- Негізгі бет
- Қазақ хандығы - 550 жыл
- Сарайшықта жеті хан...
Сарайшықта жеті хан жатыр
Батыс Қазақстан облыстық тарих және археология орталығының ұйымдастыруымен басталған «Астанадан астанаға» халықаралық ғылыми экспедициясы сапарын жалғастыруда, – деп хабарлайды El.kz порталы.
Батыс Қазақстан облыстық тарих және археология орталығының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Сыдықовтың айтуынша, Сарайшық, Орда, Орынбор сияқты қазақ тарихында ерекше орын алатын қалаларда болып, зерттеу жұмыстарын жүргізуді көздейтін экспедиция Қазақ хандығының 550 жылдығына орай арнайы қолға алынып отыр. Әзірге біз, Сарайшық пен Оралдағы сапарын айта өтейік.
Құрамында қазақстандық және ресейлік ғалымдар бар экспедиция мүшелерін 21 маусым күні өңірдің зиялы қауым өкілдері мен Орал қаласының әкімі Алтай Көлгінов сәттілік тілеп, шығарып салған болатын. Экспедиция алғашқы күні жолшыбай Ақжайық ауданы Чапаев ауылында өлкетану музейіне ат басын тіреді. Бұл - Азамат соғысы кезінде 1919 жылы Чапаев дивизиясының штабы болған ғимарат. Мұнда дивизия мен оның командирі В.Чапаевқа қатысты құнды жәдігерлер баршылық.
Атырау облысындағы Сарайшық қалашығының ел шежіресіндегі орны айрықша. Ол - қазақтың алғашқы астаналарының және ең көне тарихи орындарының бірі. Сарайшық ХІV-ХVІІ ғасырларда қолөнері мен сауда-саттығы дамыған, ірі қалалардың бірі болған. Ол туралы арабтың белгілі географ-ғалымы, саяхатшы Ибн-Батутаның: «Бұл «Ұлысу деп аталатын» үлкен, терең, ағысы қатты өзеннің жағасындағы гүлденген әсем қала екен және дүние жүзіндегі Бағдаттан кейінгі екінші жүзбелі көпір осында екен» деген бірінші жазба деректі қалдырғаны мәлім. Сол секілді 1558-1559 жылдары Каспий теңізінің солтүстік және шығыс жағалауына саяхат жасаған кезінде Сарайшық қаласына соққан ағылшын көпесі Антоний Дженкинсон: «Теңізден бір күндік сапарда үлкен өзен жағасындағы гүлденген Сарайшық деген қалаға келдік. Бұл қала орыс патшасымен көңілдес Измаил деген татар князінің қол астында екен. Шығыс пен Батысты байланыстыратын керуен жолының үстінде болғандықтан, қолөнері мен саудасы дамыған қала екен» деп жазды.
Қазіргі таңда мұндағы тарихи-мемориалдық кешен құрамына қазақтың жеті бірдей ханы жерленген хандар пантеоны, мешіт және музей кіреді. Музей ішіне Сарайшық қазбасынан шыққан тарихи жәдігерлер қойылған. ХІV ғасырдағы Сарайшық қаласының макеті жасақталған.
Күннің аптап ыстығына қарамастан, автокөлікпен ұзақ жол жүрген экспедиция бұдан кейін Батыс Қазақстан облысы Бөкей ордасы ауданы Хан ордасы ауылына бет алды. Іргесі 1826 жылы қаланған Хан ордасына кіреберісте қазақтың соңғы хандарының бірі Жәңгір жерленген. 1801 жылы Бөкей сұлтан қарауындағы елді алып, Еділ мен Жайықтың аралығына өтсе, оның ұлы Жәңгір 1823-1845 жылдары Ішкі Ордада хандық құрды. Оның басқалардан ерекшелігі, еуропалық өркениетке, отырықшылық өмірге бет бұрды. 1826 жылы хан сарайын бастап салдырған ол өз жұртын ілім-білімге, ағартушылыққа жетеледі. 1841 жылы 6 желтоқсанда осы Ордада қазақ жеріндегі алғашқы мектептердің бірі ашылды. Ресейден дәрігерлер алдырып, халқын емдетумен бірге мешіт салдырып, хан сарайының ішінен қару-жарақ палатасын жасақтады. Қазақстандағы денсаулық сақтау, музей, баспахана істері де Ордадан бастау алады. Қазіргі кезде осындай тарихи ғимараттардың бәрі де Бөкей ордасы тарихи-музей кешені құрамына кіреді.
Айта кетейік, экспедиция бұдан кейін 1920-1925 жылдары Қазақстан астанасы болған, қазақтың талай қайраткерлерінің ізі қалған Ресейдің Орынбор қаласына бағыт ұстамақ. Кеше экспедицияның қорытындысы шықты.