Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхановтың шығармашылық мұрасы бүгінгі таңда дені тарихшылар мен әдебиеттанушылар тарапынан зерттеуге алынып, ал қайраткердің экономикалық көзқарасын ғылыми талдау ісі сәл кешеуілдеп қалғандай әсер қалдырады. Шын мәнінде, Әлекең алған базалық білімі тұрғысынан – экономист. Ол 1894 жылы Санкт-Петербургтің Императорлық орман шаруашылығы академиясының экономика факультетін бітірген. Тергеу материалдарында тіркелген жеке іс қағаздарының бірінде ол мамандығым «оценщик» деп те көрсетеді. Замандастары Әлекеңді қазақ жерінің, оның асты-үсті табиғи байлықтарының терең білгірі ретінде мойындаған.
Ә.Бөкейхановтың экономикалық көзқарасының қалыптасуы, әрине, оның Ф.А.Шербина (1896-1903 жж.) және академик С.П.Швецов (1903-1904 жж.) басқарған ғылыми-зерттеу экспедицияларына қатысуымен байланысты болды. Басқарушысының атымен аталған «Щербина экспедициясы» Семей және Ақмола облыстарындағы 10 уездің табиғи ортасы мен осы өңірдегі жұрттың шаруашылық жүргізу жүйесі мен мәдениетін зерттеуге алып, экспедиция материалдары көптомдық түрінде баспадан шығып, оның 4, 6, 9 және 11 томдары Ә.Н.Бөкейхановтың атсалысуымен жарық көрді. Көптомдық еңбектің 4-ші томы, мәселен, Павлодар уезіне арналып, томда берілген уез тұрғындарының мұнда келіп орнығу тарихын, ру және әулеттер шежіресін Әлихан Бөкейханов жазды. Сондай-ақ, ол Алтыбай және Қызылтау болыстары туралы очерктерді дайындауға қатысады.
Ә.Бөкейханов үшін әсіресе, нәтижелі болған оның академик С.П.Швецов басқарған Сібір темір жолы бойындағы аудандарды экономикалық тұрғыдан зерттеу экспедициясы еді. Бұл экспедицияға қатыса жүріп, ол қазақ қойына арналған монографиялық зерттеуін аяқтайды. Бұл қазақ қой шаруашылығы туралы алғашқы іргелі зерттеу еңбегі болатын. Қазақ қойы туралы бұдан бұрын да (мәселен, А.И.Добромыслов ж.б.), кейін де зерттеу жұмыстары болған. Дегенмен, Әлекеңнің зерттеуі қазақ қасиет тұтатын мал тұқымы туралы тереңдігімен, нәзік те жан-жақтылығымен ерекшеленеді.
Енді өз ретімен осы еңбектерге қысқа болса да тоқталып өтейін. Сонымен, Павлодар уезі халқының тарихына байланысты Әлекең еңбегінен бүгінгі біздер үшін де қызықты мынадай тарихи деректерді кездестіреміз. Кереку (жергілікті халық бұл өңірді осылай атайды) өңірі ілгері замандардан мал шаруасына және егіншілікке қолайлы, жері құнарлы, елге құтты мекен болған. Сондықтан да бұл өңір үшін түрлі этникалық қауымдар арасында үзіліссіз күрес жүріп отырған. Сондай қарулы қақтығыстардың соңғысы ХVIII ғасырда қазақтар мен қалмақтар арасында жүргендігін ел ішінде сақталған ауызекі әңгімелерден байқауға болады.
Осы ХVIII ғасырда жоңғар қалмақтарын Кереку өңірінен біржола ығыстырған қазақтың арғын, қыпшақ және найман тайпалары мынадай аудандарға орналасады. Қыпшақтар уездің солтүстік аймағына Ертістің оң және сол жақ бетіне, наймандар болса жеке ауыл-ауыл болып түрлі рулардың арасына шашырай орын теуіп, ал уездің қалған бөлігіне арғын тайпасының мейрам, бәсентиін, қанжығалы және сондай-ақ, уақ-керей бұтақтары қоныстанады.
Ф.А.Шербина экспедициясы материалдарының VI томы Қарқаралы уезіне арналған. Осы томға кіріспе жазған белгілі зерттеуші-ғалым Л.К.Чермак бұл томды әзірлеу ісіне Ә.Бөкейхановпен бірге Мәжит Шомбалов, Ережеп Итбаев, У.Әбішев, Д.Сатыбалдин сияқты қазақ зиялыларының да атсалысқанын, сонымен бірге, бұл томдағы материалдарды баспаға даярлауда Әлихан Нұрмұхамедұлының ерекше үлесі болғандығын жазады.
Әлихан Нұрмұхамедұлының еңбектерінде осы сияқты тарихи фактілер молынан кездеседі. Міне, бұл баяндалған мағлұматтар қайраткердің ел өмірінен соншалықты терең хабардар болғандығының айғағы еді. Әлекеңнің қайраткерлік тұлғасының соншалықты биікке көтерілуінің бірден-бір сыры туған елінің жүріп өткен жолын терең біліп қана қоймай, сонымен бірге, оны мұқият ой елегінен өткізгендігіне байланысты болса керек.
Әлихан Нұрмұхамедұлы қазақ халқының дәстүрлі мал шаруашылығының артықшылықтары мен әлсіз жақтарын терең әрі нәзік түсінген ғалым болды. Ғалымның бұл реттегі сұңғылалығына оның қой шаруашылығына арналған монографиялық зерттеуінің 2-ші тарауымен таныса отырып көз жеткізуге болады. Тарауда жасалған тұжырымдар Семей, Ақмола және Торғай облыстарына қарайтын 12 уездегі қазақ қожалықтарын статистикалық тұрғыдан зерттеу арқылы алынған.
Әлекең қазақ жеріндегі қой шаруашылығын Ресейдің малға бай деген Астрахань, Таврия губернияларындағы және Дон облысындағы жағдаймен салыстырады. Мәселен, 1897 жылға тиесілі көрсеткіштер бойынша:
Астрахань губерниясында 1 адам басына шаққанда – 2,45 бас қой;
Таврия губерниясында – 1,80 бас қой;
Дон облысында – 1,05 бас қой өсірілген.
Ф.А. Щербина экспедициясының көрсетулері бойынша бұл көрсеткіш:
Семей облысында – 5,47 бас;
Ақмола облысында – 3,93 бас қойдан келген.
Осы көрсеткіштерге сүйене отырып Әлекең: қазақ даласы тұрғындарының қажетіне өсірілетін қой саны Еуропалық Ресейдің ең малға бай деген губернияларынан анағұрлым асып түседі деген тұжырым жасайды.
Осы тарауда Әлекең қазақ қойларына сипаттама бере отырып: «Ақ қойды қазақ байлары өсіреді, өйткені, ақ қойдың жүнінен қазақтың бай киіз үйіне қажет ақ киіз даярланады. Бірақ ақ қой аязды қысқа төзімді емес. Яғни орта және кедей қазақ қожалықтарына ақ қой өсіру тиімсіз, сондықтан да бұл қожалық иелері қою түсті қой өсіруге бейім. Қазақ қойларының басым бөлігі боз және қоңыр болып келеді», – деп жазады.
Әлекең қазақ қойына берген сипаттамасын мынадай сөздермен аяқтайды: қазақ қойы бұл жануар туралы айтылатын ғайбат сөздерге лайық емес. Қазақ қойының кеңістікте өзін еркін сезінуге мүмкіндік беретін ғажап ес-жады бар. Мәселен, жас қозы жаңа жайылым іздеп 10-15 шақырым ұзап, шыққан жеріне оңай-ақ оралады. Әккі қойлар күзгі және қысқы жайылымдардағы құнарлы оты бар жерлерді жақсы айыра біледі, бұл ретте малшылар қалың қарлы қыста қойдың тапқырлығына сүйеніп қардан аршып алатын жайылымдарды анықтайды.
Әлекеңнің қазақ малына берген мінездемесі осындай тереңдігімен және жылылығымен ерекшеленеді. Жоғарыда аталған ғылыми-зерттеу экспедицияларына қатынасуы, сондай-ақ, ғұлама ғалымның кейінгі байқаулары мен зерттеулері оны қандай тұжырымдарға жетеледі?
Жергілікті халықтың дәстүрлі шаруашылығын, жер қорын пайдалану жүйесі мен мәдениетін зерттеу арқылы орталық үкімет орындарына нақты ұсыныстар әзірлеу үшін ұйымдастырылған бұл экспедиция жұмыстарына қатынасу барысында Әлихан Нұрмұхамедұлы қазақ даласына байланысты империялық биліктің көздеген мақсатын бұрын өзі байқай бермеген жаңа қырынан таныды. Үкіметтің таяу арада қазақ жеріне байланысты стратегиялық шараларды іске асыруға қауырт дайындық үстінде тұрғанына көзі жетті.
Соның нақты көрінісі үкіметтің қазақ көшпелі және жартылай көшпелі қожалықтарын жаппай отырықшы өмір салтына аудару ісін қолға ала бастауы еді. Ә.Бөкейханов қатынасқан екі экспедицияның көздеген ортақ мақсаты орта қазақ қожалықтарын отырықшы өмірге аударуға қажет болатын жер нормасын анықтау болатын. Қазақ қожалықтарын отырықшы өмірге аудару өз ретінде патшалық билікке қалған қазақ жеріне ішкі губерниялардан мыңдаған орыс шаруаларын көшіріп әкеліп қоныстандыруға жол ашатын еді.
Ресей үкіметі қазақ даласына ғылыми-зерттеу экспедицияларын шығара отырып, осымен бір мезгілде, яғни 1896 жылы Ішкі істер министрлігі жанынан Қоныс аударту басқармасын (Переселенческое управление) ашты. Қазақ жерінен ішкі Ресейден келетін переселендер үшін алты аудан, яғни Торғай, Орал, Ақмола, Семей, Сырдария және Жетісу переселен аудандары белгіленді. Осы өңірлердегі егіншілікке жарамды құнарлы жерлер ішкі Ресейден қоныс аударып келгендерге үлес ретінде берілуге тиіс болды.
Басқаша айтқанда, XX ғасырдың басындағы Ресей үкіметінің есебі бойынша қазақ жері, біріншіден, империяның ішкі губернияларындағы жер тапшылығын шешуге мүмкіндік туғызатын құрал болса, екіншіден, оның батыс мемлекеттерімен кезекті технологиялық текетіресінде өнеркәсіптік бай шикізат көзіне айналуға тиіс еді. Ал әлемдік күштердің өзара қарсыласу процесі барысында империя құрамындағы кіші этникалық құрылымдардың табиғи мүддесі мен мәдени құндылықтары соншалықты жоғары мәнге ие бола алмайтындығы о бастан белгілі. Қазақ елі, оның табиғи және адами әлеуеті Ресейдің батыс мемлекеттерімен текетіресінде күш қоры (резерв) міндетін атқаруға тиіс болды.
Міне, осындай жағдайда қазақ қоғамының мұндай ауыр сыннан өту мүмкіндігі қандай, ентелеп еніп келе жатқан капитализм сұраныстарына қазақ жұрты немен жауап бере алады деген сауалдар туындады. Әлихан Нұрмұхамедұлын да қинаған осы сауалдар еді.
Ұлы далада шашыранды орналасқан елдің алдынан көлденең тартылған мұндай күрделі сауалдарға иланымды жауап табу оны іздеушіден үлкен ыждағаттылықты, теориялық даярлықты және зор жауапкершілікті талап еткен еді. Бұған қосымша, Әлекеңнің өзі айтқандай, ұлтына қызмет жасаймын деген тұлғаға біліммен бірге, сондай дәреже-деңгейдегі мінез де қажет етіледі. Ал Әлихан Нұрмұхамедұлы, Жаратушы осы екі қасиетті молынан берген, ерекше тұлға еді. Өзіне тарих жүктеген мұндай міндетті ол ең жоғарғы деңгейде орындап шықты. Оның табанды ізденісінің нәтижесінде қазақ шындығына сүйенген және елдің ортақ ұстанымы болуға лайық, стратегиялық тұрғыдан дәлелді шешім өмірге келді. Енді осы ұстанымның басты элементтеріне тоқталайын.
Әлекеңнің пікірінше, мал басын асылдандырып, тиімді мал шаруашылығына көшу қазаққа да жат емес. Ә.Бөкейханов алдымен патшалық биліктің, кейінірек кеңестік биліктің қазақ елін тез арада отырықшы тұрмысқа аудару жобасына үзілді-кесілді қарсы шықты. «Мал шаруасы тымақ емес, төре келе жатыр деп қолға ала қоятын», – деп жазды ол.
Кеңес өкіметінің қазақ қожалықтарын ешқандай да даярлықсыз, бірнеше жылдың төңірегінде отырықшы тұрмысқа аудару әрекетін ол ұлт өміріне жасалған эксперимент ретінде бағалады. Яғни, эксперименттер лабораторияларда жүргізілмек, ал адамдар қоғамын эксперимент кеңістігіне айналдыру қоғам үшін нағыз трагедияға айналуы әбден мүмкін екендігін ескертті.
Әлихан Нұрмұхамедұлы және оның серіктері Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлы «Қазақ» газеті арқылы қазақ халқын патша әкімшілігінің әрбір отбасындағы ер адамға 15 десятинадан жер үлесін алып, отырықшы тұрмысқа өтуге шақырған шараларына мойынсұнбай, қарсылық көрсетуге шақырды. Бұл ретте ол башқұрт халқының ауыр тәжірибесінен сабақ алуға үндеді. Егіншіліктің қыр-сырынан бейхабар жұрт әуелде әкімшілік орындарының үгітіне сеніп, ер басына он бес десятинадан жер алуға келісіп, соңынан отырықшы тұрмысқа бірден көндіге алмастан, алған үлесін көрші орыс мұжығына қант-шайға айырбастап, ең соңында өз Отанында жер иелігі жоқ босқынға айналған еді.
Алдымен патшалық билік тұсында, сонан соң кеңес өкіметі жағдайында Әлихан Нұрмұхамедұлы бастаған қазақ зиялылары биліктен қазақ жеріне ішкі Ресейден орыс шаруаларын көшіріп әкеліп қоныстандыру шараларын тоқтатуды талап етті. Бұл істе алаштық және кеңестік ұстанымдағы ұлт зиялылары ауызбірлік танытты, бір үрдістен шығып отырды. Метрополия тарапынан жүріп жатқан отарлау саясаты жағдайында алаштық ұстанымдағы зиялылар жерге жекеменшік енгізу саясатына үзілді-кесілді қарсылық танытып, жерді қауымдық меншік түрінде пайдалану тиімді екендігін дәлелдеуге күш салды.
Аграрлық сектордың тез дамуын қамтамасыз ету үшін жеке шаруалар ерікті кооператив болып ұйымдасқаны тиімді екенін Дания елінің тәжірибесімен дәлелдеп бағып еді Әлекең. Халқының бірегей сауаттылығы негізінде бүкіл Данияға тараған кооперация қозғалысы бірлескен еңбек тиімділігін арттырып, елді тез арада байытуға негіз болды. Архив материалдарына қарағанда, «Алаш» автономиясы құрылғанға дейін Торғай облысындағы Уақытша үкіметтің комиссары дәрежесіндегі Әлекең ауылды кооперациялауды пәрменді түрде қолға алып, бұл шара соңынан Қазақ-Алаш автономиясына кірген 10 облыстың бәрінде де қарқынды жүргізілгенін атап өту керек.
Жер мәселесі Алаш партиясының бағдарламасында жеке тарау ретінде берілді. Онда, мәселен, негізгі заңын жасағанда жер сыбағасын алдымен жергілікті жұртқа берілсін, қазақ жер сыбағасын отырған жерлерден алып орналасқанша қазақ жеріне қоныс аударушылар келмесін…», – деген жолдар бар еді.
1914 жылы желтоқсан айында Орынборда Әлихан Бөкейханов басшылығымен өткен ІІ Бүкіл қазақ съезі қазақ мемлекеттігін Алаш форматы ретінде ұсынған болатын. Сол құрылтайда бірауыздан ұйғарым қабылдап: «Алаш автономиясының 10 облысының жер асты-үстінің байлығы, жер-су, пайдалы қазбалары бөлінбес Алаш меншігінде», деп бекітілген болатын. Бұл ұйғарым келешек Қазақстанның алдыңғы қатарлы мемлекет болып қалыптасып, өсіп-өркендеуінің негізі боларына толық кепіл, сенім артылған-ды.
Сол кезеңдегі Алаш автономиясы көсемдерінің бірегейі А.Байтұрсынұлы асқан көрегендік танытып: «Халық өз заманына сай мамандық меңгеруі тиіс, өз жерінің байлықтарын игілікке айналдыра алатындай дәрежеге көтерілуі тиіс. Алдыңғы қатарлы техниканы игеруі тиіс. Олай етпесек, біз басқа елдің отары боламыз», деп бірінші Қазақ ұлттық университеті – қазіргі Абай атындағы ҚазҰПУ-дің 1928 жылғы ашылуында жар салған еді. Ал одан бұрынырақ (1918 ж.) Әлихан Нұрмұхамедұлы келешек жас мемлекетіміздің алдында тұрған өрелі мақсаттары туралы: «Үстіміздегі ХХ ғасыр – өркениет бәсекелестігінің заманы. Бұл уақытта күн астындағы орын үшін күреспейтін һәм мәдениетке талпынбайтын ұлттың табылуы кәдік… Қазіргі әлемдік соғыста ғылым үстемдік алды. Күнделікті өмірде… ғылым айқындаушы күшке айналды. Білімсіз халық өркениет қалтарыстарында қалып қоятынын айтып жату артық. Өз мәдениетін сақтау, барлық жақсы нәрселерді игеру жолындағы күреске қазақтар да қосылды… Бізге білімді, тәжірибелі саясатшылар, жоғары білікті мамандар қажет. Бізге фабрикалар, зауыттар, шаруашылық ұйымдары, кооперативтер және басқа да көп нәрселер керек. Мұның бәрі білімді қазақтарды қажетсінеді. Мұның бәрі бір күнде немесе бір жылда пайда болмайды. Осының бәрін өмірде жедел іске асыру үшін жіті жоспарлау, мамандардың бейнетті еңбегі, ауқатты азаматтардың қаржысы керек және істі дереу қолға алу керек» деп жазған еді.
Бұдан бір ғасыр бұрын ел мүддесін, халық болашағын көксеген ұлт көсемі, ұлы қайраткер Әлихан Бөкейхановтың бағдары бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның өркениетті елдер санатына құлаш ұрған дәуірінде шешімін табуда десек, жаза баспағанымыз. Оған кепіл бүгінгі таңда жүзеге асырылып жатқан Ұлт Жоспары. Бес институттық реформа, оларды орындаудағы 100 нақты қадам. Осының негізінде тәуелсіз Қазақстан дамыған 30 елдің қатарына қосылуға нақтылы пәрменділік жасап, Әлихан Бөкейхановтың, Алаш қайраткерлерінің ұлы бағдарын жүзеге асыруға кепілдік ететініне бүгінгі ұрпақ толық сенімді.
Аманжол Қошанов, «Егемен Қазақстан» газеті
Дереккөз: Ұлт.кз