Ғалымдар Қазақ хандығының 550 жылдығына орай екі бірдей тың жаңалық әзірлеп отыр. Оның бірі – Қазақ хандығының негізін қалған Керей ханмен байланысты, – деп хабарлайды El.kz порталы.
Жамбыл облысының Мойынқұм ауданынан Керей ханның қыстауы болған жер табылды. Бұл жаңалықты ғалымдар тарихи-археологиялық экспедиция жұмысы кезінде ашты. Қазір олар толыққанды ақпар жинау үшін сол жерді зерттеуге кірісті.
Археологтар тұңғыш рет «Ұлы көштің жолы» атты жаңа карта жасап шығарды. Ғалымдар уақыттың тығыз болуына байланысты зерттеу жұмыстарын Жамбыл жерінен бастады. Олар Ұлы көштің Әулиеата өңірі арқылы жүріп өткен жолының картасын жасап шықты. Онда көштің бағыты, Қазақ хандығына қатысты жер-су атаулары, тарихи орындар мен археологиялық ескерткіштер түсірілген.
«Бұл ғылыми тұрғыдан қарағанда тарихи жаңалық деп айтуға болады. Осы уақытқа дейін бұл карта жасалған жоқ. Сапар барысында сол кезеңнің куәсі болған 4 қалашық пен 5 тарихи ескерткіш картаға түсіріліп, ғылыми сипаттама жасалды. Талас, Сарысу, Шу және Мойынқұм. Осы төрт аудан бойынша. Бұл енді негізінен Саудакент пен Қозыбасы арасындағы осы кезең болып табылады. Ал негізгі жаңалық Мойынқұм ауданындағы Хан тауында ашылды. Ғалымдар бұрын-соңды нақты ғылыми деректермен негізделмеген Керей ханның қыстауы болған жерді тапты. Бұл орта ғасырдағы және хандық дәуірдегі қазақ тарихы үшін тың жаңалық болып отыр», – деді М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ректоры Махметқали Сарыбеков.
Экспедиция мүшесі Мадияр Елеуовтің айтуынша, Қазақ хандығы кезіне жататын, тастан қаланған 8-9 бөлмеден тұрады. Қалыңдығы – 2 метр. Тастан қаланған қабырғасы бар.
Жақында осы зерттеу оралып, Тараз мемлекеттік университетінде «Қазақ хандығы мыңжылдықтар тоғысында: тарихи сабақтастық және қазіргі кезең» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Жиынға еліміздің және Германия, Үндістан, Қытай сынды бірнеше мемлекеттің тарихшы ғалымдары қатысты. Олар да бұл деректерге аса қызығушылық танытып отыр.
«Конференцияда естімеген тың жаңалықтармен таныстым. Өте маңызды жиын екен. Қазір Қытай Қазақстан, одан кейін Орта Азия елдеріне өте үлкен көңіл бөліп отыр. Әсіресе Жібек жолына. Егер қазақ тарихшыларынан бірлесіп зерттеу жұмыстарын жүргізу туралы ұсыныс түссе, қуана келісер едім», – дейді Пекин университеті археология және мұражайтану институтының профессоры Лин Мэйцунь.
Қазір ғалымдар Керей мен Жәнібек Хан тауында жерленуі мүмкін деген болжам айтуда. Оны анықтау үшін археологтар қайта зерттеу жүргізіп, экспедиция сапарын жалғастырып жатыр. Егер, осы деректер расталатын болса, мерейтой қарсаңындағы тың жаңалық болады.