- Негізгі бет
- Қазақ хандығы - 550 жыл
- Талдықорғанда Орбұлақ шайқасының...
Талдықорғанда Орбұлақ шайқасының театрландырылған қойылымы көрсетілді
Қазақ хандығының 550 жылдығына орай Талдықорғанда Орбұлақ шайқасының театрландырылған қойылымы көрсетілді.
Қала маңындағы ипподромда өткен жиынды мыңдаған жетісулық тамашалады. Бұл елдің тәуелсіздігі жолында күрескен аға ұрпақтың рухын қастерлеп, ерліктеріне бас ию, - дейді жиналғандар. Орбұлақ шайқасы – қазақ халқының жоңғар шапқыншылығына қарсы ұзаққа созылған азаттық соғысының бір үзігі. Дәлірек айтқанда, бұл 1643 жылдың жазында Жәңгір сұлтан басқарған 600 қазақ жауынгері мен 50 мың жоңғар қолын басқарған Эрдэни батыр қонтайшы арасындағы шайқас. Оқиға Жетісудың қазіргі Жаркент өңірінде өткен. Талдықорғандағы театрландырылған қойылым жетісулық жастардың отансүйгіштік қасиетін жаңа қырынан көрсеткендей болды.
Театрландырылған қойылымның режиссері Бауыржан Әбішев "Бізге әрине ол – үлкен бақыттың бірі. Оларды еске алып, солардың орнын, батырлардың рөлін ойнау – біз үшін үлкен мәртебе" деп ағынан жарылды. Театрландырылған қойылымға 600 азамат пен 120 ат қатыстырылды. Пиротехникалар қолданылды. Ең бастысы – ғасырлар қойнауында қалған қиян-кескі шайқастың туған жер мен ел үшін болғандығы шынайы әрі әсерлі көрсетілді.
Айткүл Махаева, тарих ғылымдарының докторы: - Орбұлақ шайқасы – қазақтардың тәуелсіздік жолындағы күресі. Сондықтан да оның тарихи маңызы ерекше екені белгілі. Орбұлақ шайқасын одан әрі зерттеп, көпшілікке кеңінен тарату қажет деп ойлаймын. Қажет Андас, қала тұрғыны: - Осындай ұлы шайқасты бүгін ұрпақтары ескеріп, ертеңгі елдіктің мұраты үшін, ертеңгі елдіктің бекемдігі үшін, міне осындай ұлы дүбірлі той жасап отырмыз. Осы тойдың қалай болғандығын біздің егемендігіміздің белгісі ретінде білуге болады. Бұл күн талдықорғандықтар үшін ұлттық салт-дәстүрлермен, мәдени мұралармен және тарихи жәдігерлермен қауышу ретінде де есте қалды. Көрмелер ұйымдастырылды. Көркемсөз оқу шеберлері тарихи шығармалардан үзінділер орындады. Ұлттық спорт түрлерінен тартысты бәсекелер өтті.
Дереккөз: 24.kz
Е. Жұмабайұлы