Отанға деген махаббат, туған жерге деген сүйіспеншілік – әрбір азаматтың бойында болуы тиіс асыл қасиеттер. Бұл қасиеттерді адам бойына сіңіретін ең басты дүние – тарих. Өйткені, тарихсыз болашақ жоқ, тарихсыз ұлттық рух жоқ. Ал, оны жасайтын жекелеген адамдар, солардың ерлігі мен еңбегі. Қазақ тарихында өзіндік орны бар, жасаған істері мен бастан кешкен оқиғалары жас ұрпаққа үлгі болатын сондай тұлғалардың бірі – Райымбек Түкеұлы. Бұл мақаламыз жастайынан сыртқы жауға қарсы соғысып, аты аңызға айналған батырдың ең маңызды шайқасы жайында болмақ.
Алматыдан шығысқа қарай "Құлжа тас жолы" деп аталатын мемлекеттік маңызға ие жол созылып жатыр. Осы жолдың бойында Көкпек атанған мекеннен өткеннен кейін Торайғыр мен Сөгеті, Бұғыты тауларының ортасындағы жазықта екі төбешік бар. Тау етегі болған соң ары-бері өткен адам үшін олардың еш ерекшелігі жоқтай көрінуі мүмкін. Бірақ екі төбешіктің сыры жергілікті халықтың жадында жақсы сақталған. Бұл жерді ел "Ойрантөбе" деп атап кеткелі біраз уақыт өтті. Ол атау бекерден бекер қойылмаса керек. Мұнда сонау бір заманда Райымбек батыр бастаған қол жоңғарларға қарсы соғысып, жеңіске жеткен деседі.
Бұл шайқас жайында нақты ақпарат аз. Тіпті, оның қай жылы болғанын да дөп басып айту қиын. Зерттеушілер оқиғаны Жоңғар хандығының қонтайшысы Қалдан Сереннің өмірден озып, бір кездердегі алып күшке ие мемлекет ішкі алауыздықтың әсерінен әлсірей бастаған шағымен байланыстырады. Жалпы оқиға қалай өрбігені және соғыс тәсілдері қалай жүргені жайында бірнеше дерек бар.
Солардың бірі – ел аузында қалған аңыз. Ол бойынша, Ойрантөбеде бағзы заманда қалмақ пен қазақ әскері шайқасқан. Күші тең екі әскер бірін-бірі ала алмағандықтан, шайқас бір айға созылыпты. Тоқтаусыз соғыстың әсерінен кең дала қанға айналып, ұрыс алаңы қаза болған сарбаздардың мәйітіне толған екен. Осыны көрген екі жақтың қолбасшылары марқұмдарды көмусіз қалдырмау үшін екі ор қаздырып, мәйіттерді сонда жинаймыз деген келісімге келіпті. Күн өткен сайын өлгендердің саны артып, үлкен үйіндіні құрайды. Соғыс аяқталып, қазақтар жеңіске жеткеннен кейін олар көміліп, орны төмпешікке айналады.
Торайғыр тауы
Енді бір дерек жазушы Жолдасбай Тұрлыбайұлының "Райымбек батыр" романында келтіріледі. Кітапта Ойрантөбедегі шайқас Қалдан Сереннің орнына отырған Сван Доржыға тақталасы Лама Доржы қастандық жасаған кезінде, яғни шамамен 1749 жылы болғаны айтылады. Бұл – Жетісудағы билігі қолдан тайып бара жатқанын сезген жоңғарлардың шығысқа шегіне бастаған, ал қазақ жасақтарының күшейіп, жерімізді жаудан толығымен азат етеміз деп оқталған уақыт болатын. Шайқас болмас бұрын жазыққа кіретін жолға, су көздеріне күзет қойып, өздері суы мол, шөбі шүйгін Бұғыты тауына бекініп алған жоңғарлар қалың күш жинап батыстан келе жатқан қазақтарды күтіп алуға сақадай сай еді. Олар алғашқы жоспар бойынша қазақ әскерін Көкпек жазығына кіретін сайда күтіп алып, қырмақ болады. Алайда, қазақтар айласын асырып, ол сайды айналып өтеді де жазыққа лап қояды. Ендігі жоспар қазақтарды суы жоқ Торайғыр тауының теріскейіне қамау болады. Сөйтіп, ұрыстың алғашқы күні де басталады. Жолдасбай Тұрлыбайұлының жазғанына сүйенсек, жоңғар әскерін Сары-Манжа ноян басқарған, ал қазақтар қолбасшысы Райымбек батыр болған.
Кітапта алғашқы ұрыс сәті былай сипатталады: "Түске жетпей ұрыс та басталып кетті. Бұққан қоянның жонарқасы көрінетін Көкпектінің тақыр даласында қазақ пен қалмақ қолы мидай араласты: бірі мен бірінің қатты шайқасқаны сонша, ап дегеннен шап берісіп, бірден шеңгелдесті де қалды. Жекпе-жек сайыс та жайына қалды. Бірін-бірі сағынысып көріскендей құшақтары жазылар емес. Қазақ жігіттері: "Ендігі ұрысты ең соңына дейін тоқтатпай жүргіземіз" деген сертінде тұрды. Ал жоңғар шеріктері де "Осы арадан шегінбейміз де, көкчіндерді де көшірмейміз" деп серттескендей сілкілестері сұрапыл".
Ойрантөбе шайқасы өткен Көкпек жазығы мен Торайғыр, Сөгеті, Бұғыты тауларының
космостан түсірілген суреті. Шайқас нобайы Жолдасбай Тұрлыбайұлының дерегіне сай сызылды.
Алғашқы айқастан кейін қазақтар жоңғарлардың жоспарына сәйкес Торайғыр тауына шегінеді. Алайда, ол жерде қол бастаған Райымбек батыр Көкойнағының арқасында тау арасынан су көзін тауып, қалың әскерді шөлден аман алып қалады. Бұл оқиға ел арасында қазіргі күнге дейін аңыз болып сақталған. Тіпті, Торайғыр тауының шығысында Аласа асуына жақын тұста "Райымбек бастауы" деп аталатын бұлақ әлі де ағып тұр. Роман бойынша, бұл оқиғадан кейін қазақ әскерінің бойына жаңа күш бітіп, бір ай шайқастан кейін Сары-Манжа мен Райымбек жекпе-жекке шығып, ноян жеңіліп, жоңғарлар шығысқа шегінеді.
Бұл сәт романда: "Жоңғарлықтар соңғы шайқаста өлген адамдарын он күн бойы тау-төбе етіп үйген мәйіттер үстіне тастап, тас топырақпен бетін жасыруға да шамалары келмей зытты. Ендігі қазақ, қалмақ өлігін Райымбек сарбаздары жинап, төбеге үйіп, көміп тастады. Ай бойы ойран-топыр ұрыс, адам қаны судай аққан сұмдық сұрапыл соғыс болған төбені ұрыс тоқтаған сол күннен бастап "Ойран төбе" атандырды" – деп көрсетілген.
Байқанымыздай Жолдасбай Тұрлыбайұлының романындағы "Ойрантөбе" оқиғасын баяндауы ел аузында қалған аңызбен дәлме-дәл келеді. Олардың басты айырмашылығы – көркемдік жағы ғана.
Райымбек батырдың 300 жылдығына орай Ойрантөбеге қойылған тас
Дегенмен, ел аузында бұдан басқа да әпсана сақталған екен. Соның бірін жазушы Бексұлтан Нұржекеұлы өзінің "Райымбек батыр" жайлы жазған мақаласында: "Бала күнімде өзімнің Ешмұқанбет атам (1879-1956) Райымбек жайында өте көп әңгіме айтушы еді. Мен ол кезде оларға онша зер салмаппын, көбін ұмыттым. Бірақ Хангелдінің өз балаларын қалай сынағаны, Ойрантөбенің неге олай аталғаны жайында айтқаны әлі есімде. Атамның айтуы бойынша, тауға жақын жазық жерде қалмақ қолы дамылдап жатады. Айналасы ашық болған соң, қазақтар көрінбей келіп, тұтқиыл шабуыл жасай алмайды деп сенеді. Сондықтан бейқамдау болады. Қазақтар келеді-ау деген шығыс жақ сонадайға дейін көрініп жатқан ашық жер екен. Алайда Райымбек айласын асырып кетеді. Шығыстан – Көкпек шатқалы жақтан келмей, түнде Бұғыты тауынан бұғынып өтіп, қалмақтардың батыс жағындағы тауға келіп жасырынып жатады. Жазық жердегі аласа ғана екі төмпешікке бас сүйеп ұйықтап кеткен қалмақтарға таңғы құлқынсәріден "Райымбек!" деп атой сап, ту сыртынан лап қояды. Алдыңғы бір топ әдейі шошып оянған қалмақтар мен үріккен аттарының ортасымен кесе шауып өтеді. Екінші топ аттарына жете алмай қалған жаяу қалмақтарды ат бауырына алып баудай түсіреді. Сөйтіп Райымбек қалмақтардың ойранын шығарған жер "Ойрантөбе" аталыпты деуші еді",– деп баяндайды. Жазушы ол кезде Райымбек батыр 18 жаста болғанын, оқиға 1748 жылы орын алғанын да түртіп өтеді.
Жыл жағынан алғанда, Жолдасбай Тұрлыбайұлы мен Бексұлтан Нұржекеұлының көрсеткен уақыттары шамалас. Зерттеулерде бұдан бөлек жылдар да көрсетіледі. Мысалы, ойраттанушы Марал Томпиев пен зерттеуші Мұрат Уәли шайқас 1753 жылдан кейін болды деген болжам айтады. Олар өз деректерінде оқиға желісін былай сипаттайды: "Лама Доржы қайтыс болғаннан кейін Төле би барлық қазақ жауынгерлерін жоңғарларды ығыстыруға шақырды. Бұл жағдайда қазақтардың шабуылдап, жоңғарлардың шегінуі заңды. Демек, қазақ әскері Көкпек жазығына солтүстік-батыстан, яғни Сөгеті тауының ішімен, Көкпек сайы арқылы кіруі тиіс еді. Мұны жоңғарлар алдын ала болжап, сай ішіне жақсы күзет қояды. Жоңғар әскерін Секер есімді ноян, ал қазақтарды Райымбек батыр басқарды. Райымбек қолбасшы ретінде өз әскеріне қауіп төндірмеу үшін жазыққа баса көктеп кірмей, мейлінше ыңғайлы жол іздеді. Сол себепті де шайқас болар тұсты зерттеп, өз мүмкіндіктерін есептеп, кезекті айласын жүзеге асырды. Ол үшін батыр өз әскерін үшке бөлді. Сатай батыр бастаған бірінші топ жазыққа солтүстік-шығыстағы Бұғыты таулары арқылы түсті, Бақай батыр бастаған екінші топ Түрген арқылы Асы жайлауына шығып, Ағанас жазығы арқылы Торайғыр тауына табан тіреді. Үшінші топты Райымбектің өзі бастады. Ол топ жоңғар сарбаздарының киімін киіп, Көкпек шатқалы арқылы жазыққа еш қарсылықсыз өтіп кетті. Бұл ретте Райымбек батыр ойрат тілін білгенін де ескере кеткен жөн. Осылайша, қазақ әскері жоңғарлардан айласын асырып, үш жақтан қоршап, Райымбек батыр Секер ноянды өлтіргеннен кейін жау жеңіліс тауып, аман қалғандары оңтүстік шығысқа қарай қашады". Сонымен қатар, зерттеушілер Торайғыр тауының аңғарларында жоңғарлардың көптеген молалары барын айтады.
Көкпек жазығы, Райымбек батырдың 300 жылдығына орай Ойрантөбеге қойылған тас
Байқағанымыздай деректердің бір-бірінен айырмашылығы бар. Дегенмен, жалпы оқиға желісі ұқсас. Оның үстіне арада үш ғасыр өткенде нақты былай болды деп дөп басып айту да қиын. Қалай болғанда да "Ойрантөбе" шайқасы Жетісу өңірін жаудан азат ету жолында өз қызметін атқарғаны анық. Әйтпесе, ол жайлы әңгіме ел санасында ұзақ сақталмас еді.
Y. Almabek