Елімізде 2008 жылдан бастап мемлекеттік бақылау мен қадағалау реформасы жүргізіліп келеді. 2015 жылы «Кәсіпкерлік қызметке арналған жағдайды түбегейлі жақсарту үшін кейбір заңнамалық актілерге өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қабылданып, жоспарлы тексерулер ерекше тәртіпте тексеру жүргізу мен іріктемелі тексерулерге алмастырылды.
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есеп жөніндегі комитетінің 2013-2016 жылдардағы мәліметтеріне сүйенсек, жаңа тәсілдерді енгізу бизнестегі тексерулер санын 32% азайтуға мүмкіндік берген.
2016 жылы бизнеске жүргізілген тексерудің жартысынан көбі, атап айтқанда 102 302 тексеру немесе 54% жоспардан тыс өткізілген. Одан кейін 37% ерекше тәртіппен жүргізілген тексерулер болса, 6% – іріктемелі тексеру. Осылайша негізгі ауыртпалық жоспардан тыс және ерекше тексерулерден түсетіні анық көрінеді.
«Атамекен» ҰКП Қоғамдық мониторинг және әкімшілік кедергілермен жұмыс департаментінің сарапшысы Әсел Әмірғалинаның айтуынша құзырлы мемлекеттік органдардың бақылау механизмдерін жетілдіруде біршама ілгерілеу бар.
«Бүгінде кәсіпорындар тәуекелдің деңгейі бойынша үш санатқа жатқызылады: тәуекелі жоғары, орташа және төмен. Бизнесті тексеру азайтылса да, жоспардан тыс тексерудің көрсеткіші жоғары. Тұтынушылар құқығын қорғау, салық, еңбек инспекциясы, құрылыс бойынша органдар, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық қызметі мен әкімдіктер де тарапынан жүргізілетін тексеру көп. Салық органдары 2016 жылы 24 мың тексеру жүргізсе, оның жартысынан астамы жоспардан тыс жүзеге асырылған. Тіпті кәсіпкерліктің 1 субъектісін жылына шамамен 50 рет тексергені анықталды», – дейді Әсел Әмірғалина.
2016 жылы 71 823 тексеруді тұтынушылардың құқығын қорғау органдары жоспардан тыс жүргізсе, салық органдары 24 782 тексеруге барған. Өртке қарсы қызмет – 31 650, еңбек инспекциясы – 7 666, жер ресурстарын басқару органдары – 8 968, құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы – 5 640, әкімдіктер 4 487 тексеру жасаған.
«Біз елімізде бизнес жүргізу жағдайын тұрақты түрде жақсарту керек дегенді үнемі сөз етіп жүрміз. Оның ішінде тексерулер саны мен бақылау іс-шараларын азайту, мемлекеттік органдардың кәсіпкерлік қызметін бақылаудағы тиімділігі төмен функцияларын қысқартуды айтып келеміз. Еліміздің жалпы ішкі өніміндегі шағын және орта кәсіпкерліктің үлесі – 26,8%. Егер дамыған елдердің көрсеткішін алар болсақ, олардың экономикасындағы шағын және орта бизнес кемінде 60% құрайды», – дейді «Атамекен» ҰКП Шағын және орта бизнесті дамыту департаментінің директоры Дінмұхаммед Әбсаттаров.
Мысалы Жапонияда шағын және орта кәсіпкерліктің жұмыспен қамту секілді әлеуметтік маңызды шешудегі үлесі 70-75%-ға дейін жетеді. Ал Қазақстанда бұл көрсеткіш еңбекке қабілетті халықтың жалпы санының 37,5% деңгейінде.
Елімізде бизнесті қолдау, мемлекеттік органдар тарапынан тексеруді азайту шаралары қабылданғанына қарамастан шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны айтарлықтай азайған. ҚР ҰЭМ Статистика комитетінің ресми мәліметі бойынша 2016 жылдың басынан 2017 жылдың тамыз айына дейін ШОБ субъектісі 132 591-ге дейін төмендеген. 2017 жылдың шілде айындағы көрсеткіш бойынша еліміздегі ШОБ субъектілерінің 66,3% жеке кәсіпкерлер құраса, 17,2% шағын кәсіпкерлікке тиесілі, ал шаруа қожалықтары – 16,3%.
Дегенмен жеке кәсіпкерлер саны өткен жылмен салыстырғанда әлдеқайда азайған. 2016 жылдың 1-жартыжылдығымен салыстырғанда Алматы қаласында тіркелген жеке кәсіпкерлер саны 33,8%-ға күрт төмендеген. Шығыс Қазақстан (12,9%), Қарағанды (11,2%), Оңтүстік Қазақстан облыстарында да (6,2%) азайғаны анықталған. Бірақ шілде айындағы мәліметке сүйенсек, Алматы мен Астана қалаларында тіркелген заңды тұлғалар санының артқаны көрсетілген. Алматыда 10 823 бірлікке өссе, Астанада 7 397 заңды тұлға тіркелген.