Қазақ хандығының 550 жылдығына орай «Ұлы дала өсиеті» атты кітап жарық көрді

Қазақ хандығының 550 жылдығы қарсаңында «Қазығұрт» баспасынан «Ұлы дала өсиеті» атты кітап жарық көрді, деп хабарлайды Baq.kz сайты.

Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің мерейтойға тарту ретінде ұсынған жинақтан дана бабаларымыздың соңына өлшеусіз мұра ретінде қалдырған ой маржандарын оқи аласыздар. 

2015 жылдың 2 шілдесінде елордамыздағы «Көрме» орталығында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «Нұрлы жол» және Үдемелі индустриалдық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламаларының іске асырылуы барысына арналған жалпұлттық телекөпірдің өткені белгілі. Жиын соңында іс-шараны қорытындылап, халықпен ой бөліскен Елбасы Қазақстанның бейресми символдық атауын бүкіл әлем бойынша ілгерілету туралы тың міндет қойып, «Әдетте, Жапонияны – күншығыс елі, Кореяны – таңғы шық елі, Нидерландыны – қызғалдақтардың отаны, Қытайды – аспан асты елі деп жатамыз. Қазақстанға да осындай атаулы бренд жетіспейді. Біз – Ұлы даланың перзенттеріміз. Біздің бабаларымыз осы далада өмір сүріп, көкке табынған. Тәңірі дегеніміздің өзі – көк аспан. Біздің туымыздың көк түсті болуының астарында да осындай сыр бар. Бірегей көк түс – еліміздің бірлігінің белгісі. Ендеше, бізге неге өзімізді Ұлы дала еліміз деп атамасқа», – деген ойын білдірген еді.

Елбасының жұртқа ой тастаған осы сөздерін негізге алған Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігі Ұлы Даланың рухани байлығымен халықты қайта қауыштырып, қоғамдық санада сол ұлы мұрамызды жаңғырту мақсатында «Ұлы дала өсиеті» жинағын шығаруға мұрындық болған еді. Игілікті іс-шараны жүзеге асыру үшін облыс әкімдігінің басшылығымен өңірдегі танымал ғалымдардан, әдебиеттанушылар мен тарихшылардан тұратын шығармашылық топ құрылды. Дана бабаларамыздың соңына өлшеусіз мұра ретінде қалдырған ой маржандарын және қолына қалам ұстаған сөз зергерлерінің тағылымды ой түйіндерін зерттеген шығармашылық топтың жасаған жұмысының арқасында «Ұлы дала өсиеті» жинағы жарық көріп, Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы қарсаңында халықтың рухани игілігіне айналып отыр.

«Ұлы дала өсиеті» кітабының беташары ретінде тәуелсіздік туын тігіп, мемлекетіміздің әлемдегі дамыған отыз елдердің қатарынан табылуы үшін ерен еңбек атқарып келе жатқан Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ой-тұжырымдары берілді.

Жинақ үш бөлімнен тұрады. «Ой түбінен шыққан сөз..» деп аталатын алғашқы тарауда біздің дәуірімізге дейінгі мыңжылдықтарда өмір сүрген Анхарсистен бастап (Анақарыс), түркі дүниесіне өлшеусіз үлес қосқан – Тоныкөк, Білге қаған, Күлтегін сияқты, сондай-ақ, іргелі мемлекет құрған ойшыл да қолбасшы тұлғалардың тасқа бәдізделіп, бізге жеткен ғажайып

ойлары сарапталып, бір ізге түсірілді. «Қара қылды қақ жарған» тарауынан қазақтың би-шешендері, ақын-жырауларының ел болу идеясы, атамекен, ерлік пен имандылық төңірегіндегі құнды ой-пікірлерін оқи аласыздар. «Құмнан алтын сүзгендей» деп аталатын соңғы бөлімде елдің егемендігін аңсап, жанын пида еткен Алаш ардақтылары мен тәуелсіздік идеясын ұлтымыздың санасына сыналап сіңірген сөз зергерлерінің ой-толғамдары көрініс тапты.

Қандай заманда да халқымыз дала данышпандарының сөз өнерін жоғары бағалап, «атадан –өсиет, анадан-қасиет» деп оны өмірінің негізгі бағдаршамына айналдырған. Жөн сөзге тоқтаған, аталы сөзге құлақ асқан, өмір түйіткілдерінің бәрін де кеңесіп отырып ортақ мәмілеге, бір шешімге келген.

«Ұлы дала өсиеті» жинағы сол ұлы дәстүрдің жалғасын табуына септігін тигізіп, ұлы бабаларамыздың даналық ой ұшқындары жас ұрпақтың рухын кемелдендіріп, олардың бойына мәңгілік рухани азық боларына сеніміміз кәміл.