Бердіқожа батыр деректер бойынша 1690 жылы дүниеге келген. Жоңғарларға қарсы шайқаста қол бастаған қазақтың даңқты батырларының бірі.
Көптеген деректерде қазақ қолбасшылары Бердіқожа батырсыз хан кеңесін де өткізбеген, жорыққа да шықпаған деп жазады. Оны Ұлы жүзде Төле биден кейінгі үлкен саяси қайраткер, ұлы қолбасшы мәртебесінде құрметтеген. Бердіқожа батыр Аягөз, Бұланты-Білеуті және Сарысу өзені бойындағы, Іле басындагы Талқы, Ебі, Ембі, Алакөл, Алтайдағы Ұланасу, Қандысу, Айдынсу, Шар, Шорға ұрыстарында, Қозымаңырақ, Қоймаңырақ, Ақшәулі, Итішпес көлдері маңындағы, Аңырақайдағы шайқастарда Ұлы жүз жасақтарына басшылық еткен.
Кезінде Мәшһүр Жүсіп Бердіқожа батырдың ерлігін былай жырлаған болатын:
«Тауының Арқар деген аты Құлжа,
Жігіттер, атқа түйе тегін олжа.
«Хан Абылай аттанды» дегенді естіп,
Келіпті Шанышқылыдан Бердіқожа».
Мәшһүр Жүсіптің бұлай жырлауының себебі 1726 жылы Ұлытау өңіріндегі Бұланты және Білеуті өзендері аралығында қазақ жасақтары жоңғар басқыншыларына қатты тойтарыс береді. Сол кезде Абылай сұлтанның қасында Бердіқожа батыр да болған екен.
Мәшһүр Жүсіп енді бірде «Шанышқылы Бердіқожа – Абылай заманындағы ең сенімді батырлардың бірі» деген сөзі оның ханның хас батыры болғанын дәлелдесе керек. Бердіқожа батыр тек көзсіз батыр ғана емес, сонымен бірге Төле биден кейінгі үлкен саяси қайраткер, ұлы қолбасшы мәртебесінде құрметтелген. Абылай хан Бердіқожа батырсыз Хан кеңесін өткізбеген, жорыққа да шықпаған, – деп жазады.
Қанды қырғын шайқастардың бірінде қолбасшы Қабанбайдың астындағы аты өліп, жаяу қалғанда Бердіқожа астындағы ақбозатын түсіп беріп, қолбасшыны жау қолынан құтқарып қалған кездері де болыпты.
Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Мырзахан Ахмет «Ақиқат» ұлттық-қоғамдық саяси журналына «Бердіқожа батыр XVIII ғасырда жоңғар басқыншыларына қарсы 100-ден астам шайқасқа қол бастап кіріп, жеңіске жеткен. Соның ішінде 1723-1725 жылдары қазақ жерінің Шығысы мен Жетісуды, Сырдарияның орта ағысына дейінгі жерлерді жаудан босатуда, 1726 жылы Шұбар теңізі маңындағы шайқаста, 1729 жылғы мамыр, маусым айларында Балқаштың оңтүстік жағасынан 120 шақырым жерде болған Аңырақай шайқасында Бердіқожа қолы жауды аяусыз талқандаған. 1735 жылы Жетісу, Шу, Талас, Арыс бойларында болған ұрыстарда, 1739 жылы Қаратау мен Алатау өңірінде, 1740 жылы Ташкентті азат етуде, 1741 жылғы кескілескен ұрыстарда, 1745 жылғы жоңғарлармен ақырғы ұрыстарда Бердіқожа батырдың даңқы асқақтай түседі. Зұлым жаумен 1750-1752 жылдарда болған кескілескен шайқастарда да жан аямай шайқасқаны туралы нақты деректер табылып отыр. 1755-1758 жылдары Цинь империясы жоңғар-ойраттарды жойып жібергеннен кейін қазақ даласында аздап тыныштық орнағанымен іргедегі қырғыздардың шапқыншылығы күшейе түседі. Қырғыздар Садыр батырдың басшылығымен Жетісуды, Шу мен Таласты және тағы басқа аймақтарды басып алады. Абылай хан 4 мың адамдық қол жинап ұрысқа кіріседі. Оның үш қанатқа бөлінген әскерін шанышқылы Бердіқожа, тарақты Байғозы, қаракесек Жарылғап және Жауғаш батыр басқарады. Бірінші қолға басшылық еткен Бердіқожа батыр қаныпезер Садырды аттан түсіріп, қырғыздарды аяусыз қырып-жояды. Онымен қанаттас соғысқан батырлар да ерекше қайрат көрсетіп, қырғыздарды Алатау асырып тастайды», – деп жазады.
Айта кетейік, батырдың мұрасын жандандыру бағытында көптеген жұмыстар атқарылып жатыр. Бердіқожа туралы қазақ, қытай, орыс және өзбек тілдерінде мақалалар жарық көріп, мұрағат құжаттары ғылыми айналымға түсті. Осы уақытқа дейін 170-тен астам ғылыми-зерттеу еңбектер жазылған. Несіпбек Айтұлы арнайы поэма шығарды. Одан бөлек, деректі фильм түсірілді, ән жазылды. «Шанышқылы Бердіқожа батыр» деген ғылыми жинақ жарық көрді. Көптеген ғылыми конференциялар өткізіліп жүр.
Батыр кесенесінің жобасы дайындалып, ғаламторда berdeke.kz деген веб-сайты ашылды. Сондай-ақ қоғамдық қор құрылды.
Батырдың бейіті Қарағанды облысының Көктас өзені бойында орналасқан. Қазіргі кезде осы бейітті жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Дереккөз: Baq.kz