24 қазан күні Нұр-Сұлтан қаласында ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин, ҚР ҰКП Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаев, мемлекеттік органдар және еліміздің 17 өңірінен бизнес-қоғамдастықтар атынан делегаттардың қатысуымен "Атамекен" ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Төралқасының VI Съезі өтті.
Съезд барысында бизнестің негізгі мәселелері айтылды. ҚР ҰКП Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаев қазіргі таңда Ұлттық палата нақты секторды қаржыландыру қолжетімділігі жөнінде Ұлттық банкпен келіссөздер жүргізіп жатқанын мәлімдеді.
"Қаржыландыру мәселесі әлі де өзекті, сондықтан Ұлттық банкпен нақты секторды қайта қаржыландыруды іске қосу және қаржыландырудың қолжетімділігін талқылайтын боламыз", – деп мәлімдеді Тимур Құлыбаев.
ҚР Ұлттық банкінің деректері бойынша 2019 жылдың 9 айы ішінде заңды тұлғаларды несиелеу үлесінің бүкіл қарыз беру портфелінен 11%-ға 7,9 трлн теңгеден 7 трлн теңгеге дейін қысқарған. Осы ретте 2019 жылдың 8 айы ішінде шағын және орта бизнесте несиелеу көлемі 20%-ға, 4,9 трлн теңгеден 3,9 трлн теңгеге дейін қысқарды. Банк несиелерінің ЖІӨ-дегі үлесі 2007 жылғы 56,5 пайыздан 2018 жылы 22 пайызға төмендеген.
"Елімізде несиеге қажеттіліктің өскенін көріп отырмыз. Осы ретте инфляциялық таргеттеу бар десек те, жалақылар өсіп жатқан жоқ. Сондықтан мәселелердің осы кешенін Үкімет және Ұлттық банкпен талқылап, нәтижесін бизнес-қоғамдастыққа хабарлайтын боламыз", – деді Тимур Құлыбаев.
ҰКП сарапшылары тұтынушылық мақсаттағы жаңа несиелер үлесі 2,7 пайызға артқанын атап өтті. Осылайша тұтынушылық несиелер екінші деңгейлі банктермен берілген жаңа несиелердің жалпы көлемінде 29,8 пайызды құрап отыр.
Съезд барысында осы мәселелерді шешу бойынша шаралар белгіленді, атап айтқанда экономиканы қаржыландырудың әлеуетті көздері аталды. Осылайша Ұлттық банк, БЖЗҚ қаражатын және МЖӘ механизмі арқылы квазимемлекеттік сектордың депозиттерінің бір бөлігін білім беру, денсаулық сақтау объектілеріне, жол инфрақұрылымы және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамытуға пайдалану ұсынылды. Бұдан бөлек, несие алу кезінде "тұрақты кепілзат" ретінде ұлттық компаниялармен офтейк-шарттарды пайдалану ұсынылуда. Осы ретте мұндай келісімдер өндірістің бәсекеге қабілеттілігін арттыру (модернизация, қызметкерлердің жалақыларын жоғарылату, локализация және т.б.) бойынша бизнестің қарымта міндеттемелерінің орнына жасалуы тиіс.
"Бизнес-қоғамдастық көтерген мәселелер бойынша жұмыс тұрақты негізде жүргізіліп жатыр. Бизнеспен түрлі деңгейде көтеріліп жатқан барлық мәселелер бақылауға алынған. Осы бағытта жолға қойылған белсенді әрі өнімді диалог үшін Үкіметке алғыс білдіремін. Орын алған мәселелер тиімді шешілуде", – деп қорытындылады Тимур Құлыбаев.