Халықаралық "Хан Қорық" жастар фестивалінің қатысушылары Ұлытаудың тарихи ескерткіштері болып саналатын Алаша хан, Жошы хан және Домбауыл кесенелеріне барды. Аңыз желісіне сүйенсек, Алаша хан кесенесінде Хақназар ханның зираты болуы мүмкін, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
300-ге жуық тарихи ескерткіштері бар киелі Ұлытау өңірінде біз білмейтін аңыз көп. Олар әртүрлі топонимикалық атаудың келіп шығуы мен тарихи оқиғалар желісіне негізделген. Археолог мамандар Алаша хан кесенесінің ХV ғасырдың соңында салынғанын айтады. Қазақ хандығы құрылған кезеңге тура келетін сәулет құрылысы халық ойлағандай ханның зиратын қою мақсатында салынбаған. Ғалымдардың пікірінше, кесене тарих сахнасынан орын алған жаңа хандықтың символы ретінде салынды-мыс. Десе де ғалымдардың сөзіне қарама-қарсы пікірлер де бар.
Алаша хан кесенесінің астында көненің көзі білетін көне қорым бар болуы мүмкін. Кесене сол тұлғаның әруағын сыйлау үшін салынған. Кейін кесене ішіне Хақназар ханды жерлеген.
Көне заманда Тұран патшаның баласы алапесті болып туған. Патша баласынан намыстанып, оны нөкерлерімен бірге адам аяғы баспайтын жазық далаға жөнелтеді. Бала есейген соң сол жердегі халықты басқарады. Халық арасында Алаша хан деген атпен танылады. Бұл бетінің «алапес» болуымен байланысты болса керек. Кей ғалым оның Батыс Түрік қағанатының көсемі екендігін айтады. Кесенеде жерленгені туралы нақты тарихи дерек болмаса да, сол жердің жергілікті тұрғындары бұл деректі растауда. Расымен де бұл кесене туралы түрлі аңыз бар. Сәулетшілер кесененің күмбезі мен құрылысына қарап, тарихи ескерткіштің XV ғасырда салынғанын айтады. Кесене өзіне дейін тұрған қорымның үстіне тұрғызылған. «Зират VIII-IX ғасырлар арасында салынған болуы мүмкін. Себебі Батыс Түрік қағанаты осы дәуірде билік жүргізген», - дейді "Ұлытау" ұлттық тарихи, мәдени және табиғи қорық мұражайының директоры Қожахметов Бақтияр.
Айта кетсек, Алаша хан кесенесі Қарағанды облысы Сәтпаев қаласының солтүстік-шығысына қарай 80 шақырымдық жерде орналасқан. Ал Алаша хан кесенесінен шығысқа қарай 12 шақырым жерде Домбауыл, 8 шақырым қашықтықта Жошы хан кесенесі орын тепкен.
Ұлытау – қазақ руларының басын қосқан мекен. Жошы ұлысы орналасқан Алтын Орда империясының алғашқы астанасы Орда Базар да (1224-1254 ж.ж.) осы жерде болған. Жошының Ұлытау өңірінде жаңа қала көтеруді мақсат етуі де бұл өлкенің ерекшелігін танытады.
Домбауыл – Жошы ханның бас уәзірі. Ол өз атымен аталған кесенеде жерленбеген. Жошының өлімі туралы Шыңғысқа естіртуге дәті шыдаған Кетбұға жырау оның баласы. Археологиялық зерттеулердің нәтижесі Домбауыл кесенесінің оғыз бен қыпшақтардың ғибадат орны болғанын дәлелдеді. Мұнда қыпшақ тайпалары келіп, құрбандық шалған. Бұл кесене – Тәңірге табынушылардың ғибадат орындарының бірі.
«Хан қорық» фестиваліне қатысушы студенттер жергілікті халық аузында тараған көне аңыздарды өлкетанушы ғалымдардың өздерінен тыңдады. Тың мәліметтер алып, өлкеге деген қызығушылықтары арта түсті.
Айта кетсек, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі мен Қазақстан Ұлттық географиялық қоғамының бастауымен ұйымдастырылған халықаралық "Хан Қорық" жастар фестивалі тағы үш күнге жалғасып, фестиваль қатысушылары Ұлытаудың ең биік шыңы Әулиетауды бағындырады.
Аңыз бойынша, шыңның осылай аталуы Асан қайғының есімімен байланысты-мыс. Ендеше Асан қайғы іздеген Жерұйық осы Ұлытау болғаны бек мүмкін. Бұл туралы толық мәліметті келесі мақалаларымыздан оқи аласыздар.