Қазақтың 36 ханы Ұлытауда сайланған

Қазақтың 36 ханы Ұлытауда сайланған
Фото: Massaget.kz

Өткен тарихымызға көз жүгіртсек, тек Шыңғыс ұрпағы қазақтың ханы болып сайлануға құқылы болғанын байқаймыз. Ал қазақ даласында хан сайлау дәстүрі Ұлытаудан басталған. Фестиваль ұйымдастырушыларының бірі, Қазақстан ұлттық географиялық қоғамы директорының орынбасары Сәулет Сакенов Ұлытау баурайында қазақтың 36 ханы ақ киізге отырғызылып, сайланғандығын айтты.

Қазақ хандығының 550 жылдығына орай ұйымдастырылған халықаралық "Хан Қорық" жастар фестивалінің қатысушылары бүгін "Хан ордасы" деп аталатын тарихи маңызы бар аймаққа барып, қазақ хандары сайланған мекенді көріп қайтты. "Хан ордасының" айналасында ерте орта ғасырда салынған қамалдың ізі жоқ. Себебі Ұлытауды Қазақ хандығының "қамалсыз астанасы" деп жиі айтады. Шындығында ұлан-ғайыр Қыпшақ даласында қамалдар салынатындай қауіп те төнбеген екен. Тек XVIII ғасырда қазақ сұлтандарының арасында билікке талас болып, хандықтың саяси күші әлсірейді.

"XVII ғасырдың соңы мен XVIII ғасырдың басында Еуразияда билік құрған Петр І, Тәуке хан, Цэван Рабдан, Канси сынды билеушілер өз заманының реформаторлары болған. Ал Тәуке ханнан кейін оның баласы Болат ханның таққа отыруы саяси тұрғыдан билердің қателігі деп санаймыз. Себебі Тәуке ханның кім екенін көрші империялар жақсы білсе, Болатты ешкім де танымаған. Ел билігі босаңсып, сұлтандар ханға қызмет етуден бас тартады. Сол жылдары жоңғарларға шығыстан қауіп төндіріп жатқан Қытай императоры қайтыс болады. Осы сәтті Цэван Рабдан ұтымды пайдаланып, батысқа, яғни қазақ хандығының территориясына баса көктеп кіреді. Ал ауызбіршілігі жоқ қазақтардың бас сауғалаудан өзге амалы қалмайды. Сондықтан билік мұрагері алдымен халық арасында танымал болуы тиіс. Жоңғарлардың соққысы хан сайлауда мұқияттылық таныту керек екенін тағы бір рет дәлелдеді", - дейді әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Еділ Ноянов.

Ата тарихымызға қызығушылығы мол студенттер "Хан ордасын" айналып, Әмір Темір тасқа жазып қалдырған ескерткішіне барды. "Алтын шоқы" деп аталатын бұл жерден Ақсақ Темір Тоқтамысқа бағытталған жорығы кезінде өткен екен. Кейбір деректер Тоқтамыс әскерлерінің бір бөлігі Ұлытауда бекінгенін дәйектейді. Әмір Темір алдымен Ұлытау төріндегі жаудың қолын қайырып, кейін Тоқтамысқа бағыт алмақ болған екен. Нәтижесінде Тоқтамыстың әскері Ұлытауда болмай шығады. Самарқан билеушісі Ұлытау өңіріне өз бағасын беріп, тасқа жазба қалдырады. Ал қашалып жазылған жазбаның түпнұсқасы бүгінде Санкт-Петербургтегі Эрмитаж музейінде сақталуда.


Естеріңізге сала кетсек, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі және Қазақстан ұлттық географиялық қоғамының бастауымен ұйымдастырылған халықаралық «Хан Қорық» жастар фестивалі ертең өз мәресіне жетеді. Бүгін ғалымдар және студенттердің қатысуымен ғылыми конференция ұйымдастырылып, қорытынды жұмыстар атқарылды.  

Ж. Өрісбай