Қазақ хандығының құрылуы жолында халқымыз сан түрлі оқиғаларды бастан кешірді. "Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып" бір тұтас ел болуды аңсаған ата-бабамыз ұлтарақтай жер үшін шыбын жанын аямады. Бабаларымыздың ұлық еңбегін балалары ұмыт қылмауы үшін тарихты білуі шарт. Олай болса, қазақ даласындағы тарихқа зер салайық.
Қасым хандығы (орысша Касимов, татарша Хан-Керман) – Мәскеу патшасының бодандығында болған мемлекеттік бірлестік. Алтын Орда ханы, кейіннен Қазан хандығының негізін салушы Ұлық-Мұхаммед қайтыс болғаннан кейін (1446) елде тақ таласы басталды да, оның ұлдарының бірі Қасым Мәскеу князіне қызметке тұруға мәжбүр болды.
Қызметі үшін оған ұлы князь Иван ІІІ 1452 жылы шамасында өз атымен аталатын қала салуға рұқсат берді. Қасым өз иелігінде мешіт пен тас қамал тұрғызды. 1469 жылы Қасым қайтыс болғаннан кейін, иелігі ұлы Даниярға (1469-1486) өтті. 1486-1512 жылдар аралығында Қасым хандығын Гирей әулетінен шыққан, Мәскеу билеушілеріне қызметке тұрған Нұр-Дәулет пен оның ұлдары Сатылған мен Жанай басқарды. 1512-1516 жылдары хандықты Алтын Орданың екінші бір ханы болған Кіші-Мұхаммедтің немересі Шейх-Аллияр, 1616-1667 жылдары оның кәмелетке толмаған ұлы Шейх-Әли (Шах-Әли, орыс құжаттарында Шигалей) билік құрды. Мәскеу билеушілері оны бірнеше рет Қазан хандығы тағына отырғызды. Ол Қазанда билік жүргізген уақытта Қасым хандығын інісі Жан-Әли басқарды. Шейх-Әлидің ұлы болған жоқ, сондықтан таққа Алтын Орданың соңғы ханы Ахмедтің шөбересі Саин-Болат отырды (1567-1573ж.). 1573 жылы ол шоқынып, Симеон деген атпен Мәскеуге келіп Иван Грозныйдан «Бүкіл Ресей патшасы» деген атақ алды. Қасым хандығына уақытша ешкім бекітілмей, тек 1585 жылы Ахмед ханның тағы бір шөбересі Мұстафа-Әли келді. 1600 жылы ол қайтыс болғаннан кейін таққа қазақ ханзадасы Ораз-Мұхаммед отырды. Ол біршама тәуелсіз саясат жүргізіп, 1605-1610 жылдары Қасым хандығын жеке мемлекет етуге ұмтылды. Бірақ 1610 жылы өлтірілді. Ораз-Мұхаммед өлтірілгеннен кейін билікке Көшім ханның немересі Арслан (1610-1627) және оның ұлы Сейіт-Бұрхан (1627-78) келді. Сейіт-Бұрхан 1653/55 жылы шоқынып Василий деген ат алды, бірақ тақтан түскен жоқ. Қасым хандығы халықты күштеп шоқындыра бастады. Жергілікті халық шоқынудан бас тартып, миссионерлерді өлтірді. Бірақ соңғы ханның тұсынан бастап бүкіл билік орыс воеводаларының қолына көше бастады. Василий (Сейіт-Бұрхан) хан өлгеннен кейін Қасым хандығын 1681 жылға дейін ханның шөбересі Фатима-Сұлтан басқарды. Осыдан кейін хандық жойылып, воеводаға айналдырылды, 1708 жылы Қазан, 1767 жылы Рязань губернияларына қарайтын уезге айналды.
Хандықтың орталығы – Қасым қаласы болды. Ол үлкен тас қорғанмен қоршалды. Қалада қасым сарайы, мешіт (1700 жылға дейін сақталған), 2 кесене (мазар) болған. Оның біріншісін 1555 жылы Шах-Әли, екіншісін 1616 жылы Арслан патша салдырған. Сейіт-Бұрхан сарайы 19 ғасырға дейін сақталды. Қасым хандығы құрамындағы халық орыс деректерінде қасым татарлары деп жазылған. 19-ғасырда орыс тарихшылары олардың өздерін қазақпыз деп атағанын айтады. Олар Қасым хандығы халқының өздерін қазақ деп атауы этникалық ұғым емес, әскери тап, яғни, казак атауынан шыққан деп түсіндіреді. Олардың құрамында басты 4 тайпа (арғын, қыпшақ, жалайыр, маңғыт) болған. Қалған ру-тайпалар қағазға түспеген. Жалпы, Қасым хандығы әскерлері Ресейдің ішкі соғыстарына және сыртқы жорықтарына (Польшаға, Швецияға, Ливонға, т.б.) белсене араласып отырған.
«Қазақстан» ұлттық энциклопедиясы, 5-том