Қазақтың хас батыры, бас ханы – Абылай (Сценарий)

Қазақтың хас батыры, бас ханы – Абылай (Сценарий)
Фото: azretsultan.kz

Қазақ хандығының 550 жылдығына орай, Абылай ханның билік еткен кезеңінен сыр шертетін бес бөлімді сценарий ұсынамыз.

1-сахна (Қытай елі. Қытай музыкасы)

Император. Ұрыс қалай жүріп жатыр?

Уәзір. Алдияр, әлі де ит жығыс түсіп жатырмыз. Бірақ, біз жақтан шығын көптеу.

Император. Ақмақ. Аттиланы арғы бабаң соғысып ала-аламаған. Оның ұрпағын Тан династиясы 3 ғасыр соғысып жеңе алмады. Сонда осы қазақты сен жеңем деп тұрмысың?

Уәзір. Бірақ алдияр. Өзіңіз емес пе соғыс деп бұйырған.

Император. Соғыс дегенде, осылай соғыс деп пе едім?

Уәзір. Енді қалай?

Император. Анау тынышын алып жатқан қалмақ пен қазақ арасын ашып бер. Екеуі әбден соғысып, сойыл көтеруге шамасы келмей қалғанда, екеуін бір-бір ұрып шалқасынан түсіресің.

Уәзір. Қазақ елінің артында орман елі тұр. Олар бізге қазақ жерін беріп қояр ма?

Император. Орыс елі үшін сен құса болма. Қазақ жері өгіз талысындай кең. Екі елге жетерлік.

Уәзір. Сонда қазақ елі қайда қалады?

Император. Ұлын - құл, қызын - күң етесің.

Уәзір. Құп болады, тақсыр!!!

2-сахна (Жекпе-жек)

(Екі жақтан әскер шығып айқайлап: Жекпе-жек. Қалмақтан Шарыш, Қазақтан - Абылай. Шарыш сөзін бастағанда жекпе-жектің музыкасы кетеді)

Шарыш. Ха-ха. Қазақтар жекпе-жекке батыр емес, бесіктен белі шықпаған бала шығаратын болған ба?

Абылай. Ей, Шарыш. Бесіктен белім шықпаса, бесігімді төңкеріп көр. Ал, елімнің есігін ешкімге де тепкізбеспін. Әруақ!!!

(Соғыс аяқталғанда "Ұшардың ұлуы" қобыз музыкасы)

3-сахна (Абылайдың түсі)

(Сахнада қызғылт жарық жанғанда, Арыстан мен айдаһардың даусы кетеді. Шошып оянғанда тоқтайды)

Бәйбіше. Жайсыз түс көрдіңіз бе, сұлтаным?

Абылай. Күзетшіні шақыр.

Бәйбіше. Күзетші.

Күзетші. Не бұйырасыз сұлтаным?

Абылай. Барлық батырлар мен Бұхар Жырауға хабар бер. Хан кеңесіне жиналсын.

Абылай. Ал, арыстарым. Жерімізге шығыстан шүршіт шүйлігіп, шүршітпен жағаласып жоңғар жағаңа жармасып, Батысыңнан Орман елі осал тұсыңды ойлап, Оңтүстігіңдегі өз ағам деген өзбегің өзегіңнен тепкелі отыр. Үш жүздің басы бүгін бірікпесе, бүрсігүні босқынға айналарымыз айдан анық. Бұған не айла бар?

Жамырап. Соғысу керек.

Күзетші. Сұлтаным, Бұхар жырау келіп тұр.

Абылай. Күтіп алыңдар. ...... О, жырауым, армаңыз!

Бұхар. Бар бол сұлтаным.

Абылай. Неге кешіктіңіз?

Бұхар.        Кәпір қала салды, ойла!
                   Жарқайың деген жерлерге,
                   Шашылып шеті барды, ойла!

Осы кәпір ортаңа салған орыс бекіністерін орағытып жүрем деп кешігіп қалыппын.

Абылай. Жырауым сізден өтінішім бар еді.

Бұхар. Төре тұқымының қара қазақтан өтініші емес, өкініші болар. Айта ғой. Қолымнан келсе өкіндірмеспін.

(Екінші қобыз музыкасы кетеді)

Абылай. Түс көрдім. Түсімде көрде жатыр екенмін. Бір бүйірден, арыстанның, екінші бүйірден айдаһар даусы естіледі. Төбемдегі шаңыраққа үш уық қадалыпты. Бір жағымда Қасымнан тараған ұрпақтарым қылыш ұстап мені күзетіп тұр. Екінші жағымда Уәлиден тараған ұрпағым құран аударып отыр. Бұл не түс?

(Бұл жерде қобыз музыкасы өшеді)

Бұхар. Иә, арысым. Көзің тірісінде көрде жатсаң, жасың ұзақ болары. .................................................Кітап ұстаған ұрпағың ғалым болып, қағазда қалады.

Абылай. Қылыш қайраған ұрпағым майданда, құран аударған ұрпағым қағазда қалса, өзім қайда қаламын?

Бұхар. Төбеңдегі шаңыраққа үш уық бекер қадалды ма? Ісің елге ұнаса, үш жүздің жүрегінде қаласың.  Солай сұлтаным. Бар сенгеніміз өзіңсің. Бірақ бір айтарым:            

                   Күнбатыстан бір дұшпан,
                   Ақырында шығар сол тұстан.
                   Өзі сары, көзі көк,
                   Діндарының аты боп,
                   Күншығысқа қарайды.

Абылай. Абызым. Жалғыз жолаушыға топ қасқыр шапса, жолаушы бірінші қайсысын ұрар еді?

Бұхар. Ең таяу қалғанын да.

Абылай. Онда, бізге қазір ең таяуы орыс емес, Қалдан Серен бастаған қалың қалмақ қолы болып тұр. Міне мына жерде Қалданның әскері тұр. Олар Ертістің берісіне өтісімен, Үш жүз әскері мына тұстан шабуыл жасайды. Көрсін Қалданың қақпаннан құтылып. Солай батырларым. Бүгіннен қалмай ел-еліңе тарап, әскерлеріңді жинап, Ақ туымның астына жинал. Қазақ қылышының қынабынан суырылып, қалмақ қанына қанар шағы шалғай емес. Аттан!!!

4-сахна (Хан көтеру)

(Қыздар биінің музыкасы)

Бұхар. Уа, алаш жұрты. Қазақ елі. Бүгін ақ түйенің қарны жарылған күн. Бүгін арысың, арыстаның, айбатың болған Абылай үш жүзге хан атанды.

Абылай. Халқым. Менің үш жүзге хан болуым ештеңені шешіп бермес. Басыңда бірлік болмаса. .................................................Уа, жырауым батаңды бер!

Бұхар.        Ханның жақсы болмағы-

                   Қарашаның елдігі.

                   Қараша халқы сыйласа,

                   Алтыннан болар белдігі.

                   Ер жігітке жарасар

                   Қолына алған найзасы,

                   Би жігітке жарасар

                   Халқына тиген пайдасы,

                   Келігшекке жарасар,

                   Емізулі баласы.

                   Бұл жалғанда бір жаман

                   Ағайынның аласы.

Сол ағайын Өлетұғын тай үшін, Қалатұғын сай үшін араздаспай,  басында бірлік болғай. Ал, хан ием! Еліңнің шаңырағы биік, уығы берік, керегесі кең болғай! Әумииин!!!

5-сахна (Абылай хәл үстінде)

(Орыс еліне пушка түсіріледі)

Хабаршы. Ұлы Орыс елінің патшайымы! Қазақтың ханы хәл үстінде жатқан көрінеді.

Орыс патшайымы. Жақсы хабар. Ессіз елге ешқашан да есті басшы беруге болмайды. Міне, енді қазақтар қытайдың сасық қолтығынан қаша-қаша бізге өздері-ақ келіп қосылады.

(Қытай елі. Музыкасы кетеді. Пушка Қытай еліне)

Уәзір. Хан ием, Қазақ ханы Абылай өлім аузында деседі.

Император. Көрер жарығы аз-ақ қалған болар. Көңіл айтып хат жаз. Көрдің бе? Енді қазақты жәй ғана ұрып алуға болады....

(Қазақ елі. Қобыз музыкасы. Пушка ортаға. Абылай өлім аузында)

Абылай. Е, жырауым, қартайғанда қақсады деме. Кешегі күн Батырым Бөгенбай кеткен күні-ақ, ақ сапарға дайындалып қойып ем. Халқым Қазақтың басын қанмен де, айламен де біріктіріп бақтым. Бірақ алдағы күнің не болар екен? Егер, арманым алдамаса бәрі өзіңде қалары хақ. Елің де, жерің де. 

Бұхар. Уа, еркегінің қылышы қаннан, қатынының көзі жастан құрғамаған қайран қазағым. Бүгін қаралы күн, азалы күн. Бәйтерегіңе жай түсіп, шаңырағың шайқалды.

(Пушка Бұхар жырауға түсіріледі.  Қобыз музыкасы ойнап тұра береді. Бұхар артынан екі кісі келіп, жұбату айтып тұрғызады. Бұхар орнынан көтерілгенде қобыз үні жәй сөнеді)

Бұхар. Өлмектің артынан өлмек жоқ.

         Азамат ердің баласы,
         Атадан алтау тумас па?
         Атадан алтау туғанмен,
         Ішінде оның біреуі,
         Арыстаны болмас па?

Талай ғасыр тақымынан тақ кетпеген бұл төреден топқа кіріп, төрге озар бір арыстан ұл туылары һақ. Уа, әуелі алда, одан соң бабамның әруағы қолдай гөр. Абылайың айтқандай еліміз езілмес. Ал Жеріміз жат жұртқа жастық бола қоймас.

(Соңғы жазба жіберіледі. Сахна жәй жарық бола бастайды. Артта Қалың ел. Ортада Абылай. жазба бітісімен "Ер тұран" композициясы ойналады)

Ж. Өрісбай