Қазақ хандығының 550 жылдық торқалы тойына байкерлер де келіп жетті.
Мотоцикл тақымдаған қонақтарды жамбылдық жұртшылық қалаға кіре берісте барлық сән-салтанатымен күтіп алды. Мотошерушілер 45 күн бойы бүкіл Қазақстанды шарлап, мыңдаған шақырымды еңсерген. Әулиеата жеріне қадам басқан қонақтар жергілікті жастар ұйымдастырған «Біз Ұлы дала ұрпақтары» атты ауқымды акцияға қатысты. Артынан жастармен кездесу өтті. Ал ертең бастамашыл топ мерекелік мотошеру ұйымдастырмақ. Олар қаланың қақ ортасындағы Жамбыл даңғылы арқылы өтіп, тарихи-мәдени ескерткіштерді араламақ.
Дмитрий Петрухин, саяхатшы: - Алматыдан шыққалы бері Қазақстанның барлық аймағында болдық. Әр өңірдің өзіндік ерекшелігі бар. Түрлі тарихи орындарды көзбен көріп, Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған жиындарға қатыстық. Онда біз кездескен халыққа тарихи тойдың маңыздылығы мен ерекшелігі туралы айттық. Саяхатымызды ертең негізгі мерекелік шарада қорытындыламақпыз.
Дереккөз: 24.kz