- Негізгі бет
- Қазақ хандығы - 550 жыл
- Ежелгі халық жаудың...
Ежелгі халық жаудың жақындағанын Екі дің арқылы біліп отырған
Ежелгі халық жаудың жақындағанын Екі дің арқылы біліп отырған. Бұл туралы Қостанай облысында «Ұлы дала елі» экспедициясы барысында Екі дің ауылының әкімі Дулат Бейсенов мәлімдеді.
«Тастардан қашалып салынған Екі дің 6-8 ғасырға тиесілі. Екеуінің арасы шамамен 4 шақырымдай. Олар бір-біріне алыстан жақсы көрінеді. Ескерткіштер жаугершілік заманда орнатылған. Ол кезде бұл жерлерде қарауылдар отырған. Өзеннің бойы тегіс ел болған. Халық биікте, дөңде тұрған діңдерден жаудың келгенін біліп отырған. Яғни, қарауылдар жау келгенде діңнің ішінде от жағып, түтін шығарған. Діңдердің төбесі тесік болған, оның есігі бар. Жалпы, бұл төбешіктердің түрлі жорықтар кезінде пайдасы зор болған. Олар белгі беру үшін ғана емес, үстіне шығып, айналаны бір шолып шығу үшін де пайдаланылған. Қос ескерткіштің негізгі мақсаттары осы. Сондай-ақ, қарияларымыздың айтуынша, бұл әртүрлі кезеңде жауынгерлер мен сарбаздар бас қосып, жасақталатын жер болған», - дейді Дулат Бейсенов.
Оның айтуынша, жақын маңдағы ауыл да осы төбелердің құрметіне Екі дің деп аталған. Діңдердің биіктігі 3,5-4 метр, көлемі 12 қанаттты киіз үймен бірдей. Оларды кезінде академик Әлкей Марғұлан тексеріп, энциклопедияға енгізген екен. 1959 жылы Алматыда шыққан «Қазақстан архитектурасы» атты кітапта ғалым «Діңдердің» көне заманнан бері келе жатқанын айтады. Қазір бұл ескерткіштер мемлекет қорғауында.
Дереккөз: BNews.kz
С. Ерсін