- Негізгі бет
- Кәсіпкер
- Масктің байлығы 200...
Масктің байлығы 200 миллиард доллардан асты
Жақында ғана әлемнің ең бай адамына айналған SpaceX пен Tesla компаниясының басшысы Илон Масктың байлығы 200 миллиард доллардан асты. Бұған Bloomberg Billionaires Index (BBI) миллиардерлер рейтингі дәлел.
Рейтингке сәйкес, Масктың байлығы тағы 14,5 миллиард долларға көбейіп, жалпы 209 миллиард долларға жетті. Маск 7 қаңтарда Джефф Безосты басып озып, Tesla акцияларының 5,38 пайыздық өсуіне айырбастап, әлемдегі ең бай адам атанған еді. Сол кезде кәсіпкердің дәулеті 188,5 миллиард долларға бағаланған.
Екінші орында 186 миллиард доллармен Amazon құрылтайшысы Джефф Безос, үшінші орында 134 миллиард доллармен Microsoft компаниясының негізін қалаушы Билл Гейтс тұр.
Үздік бестікке Louis Vuitton Moët Hennessy Group президенті Бернард Арно 117 миллиард доллармен және Facebook негізін қалаушы Марк Цукерберг 101 миллиард доллармен енген.
Бұған дейін Масктің Марста қала салу үшін өзінің барлық мүлкін сатуға шешім қабылдағаны туралы хабарланған болатын. Кәсіпкер өзінде компаниялардың акцияларынан басқа құнды мүлік қалмайтынын мәлімдеген.
Миллиардер Марстағы құрылыс үлкен инвестицияларды қажет екетінін айтқан болатын.
Bloomberg-тің бағалауы бойынша, Масктің дәулеті бір жыл ішінде 100 миллиард долларға өскен.
Осы уақытқа дейін бірде-бір кәсіпкер бір жыл ішінде 100 миллиард доллар таппаған болатын. Ал Масктың қалтасы биыл сонша қаржыға қалыңдады. 49 жастағы Маск Силикон алқабындағы электромобиль шығаратын шағын компанияны әлемдегі жетекші автомобиль өндірушілердің біріне айналдыра алды. Оның SpaceX аэроғарыш компаниясы 2011 жылдан бері алғаш рет АҚШ астронавтарын орбитаға қайта шығарды. Маск кәсіпкер ретінде биыл автомобиль, аэроғарыш және технология нарығына айтарлықтай өзгеріс енгізе алды. Тесланың S&P 500 құрамына енуі Маскты әлемдегі бірінші бай адамға айналдырды.
Айта кетейік, Безос 2017 жылдан бері "ең бай адамдар" арасында көш бастап келе жатқан болатын.
Т. Раушанұлы