Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған қойылымда 500 актер ойнайды

Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған қойылымда 500 актер ойнайды, - деп хабарлайды tengrinews.kz тілшісі "Алматы" телеарнасына сілтеме жасап. 

Қазақ хандығының жарты мыңжылдығына орай Әуезов театрының ұжымы ауқымды спектакль дайындап жатыр. Жабал Ерғалиевтің "Қилы жол" шығармасының желісіндегі қойылымға Керей мен Жәнібек тұсындағы оқиғалар арқау болған. Спектакльге ұзын-ырғасы 500-ден астам актер қатысады. Жазғы демалыс маусымына қарамастан, Әуезов театрының ұжымы қазір қызу жұмыс үстінде.

Сонымен қатар, шығармада 1465 жылғы елеулі оқиға, яғни Керей мен Жәнібектің қазақ хандығының қазығын қаққаны баяндалатыны айтылады. 1 сағатқа жоспарланған спектакльде Жәнібек пен Керейдің Әбілхайыр ханнан бөлініп, азаттық пен бостандықты арман еткен қалың қазақты артынан ертіп, бір ту астына жинаған кезеңі бейнеленеді.

Қойылымның қоюшы-режиссері Әубәкір Рақымовтың айтуынша, қазіргі кездерде әртүрлі ұғым, әртүрлі алып қашпа сөз шығып жатыр. "Қазақ елі болмаған, қазақ мемлекеті болмаған, қазақтың жері болмаған» деген сөздер айтылып жатыр. Керек десеңіз, біздің жеріміз анау Алтайдан бастап, сонау Еуропаға дейін кетіп қалады. Еуропаға дейін, Еуропа халқына, Рим империясына азаттық алып берген қазақ екенін естен шығармауымыз керек. Сондықтан Қазақ елі, мемлекеті деген осы тарихи дүние, Керей мен Жәнібектен басталады. Біздің қойып жатқан спектакліміз сол туралы",- деді қоюшы-режиссер.

Қойылымда хандықтың қалай құрылғаны, ол кездегі талас-тартыс, қилы заман егжей-тегжейлі көрсетіледі. Ашық аспан астында, үлкен стадионда қойылатын ауқымды спектальде Әуезов театры мен Тараз қаласының 500-ден астам әртісі атсалысады. 200 актер жауынгердің рөлінде ойнап, сахналық шайқастарға жауапты болса, 150-ден астам адам би көріністерін жасайды. ХV ғасырдағы көшпенді қазақтың бай мәдениеті қамтылатын қойылымды жұтаң етіп көрсетпеу үшін арнайы костюмдер мен безендірулер әзірленіп жатыр.

Ал театрдың бас суретшісі Есенгелді Тұяқов жауынгерлердің киімін сипаттап берді. "Арнайы сауыт-сайман, қару-жарағы бар 30 жауынгер костюмін тіктірдік. Сондай-ақ 200 сарбазға арналған киім үлгісін жасадық. Олар да әртүрлі қылыш, қалқандарымен және найзаларымен жасақталған. Қойылым алаңда өтетіндіктен, ауқымды әрі көрер көзге ерекше әсерлі, қызықты болуы тиіс. Сондықтан 3 қабатты ауқымды декорациялар құрамыз. Ақ киізге отырғызып, хан көтеру рәсімін де ерекше көрсетеміз",- деді Тұяқов.

"Қилы жол" қойылымын барша көрермен қазан айында Тараз қаласының орталық стадионында тамашалай алады. Қазақ хандығының жарты мыңжылдығын тойлау барысында жарыққа шығатын спектакльге Елбасының өзі арнайы келіп қатысады деп жоспарланып отыр.