Қырғыз халқының жаһанға аты мәлім жыры – «Манаста» туысқан елдің сан ғасырлар бойында бастан кешірген оқиғаларының сарыны, болып өткен істерге бағасы, дүние-жаратылыс туралы ұғымы, мәңгі өшпейтін азаттық аңсары, алдан күткен үміт, арманы мейлінше мол бейнеленгені белгілі. «Манас» эпосының танымдық, тәрбиелік, эстетикалық мәні тарихтың өзіндей терең. Қайта оқыған сайын оның жаңа қырлары мен сырлары ашыла береді. Мұнда халық шежіресінің хронологиясы берілмегенімен, көп мәселенің философиялық түйіні, сан алуан құбылыстардың қорытындысы эпикалық аңыздау, әсірелеу түрінде көркем жинақталған. Кейде ондай аңыздар өмір, қоғам шындығының күтпеген, тосын құпияларына қанықтырады. Олардың жаңғырығы жасаған дәуірімен бірге кетпей, кейбір өзгерістерімен қайталанып отыратыны қайран қалдырады.
Осы тұрғыдан біз «Манастың» дәстүрлі, кесек оқиғаларының ішінен бір ғана сарын туралы сөз қозғамақпыз.
Ол – эпостың «Көзқамандар» деп аталатын шағын көлемді, бірақ астарлы мәні бар, ерекше көңіл бөлуді керек ететін тарауы.
Эпосты үстірт шолып оқығанда көзқамандар хикаясында көрсетілген істер мен мінездердің бүгінгі қырғыз бен қазақ қауымына да тікелей қатысы бардай көрінеді. Ол – қазақ арасынан жік шығарып, үй ішінен үй тіккен, шет дұшпандардың қолшоқпарына айналып, өз еліне жаудан бетер тиген опасыздықтың әшкереленуі.
Мәселенің төркіні түсінікті болу үшін «Манастың» «Көзқамандар» деп аталған тарауының мазмұнына оралайық.
Бір қырғын соғыста Манастың әкесі – Жақыптың ағасы Үсен қалмақтар қолына түсіп, тұтқын болып кетеді. Үсен барған жерінде қалмақ әйеліне үйленіп, алты балалы болады. Балаларының тілі қалмақша шығады, тұрмысы, салты – бәрі де басқа болып тәрбиеленеді. Міне, осы жағдайды Қанғайдың билеушісі Есен хан пайдаланып, «көзқамандар» атанып кеткен Үсен балаларын жансыз етіп жіберіп, қырғыз мемлекетін іштен ірітпек болады. Есен хан Манасты ашық шайқаста жеңе алмайтынын білген соң қырғызды қырғызға қарсы қойып, арам тәсіл қолданады.
Эпос қандай елге де келетін пәленің бір ұштығы жат жұрттардан шығатынын баяндайды. Жау мұндай қанқұйлы қастандығын іске асыруға аты қырғыз, заты қалмақ болып кеткендерді жұмсайды. Мінезі, пиғылы мүлде бөлектеніп кеткен көзқамандар туысқандық парыз, елдің киесі, обал-сауап дегенді білмейді, көздейтіні – тек байлық пен мансап болып, қырғыздардың хас жауының қолшоқпарына айналады. «Көзқаман» атанып кеткен туыстары сұмдық ойларын тереңге жасырып, Манасқа зар-наласын айтып хат жазады.
Халқының қамқоры, қолбасшысы әрі көсемі Манас алыстан қайта оралған ағайындарын құрметпен қарсы алып, еліме ел қосылды деп қуанады, көзқамандардан ешбір жақсылықты аяп қалмайды.
Бірақ пиғылы бұзылған, имансыз, дүниеқоңыз көзқамандар мұның бәрін місе тұтпайды. Олардың ойлаған-баққаны Манасты у беріп өлтіру, тағын тартып алу, мал-мүлкін бөлісіп алу болады. Көзқамандар өздерінің ата тегі қырғыз болса да, қырғызға тән қасиеттің бәрін мансұқтағысы келеді. «Қырғыздар неге қалмақша сөйлемейді. Манастың әйелі Қаныкей қонақтарды неліктен қалмақ салтымен күтпейді, қырғыздар борсық, тарбаған, аю етін жемейтіні несі» деп күңкілдеседі. Көзқамандардың дүлей қараулығын, мүлде жат мінезді жандар екенін сезіп, бұлардан сақ болайық дегендерге аңқау, мейірімді Манас сенбейді.
Ақырында, олар Манасты қонаққа шақырып, қымызға у қосып береді. Манас көп азап шегіп, әрең дегенде удың зарынан айығады. Құзғын мінезді сатқындар тұтас бір елді ойранға ұшырата жаздайды. Қастандық әрекеті іске аспай, өздерінің ел алдында масқара болып қалғанын сезген көзқамандар өзара ерегісіп, пышақтасып өліп бітеді…
«Манас» жырындағы бір тараудың қысқаша мазмұн желісі осындай. Бізге бұл жат оқиғаның аса үлкен салдарлы мәні де бар секілденеді. Өз елінің бауырластарының мейірімсіз дұшпанына айналған, ақырында халық қарғысына ұшыраған көзқаман тектестер әр заманда бой көрсетіп тұратын құбылыс тәрізді елестейді. Нақтылы талдап қарасақ, көзқаманшылықтың жаны сірі, өзіне қолайлы жағдай туса әр кезеңде қайта жанданып, қауіпті күшке айналатын соқпа дерттей бір тажал екенін аңғарамыз.
Оның өзіне хас тұрақты белгілерін де тап басып тануға болады.
Көзқамандар, ең алдымен, өз халқының тілін білмейтін, сондықтан оны жат санайтын, іңгәлап дүниеге келгеннен ер жеткенге дейін басқа түсінік, пиғылда тәрбиеленген жандардан шығады. Оларға өз елінің асыл қасиеттерінің бір де бірі дарымаған, өзін асыраған, адам қатарына қосқан халқының тағдырына дұшпанның көзімен қарап дағдыланған. Тіпті жаратылысынан ақыл-есі бүтін болып туғанмен, мұндайлар өз елінің перзенті болар жарытпайды. Ана тілін білмегендіктен, халқының көңіліндегі мұңды, көкейкесті арманды көзқамандар сезбейді. Халық даналығы жаратқан небір әсем ән, құдіретті күй, аталар сөзі, ғибрат, нақыл бұларға әсер етпейді. Эпостағы көзқамандар жырақ жерлерде өскендер болса, қазіргі заманда олардың «ізбасарлары» – өз елінде жүріп-ақ жатбауыр болып қалыптасқандар…
Туған елінің тарихын білмеу, білгісі келмеу де көзқаманшылыққа тән нәрсе. Олар дүниедегі жақсылықтың бәрі жақсы елдерде жасалған, өз жұртында мақтаныш тұтарлық, үлгі аларлық ешнәрсе жоқ деп есептейді, ел намысын жыртқан, азаттық үшін жанын пида еткендері – кертартпалар, ел мүддесін аяққа басып, қарақан басының қамы үшін күштілерге бас игендерді болашағын болжаған көрегендер санайды. Бұларға тәуелсіздік деген қасиетті сөздің киелі мағынасы түсініксіз. Қарын тоқ болса, барлық мұраты орындалғандай көрінеді, азаттық, теңдік деген сөздерді көңіл үшін айта салатын нәрсе деп біледі…
Мәңгүрттік пен көзқамандық – бір-бірінен айырмасы үлкен екі түрлі құбылыс. Жау қолында тұтқын болып, қорлық-зорлық атаулының бәрін көріп, миына жазылмастай зақым келген, қай елден шыққанын, кімнен туғанын білмейтін, тек кеудесінде жаны бар, ішіп-жеуге, қарадүрсін жұмыстарды атқаруға ғана қабілетті мәңгүрттер халі аянышты. Олар – алыс пен жақынды, пайда мен зиянды ажырата алмайтын, өз анасын дшпан санап атып жіберетіндер. Сондықтан да ел мұндайларды жадында ешнәрсені сақтай алмайтын миғұла, мәңгүрт деп атаған…
Ал көзқамандар ақыл-есі ауысқандар емес. Бұлар мектеп, университет бітірген, жоғары лауазымды қызмет атқарғандар болуы да әбден мүмкін. Кейбіреулері талай елдердің тарихы мен философиясын жатқа айтып, жаңғақша шағып беретіндер, әділдік, адам құқы, өркениет, достық, ынтымақ, бейбітшілік секілді сөздерді судай сапыратындар. Сырттай қарағанда мінсіз шешен, сәуегейден бетер білгір, әлем тағдырын өз алақанындағыдай кесіп-пішіп, сынап-мінеп отыратындар тәрізденеді. Бірақ бұлардың жазылмайтын немесе ұзақ емдеуді керек ететін ауруы – туған халқының дәстүрін танып-білуге салғырттығы, сөз жүзінде отаншыл болып көрініп, былай шыға бере елдің хам жауларымен тіл тауып, халықтың түпкілікті мүддесін сатып жіберетіндігі, ең жаманы – жұртының қадір тұтқан қымбаттарын, тәуелсіздігімізді тәрк етуді көздеп отырғандармен ауыз жаласып, соларға арқа тіреп, намысымызды таптап кететіндігі. Мәңгүрттер есінен айырылған міскіндер болса, көзқамандар – елдігімізге саналы түрде қарсы шығатын қаскүнемдер…
Эпостағы көзқамандар мен олардың қазіргі дәуірдегі сарқыншақтарын ортақтастыратын тағы бір нәрсе – бұлардың сырты бүтін, іші түтін болып, өздерінің мінез-құлқына, дүниетанымына жақын басқа бір патшалықтың сойылын соғатындығы.
Заманнан заман ауысса да бүтін елдің ішіне алалықты әдейі тудыратын сырт күштер де, халықты адамшылық бейнесінен айырып, аздырып-тоздыратын арақ-шараптың кесепаты да қазіргі дәуірде қаз-қалпында тұрғанын көреміз. Ең қауіптісі сол – осы күнгі көзқамандар жұртшылық көзіне елдің ең терең мұраттарын шырқырап іздегендей сыңай байқата біледі, ал шынтуайттап келгенде басына зәредей қиындық түссе, лезде жалт бұрылып кетеді. Сөз бен істің бір-бірінен алшақ кеткендігі соншалық – жамағатшылық небір әдемі сөздердің өтірігі мен расы қаншалық екенін біле алмай, дал болады, ақырында мұндай жаппай жалғандыққа еті өліп, қоғамда болып жатқан апат пен опатқа селт етпейтін болып меңіреуленеді…
«Манас» жырының көзқамандар оқиғасына арналған тарауы қазіргі заманда орын тепкен кейбір көңілсіз құбылыстардың түп негізін анығырақ түсінуге көмектеседі. Осы күнгі көзқамандар да өз елінен шыққан парасат иелерінің қадірін білмейді, еңбекші жұртының адам айтқысыз ауыр халіне көңіл бөлмейді, әйтеуір, бір майлы жіліктің басын ұстау үшін, дәстүрді де, ата-бабалар аманатына да құрбандыққа шалудан шімірікпейді. Олардың иманы – ақша, пайда үшін тілін де, дінін де сатады, өзге діндерге де ауысып кете береді, мәпелеп өсірген ата-анасына қайырымсыз, қайдағы бір жітік пен саяқтың жаман әдеттеріне еліктейді… Бұл заманда көзқамандар аз ба, көп пе деп санақ жүргізудің мағынасы жоқ. Қалай болған күнде де қоғам денесіне осындай бір бейдауа дерт жабысқаны анық.
Қазақ тәуелсіздігін көре алмайтындар іште де, тыста да аз емес. Өзгені өзіне мәңгілік бағынышты етуге құныққан империялық пиғылдың жуық арада жойыла қоймайтыны түсінікті. Бірақ төтелеп келген ашық жаудан өз араңнан шыққан, аты туыс, заты бөлек, тоғышар, шала қазақ, дүбаралардың залалы кем соқпайтынын ел-жұртымыз әлі де түстеп танып білді дей алмаймыз. Отандастарымыз өз арамызда жүрген, ұлт мұратын қиып жіберетін, елге опасыздығына ұялмай, қайта өздерін озық өркениет жаршылары деп қарайтындардың біразы осы заманның көзқамандары екенін таныса, олардан сақтанудың жолын да іздеп табар еді.
Дереккөз: Жас қазақ