Қазақ хандығының тарихи таңбалы оқиғалар жылнамасы #2

Қазақ хандығының тарихи таңбалы оқиғалар жылнамасы
(Мұхтар Мағауиннің «Қазақ тарихының әліппесі» кітабынан) 

Басы

1680-1715. Әз-Тәуке хан билік құрды.

1681—1684. Сайрам соғысы; Дүрбін-Ойрат Қазақ Ордасын ауыр жеңіліске ұшыратты.

1690 жыл шамасы. Әз-Тәуке хан Қасым ханның «Қасқа жол», Есім ханның «Ескі жол» заң үлгілерін жаңғыртып, «Жеті жарғы» аталатын жаңа заң жүйесін енгізді. Төрелерді іркіп, ел басқару ісін билерге жүктеді.

1698. Дүрбін-Ойрат Шу, Талас бойына басып кіріп, Қазақ Ордасын шайқалтып кетті.

1710-1411. Ойраттардың жаңа жорығы.

1712. Қазақтардың ойрат шапқыншылығын тоқтату әрекеті.

1713. Абылай хан туды.

1714. Қазақ Ордасының Дүрбін-Ойраттан кезекті ауыр жеңілісі.

1715. Әз-Тәуке хан дүние салды.

1715-1718. Қайып хан билік құрды.

1717 жаз. Қайып хан мен Әбілхайыр сұлтан бастаған қазақ әскері Аягөз ұрысында ойраттардан қирап жеңілді.

1718. Ойраттар қазақ жасақтарын Арыс, Бөген, Шаян өзендерінің бойында бет қаратпай жеңіп, бүкіл Оңтүстікті шапқындап кетті.

1718-1729. Болат хан билік құрды.

1723-1725. Ойраттардан түбегейлі жеңіліс, Түркстан, Сауран, Ташкенттен, бүкіл Оңтүстіктітен айырылу, Ақтабан-шұбырынды.

1728. Бұланты ұрысы, ойраттар Сары-Арқадан кері қайырылды.

1730. Аңырақай ұрысы, ойрат шабуылы тойтарылды, қазақтар ес жинай бастады.

1730. Қазақ Ордасы дербес ұлыстарға бөлінді; ру, жүз ішінде билердің өкімі күшейді.

1731. Кіші жүздің бір бөлігі мен Орта жүздің біраз руларын билеп отырған Әбілқайыр хан Ресей өкіметімен бодандық негізіндегі әскери және саяси қамқорлық туралы келіссөзге жол ашты.

1733. Әбілмәмбет хан бастаған қазақ әскері ойраттарды ауыр жеңіліске ұшыратты; жиырма жасар Абылай сұлтан таққа шықты.

1740, қыркүйек-желтоқсан. Ойраттардың Сары-Арқаға жорығы.

1741, қаңтар-наурыз. Ойраттардың кезекті жорығы қысқа соғысқа ұласып, одан ары жазға жетті.

1741, көктем, жаз. Абылай хан ойрат шабуылын тойтарды, өрісін ұзартып, Жоңғардың ішкі аймақтарына жортуылдар ұйымдастырды.

1752, қазан. Екі жүз жылдық ойрат-қазақ соғысындағы бетбұрыс кезең; Абылай хан Аягөз-Нарын ұрысында ойраттардың негізгі күшін талқандады.

1753. Қабанбай, Жанатай, Мүйізді Өтеген, Ер Жәнібек, Бөгенбай батырлар бастаған қазақ қосындарының Жоңғарға қарсы түйдек-түйдек, жеңісті жорықтары.

1754, күз. Абылай хан Дүрбін-Ойратты біржола талқандап, Екі жүз жылдық соғыста түпкілікті жеңіске жетті.

1755, көктем. Абылай ханның Жоңғарды жуасыту жорығы.

1756-1757. Шүршіт-қазақ соғысы.

1756. Абылай хан Қалмақ-Толағай, Аягөз ұрыстарында шүршіт-цин әскерлеріне ауыр соққылар беріп, жазғы майданда тактикалық және стратегиялық үлкен жеңіске жетті.

1757. Цин патшалығының Қазақ Ордасына қарсы жаңа жорығы; ауыр шығынға ұшыраған Абылай хан әскердің негізгі күштерін сақтай отырып, кері шегінді.

1757, 15 мамыр. Абылай ханның сенімді өкілі Әбілпейіз сұлтан мен мәнжу-цин қолбасысы Фу Дэ арасындағы уақытша бітім туралы Айдын-Су мәмлесі.

1757, 7 маусым. Цин патшалығы өкілдері мен Абылай хан арасындағы Аягөз бітімі.

1757, қыркүйек, қазан. Абылай хан Бежінге елшілік аттандырды. Тәуелсіз сыйластық туралы келісім.

1760 ж.-дан соң. Қазақтар бейбіт жолмен ата жұрт Шығыс Түркстанға қайтадан қоныстана бастады.

1765, қазан-қараша. Абылай ханның қырғызға қарсы жеңісті жорығы.

1766-1768. Абылай хан Қоқан хандығына қарсы соғыс ашты, Ташкентті бағындарды.

1770. Абылай хан Қырғыз ұлысын талқандап, қазақ-қырғыз шекарасын айқындады.

1771. Абылай хан «Шаңды жорық» соғысында торғауыт қалмақтарды біржола тоздырды.

1771. Абылай хан Түркстанда бүкіл Қазақ Ордасының ханы ретінде ақ киізге көтерілді.

1781, мамырдың басы. Абылай хан дүниеден көшті.

1781 ж.-дан соң. Батыс және Орталық Қазақстанда Ресей ықпалы күшейе түсті, біртұтас Қазақ Ордасы жеке ұлыстарға бөлшектенді. Ресей патшалығы Орталық және Батыс Қазақстанды біржола отарлау ісін жүзеге асыра бастады.

1801. Бөкей хан Ресей патшалығымен бейбіт келіссөздер жүргізу арқылы Еділ мен Жайық арасындағы ата жұртты қайтарып алды, бұл өңірде Бөкей Ордасы құрылды.

1801-1822. Оңтүстік Қазақстан Қоқан хандығының теліміне түсті.

1822. Ресей патшасының жарлығымен Орта жүзде хандық билк жойылды деп жарияланды.

1835. Абылай ханның шөбересі, болашақ ұлы ғалым Шоқан туды. (1865 ж.өл).

1883-1847. Абылай ханның немересі Кенесары ханның Қазақ Ордасын сақтап қалу жолындағы күресі.

1841. Кенесары үш алаштың ханы ретінде ақ киізге көтерілді.

1845. Қазақ халқының ұлы ақыны Абай туды. (1904 ж.өл).

1847. Кенесары хан шәйіт болды. Қазақ Ордасы құлады. Қазақ тарихындағы жүз қырық төрт жылға созылған отарлық заман басталды.