанасы Алматыдан Астанаға көшірілді.
1998 бен 2006 жылдар аралығын өркендеу кезеңі деп айтуға толықтай негіз бар. Саяси, экономикалық, заңнамалық алғышарттар дұрыс түзілген Қазақстан тұрақты дамудың даңғыл жолына түсті. Мұны 1998 жылғы азиялық дағдарысқа төтеп бергеннен-ақ байқауға болады. Ішкі жиынтық өнімнің жыл сайын 9-10 пайызға өсуі – қазақстандық жолдың шынайылығын паш етті, саяси реформаларды тереңдетуге бетбұрыс орын алды. Ұлттық идеялар мен нарықтық жаңарулар, әлемдік экономикалық қауымдастыққа кіру, сыртқы саяси бастамалар, Астананың өркендеуі, т.б. еліміздің егемендігін нығайтты.
2007 мен 2010 жылдар аралығы ел тәуелсіздігімізде әлемдік дағдарыспен тұспа-тұс келді. Тәуелсіздіктің алғашқы 15-16 жылы ішінде жинақталған тәжірибе мен әлеует әлемдік қаржы-экономикалық дағдарысқа қарсы тұруға мүмкіндік берді. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму жоспары қолға алынды. ЕҚЫҰ жұмысына сәтті төрағалық Астана саммитін өткізумен айшықтала түсті.
Қазіргі уақытты сындарлы кезеңнің соңы деп бағалауға болатын секілді. Қай салада болсын, тәуелсіздіктің шынайы қаматамасыз етілгені айқын көрініс табады. «Қазақстан 2030» бағдарламасы аясында жоғары межеге қол созып келеміз. Дамудың мақсаты мен міндеттері, алар асулары, бағындырар белестері жыл сайынға Елбасы жолдауларында айтылып, орындалып келеді. Тәуелсіздік тұсында Қазақстан халқы бейбітшілік пен жасампаздыққа қабілеті жоғары екенін паш етті. Осының өзі ертеңіміздің жаңа жетістіктермен жалғасатынына сенім білдіретіні аян.
Бүгінгі Қазақстанды 1991 жылғы Қазақстанмен салыстыруға келмейді. Бұл бірінші кезекте қоғамға байланысты. Бүгінде әлемдік ақыл-ой биігіне көтеріліп кетпесек де, адамзат өркениетіне бұрынғыдай таптық, партиялық, идеологиялық өлшеммен қараудан арылдық. Азық-түліктік, ақпараттық, т.б зәруліктердің сеңі бұзылды. Дамудың даңғыл жолына түстік.
Тәуелсіздік сан ғасырдан бері азаттықты аңсаған ата-бабаларымыздың жете алмай кеткен арманы ғана емес, олардың бізге арқалатқан аманаты да. Сондықтан тәуелсіздіктің мәнін ұғынып, оның ғұмырлы болуына аянбай қызмет ету – басты парызымыз.
Тәуелсіздік айнасы