Қазақ хандығының тарихи таңбалы оқиғалар жылнамасы

Қазақ хандығының тарихи таңбалы оқиғалар жылнамасы
(Мұхтар Мағауиннің «Қазақ тарихының әліппесі» кітабынан) 

1456. Қазақ Ордасы құрылды. Ел бастаған Керей хан мен Жәнібек хан Шу, Талас алқабына ірге тепті.

1456-1470 шамасы. Керей хан билік құрды. Орда орнықты.

1460. Керей мен Жәнібек Моғолстан ханы Есен-Бұғамен одақтаса отырып, қалмақ (ойрат) шабуылының бетін қайырды.

1465. Керей ханның туы астындағы жұрттың саны екі жүз мыңға жетті.

1470. Керей мен Жәнібек Сыр бойына қайтып оралды. Түркстан өңірінің біраз аймағы Қазақ Ордасының құрамына қосылды.

1471-1480 шамасы. Жәнібек хан билік құрды. Орда нығайды. Сыр-Дария алқабы, Түркстан өңірі үшін қантөгіс майдан ашылды.

1486. Қазақтар Шәйбани ханды ауыр жеңіліске ұшыратып, Хорезмге тықсырды.

1491. Қазақтар екі үлкен ұрыста моғолдарды жеңді.

1510. Қасым сұлтан қысқы соғыста Шәйбани ханды біржола талқандап, ұлыс шегінен асыра қуды. Түркстан уәлаятына қарасты қалалардың көпшілігі Қазақ Ордасының құрамына енді.

1511-1520. Қасым хан билік құрды. Ежелгі Көк Орда жерінің басым бөлігі және Жетісу Қазақ Ордасының иелігіне айналды, халықтың саны бір миллионнан асып, әскер саны үш жүз мыңға жетті.

1511 шамасы. Қасым хан Қазақ Ордасының «Қасқа жол» аталатын ең алғашқы заң жүйесін қабылдады.

1512. Қасым хан Сайрам қамалын алды, Ташкентке жорық жасады.

1521-1522. Момыш хан билік құрды.

1523-1533. Тайыр хан билік құрды.

1525 шамасы. Екі жүз жылдық ойрат-қазақ соғысы басталды.

1533-1537. Тоғым хан билік құрды.

1537, 27 шілде. Сан-Таштағы төрт халықтың соғысында қазақ-қырғыз әскері түгелімен қырылды. Тоғым хан тоғыз ұлы және әскербасы отыз жеті сұлтанмен бірге шәйіт болды.

1556. Бұйдаш хан Ноғай Ордасының шығыс бөлігін Қазақ Ордасына қосып алды.

1558. Қазақ Ордасы Бұқар хандығын тықсыра бастады.

1559. Бұйдаш хан шәйіт болды.

1560-1580. Хақ-Назар хан билік құрды. Қазақ Ордасы ежелгі қуатын қалпына келтірді.

1569. Хақ-Назар хан Ноғай Ордасын қиратып жеңді.

1570. Қазақ Ордасы ойраттардың бір бөлігін бодандыққа түсірді.

1579. Хақ-Назар хан Түркстан мен Сауранды, Оңтүстік өңірдегі тағы біраз қонысты қайтарып алды.

1580, 23 көкек. Хақ-Назар хан шәйіт болды.

1580-1582. Шығай хан билік құрды.

1582, маусым. Тәуекел сұлтан Түркстан түбінде Ташкент уәлаятының әміршісі Баба-сұлтанды талқандады.

1583-1598. Тәуекел хан билік құрды. Қазақ Ордасы өзінің әскери, саяси қуатының шарықтау шегіне жетті.

1586. Тәуекел ханның Мәуреннахрға қарсы алғашқы шапқыны.

1594-1595. Тәуекел хан Русияға елші аттандырды; жауап елшілік.

1598, жаз. Тәуекел ханның Орта Азияға жеңісті жорығы.

1598, күз. Тәуекел хан шәйіт болды.

1598-1643. Еңсегей бойлы Ер Есім хан билік құрды. Қазақ тарихының қаһармандық кезеңі.

1598, күз. Бұқар-Қазақ бітімі нәтижесінде бүкіл Оңтүстік Қазақстан және Ташкент уәлаяты Қазақ Ордасының құрамына қайта қосылды.

1599 шамасы. Есім хан «Ескі жол» аталатын жаңа заң жүйесін орнықтырды. Қазақ Ордасының астанасын Түркстанға көшірді.

1603. Екінші қазақ-бұқар соғысы басталды. Айғыр-жар ұрысында қазақтар жеңіске жетті.

1604. Есім хан ойраттарды күйретіп жеңді.

1613. Есім хан Самарқан түбінде бұқар-ауған әскерін талқандады.

1619-1624. Есім хан Шығыс Түркстан үшін күрес жүргізді.

1620. Есім хан ойраттарды кезекті жеңіліске ұшыратты.

1624. Есім хан Ферғанадағы майданда жеңіске жетіп, Екінші қазақ-бұқар соғысын аяқтады.

1627. Есім хан бүкіл алаш жұрты түп көтерілген ұлы жорықта Ойрат Одағын қиратып, босқынға ұшыратты.

1627. Ташкент уәлаятының әміршісі опасыз Тұрсын хан Қазақ Ордасындағы азамат соғысына жол ашты, Түркстанды шапты.

1627. Сайрам түбінде Тұрсын хан бастаған екі сан қатаған қазақтар мен Есім хан бастаған үш сан алаш қазақтар арасында қантөгіс ұрыс болды, Есім хан басым түсті, Тұрсын хан әскерінен айрылып, Ташкентке келіп тығылды.

1627. Есім хан Ташкентті алды, Тұрсын ханның басын шапты, қатаған руы жазаға тартылып, қырылғаннан қалғаны басқа рулар ішіне таратылды. Есім хан жазылмас дертке ұшырады.

1635, жаз. Жәңгір сұлтан торғауыт Хо-Өрлік тайшының ұлысын шапты, Жемнен өткеріп, батысқа қарай тықсырды.

1643. Есім хан дүние салды.

1643-1652. Салқам Жәңгір хан билік құрды.

1643, желтоқсан. Қоңтажы Батұр ойрат, халха, торғауыт – бүкіл моңғол жұртынан құралған қалың әскермен Қазақ Ордасы құрамындағы қырғыз жеріне басып кірді.

1644, қаңтар-мамыр. Кең көлемді қазақ-моңғол соғысы.

1644, маусым, шілде. Салқам Жәңгір хан екі үлкен ұрыста біріккен ойрат-халха әскерін қиратып жеңді. Соңғы шайқаста қазақ әскеріндегі жаңа шерік – мылтықпен қаруланған алты жүз мерген айрықша көзге түсті.

1644, күз. Салқам Жәңгір хан Ұлы Моғол империясы мен Бұқар хандығы арасындағы соғысқа араласты, Ауғаныстандағы майданға жүз мың әскер жіберді; қазақ аламандары Балх қаласының түбіндегі елу күн бойғы қырғын шайқастан соң соғысты өзбек-бұқар хандығының пайдасына шешіп берді.

1652, қаңтар, ақпан. Хошауыттар қырғыз жеріне тұтқиыл шабуыл жасады. Салқам Жәңгір хан шәйіт болды.

1676-1680. Қазақтар Бұқар хандығындағы тақ таласына араласты.

Жалғасы...