Қазақстанда "Ұлы дала елі" жалпыұлттық бренді құрылады, − деп хабарлайды Primeminister.kz сайты ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаевқа сілтеме жасап.
Қазақстан премьер-министрінің ресми сайты мәліметінше, Нұржан Әлтаев бұл туралы бірінші тауар өндірушілер форумында айтқан. "Бүгін форум нәтижесі бойынша ұлттық брендтің құрылатыны туралы хабарланады. Ол "Ұлы дала елі" деп аталады", − деді Әлтаев.
Сонымен қатар Әлтаев сәйкесінше таңбалауға жататын тауарлар реестрі жасақталатынын мәлімдеді. "Біріншіден, бұл таңба тауардың "Қазақстанда жасалғанын" көрсетеді. Осы мақсатта кәсіпорындардың аудитін өткіземіз. Екіншіден, бұл тауардың сапалы екенін, үшіншіден, ол тауарды Қазақстан халқы мойындағанын білдіреді. Біз бұл брендті барлық кәсіпорынға бере бермейміз. Бренд атауы берілетін компаниялар санаулы болады. Олардың ішінде "Эйр Астана", "Рахат" компаниялары бар", − деп толықтырды ол. Әлтаев "Ұлы дала елі" брендінің жыл сайын 4-5 кәсіпорынға ғана берілетінін айтты.
Дереккөз: tengrinews