- Негізгі бет
- Кәсіпкер
- Отбасылық бизнес бастағыңыз...
Отбасылық бизнес бастағыңыз келе ме?
Шет мемлекеттерде отбасылық бизнес экономиканы құрайтын салалардың бірі болып саналғанымен, біздің елімізде айтарлықтай дамымаған. Отандастырымыз ақшаға бола туыстық қарым-қатынасты бұзып алмас үшін жақындарымен бірлесіп, қандай да бір кәсіпті бастауға секемдік танытады. Дегенмен, әлемдік статистиканың көрсеткіші мүлде басқа. Шет елдерде жалпы ішкі өнімінде отбасылық бизнестің қосқан үлесі басым. Мысалы, АҚШ-та әрбір бесінші компания отбасылық бизнеске жатса, Еуропа елдеріндегі, Жапониядағы компаниялардың 80%-ы туыстардың ортақ кәсібі саналады. Ал Үндістандағы кәсіпорындардың 95%-ы отбасылық бизнеске тиесілі.
Осы ретте Алматыда отбасылық бизнесті дамытуға ынталандыратын жаңа жоба қолға алынды. Кәсіпкерлікті баулудың жаңа қыры жайында Қазақстандағы отбасылық бизнес қауымдастығының өкілі Яна Исакова ой бөлісті.
«Біз бизнес пен туыстар байланыспайды деген таптаурын пікірді жою үшін «Династия» жобасын қолға алдық. Елімізде мұндай тренингтер алғаш рет өткізіліп отыр. Жобада кәсіпкерлік негіздері ғана емес, серіктестермен, яғни туыстармен қарым-қатынасты сақтай отырып жұмыс пен табысты қалай бөлу керектігі үйретіледі. Жиі орын алатын қателік келісімшарт тараптардың құқықтары мен міндеттерін атап көрсетпеуінен туындайды. Сонымен қатар отбасылық кәсіпорын – әдетте ұзақ жылға есептелген бизнес екенін ұмытпаған жөн. Осы ретте аз ғана табысты емес, компанияның абыройын есте сақтаған абзал», – деп атап өтті Қазақстандағы отбасылық бизнес қауымдастығы үйлестіру кеңесінің төрайымы Яна Исакова.
Оқу Алматыда 28 қазанда басталады. Кездесу алты апта бойы әр жұма сайын өтеді. Жобаға қатысу тегін. Өңірлердегі ағайын тренингке онлайн қатыса алады.
«Династия» жобасы Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасының қолдауымен жүзеге асырылып отыр. Алматы қалалық кәсіпкерлер палатасының жанынан жұмыс істеп отырған Іскер әйелдер кеңесі төрайымының орынбасары Ақеркін Ералиева атап өткендей, отбасылық бизнес кәсіпкерлікпен бала кезден-ақ танысуға мүмкіндік береді.
«Бизнесті жалғыз адамның дамытуы қиынға соғады. Бұл жоба серіктестермен жұмыс істеуге, келісім жүргізуге, міндеттемелерді бөлуге, ең бастысы, қолда бар мүмкіндіктерді пайдалануға үйретеді. Қазақстанда сәтті жұмыс істеп тұрған бизнесте туыстарын жұмысқа алған компаниялар жеткілікті. Ал біз бірлесіп шағын және орта бизнес ашу туралы айтып отырмыз. Мысалы ерлі-зайыптылар, ағалы-қарындас, әпке-сіңлілер, ата-аналары мен балалары бірлесіп бизнес ашып отыр. Туыстар ең адал инвестор да бола алады», – деп ой бөлісті Ақеркін Ералиева.
Осы ретте отбасылық бизнестің үлгісі ретінде Серік және Анар Ахметовалардың кәсібін атауға болады. Төрт жыл бұрын ерлі-зайыптылар «La Peri» капронды колготки шығарумен айналысуды бастады. Олардың өнімдері еліміздегі ірі супермаркеттерде қойылған. Отбасылық бизнес иелері мемлекеттік бағдарлама арқылы берілген жеңілдетілген несиеге жаңа жабдық сатып алып, айына 100 мың колготки шығаруды жоспарлап отыр.
«Бізден ұрыс-керіске жол бересіздер ме?» деп жиі сұрайды. Себебі тәулік бойы біргеміз ғой. Кейде дауласып қалатын сәттер болады, бірақ бірге жұмыс істей отырып бір-бірімізді емеуріннен-ақ түсінуді үйрендік. Бүкіл әлемде колготкидің дизайнымен және тіпті оны тоқумен ерлер айналысатын үрдіс қалыптасқан. Сондықтан мен өндіріске жауап беремін, ал Анар сату жағын қолға алды. Біздің үш баламыз бар. Олардың да осы ісімізді жалғастырғанын қалаймыз. Үлкен ұлымыз университетте оқиды, бизнеске де жәрдемші. Сайтты дайындауға, қаптаманы безендіру мен жалпы дизайнды жасауға үлес қосты», - деп баяндады Серік Ахметов.
Отбасылық бизнесті сәтті жүргізіп отырған ерлі-зайыпты Серік пен Анар «Династия» жобасына спикер ретінде шақырылды.
Қарлыға Телман
М. Ақан