Статистика комитетінің мәліметі бойынша, республикада 637 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі адам тіркелген. Осы мұқтаж жандарды жұмыспен қамтамасыз етудің бір жолы – әлеуметтік кәсіпкерлік. Ал елдегі осы сала қолдауды қажет етеді.
Әлеуметтік қиыншылыққа тап болған топтың, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі, мүгедек, сотталған азаматтардың жұмысқа орналасуы өте қиын. Оларды жұмысқа үйрету, өмірге бейімдеу өзекті мәселе. Осындай игі іспен айналысып жүргендердің бірі – «Best for kids» қоғамдық қорының вице-президенті, Green TAL жобасының жетекшісі Эмин Әскеров.
Кез келген бизнес пайда табуды мақсат етсе, әлеуметтік кәсіпкерліктің басты көздегені – мұқтаж жандарды жұмыспен қамтамасыз ету. Мұнда қызметкерлер басқа саладағы әріптестері секілді жалақысын алады, түскен пайданы қайта айналымға жібереді. Ең бастысы – мұқтаж жандардың мүддесін қорғайды.
«Әлеуметтік кәсіпкерлік – табыс түскенін көздейді. Алайда ақша негізгі баюдың мақсатына емес, әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталады. Бұл салада ең әуелі қоғамдағы түйіткілді мәселені шешу көзделеді. Мысалы, көп балалы отбасылардан шыққан әлеуметтік жағдайы төмен жеткіншіктердің жаттығуына арналған орталықтар ашуға болады. Бұл – біріншіден, спортты дамытса, екіншіден, салауатты өмір салтын дәріптейді. Мұндай орталықтар өз алдына ақша тауып, дамып, кеңейіп жатса, міне, әлеуметтік кәсіпкерлік өз мүддесіне жетті деген сөз», – дейді жоба жетекшісі.
Маман әлеуметтік кәсіпкерлікпен айналысуда инновация, таралымды көбейту, бизнес қабілеттілікті дамыту басты ерекшелік деп көрсетеді. Жоба қоғамдағы мәселені шешуге бағытталатын, тың әрі жаңашыл болғаны маңызды және жоба туралы ақпарат жан-жақты таралу керек. Сонда ғана шығарылған өнім мен көрсетілетін қызметке сұраныс артады.
Қоғамдағы түйіткілді мәселелерді шешуге ат салысып жүретін Эмин Әскеров алдағы жоспарымен де бөлісті. «Жұмыс беруші мен жұмыс іздеушіні байланыстыратын бюро ашуды ұйғарып отырмыз. Әлеуметтік топ өкілдері жұмысқа орналасу үшін бізге өтінім бере алады. Сонымен қатар, жұмыс берушілермен де етене байланысамыз. Оларға мүмкіндігі шектеулі жандармен жұмыс істеудің қауіпсіз екендігі түсіндіріледі», – дейді ол.
Оның айтуынша, қазіргі таңда әлеуметтік кәсіпкерлікті тіркеудің нақты тәртібі жоқ. Өз ісін өрістетуге ниетті жандар жеке кәсіпкерлік немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестік ретінде тіркеліп жүр. Сондықтан, әлеуметтік кәсіпкерлік көбіне қоғамдық қорлардың жанынан құрылады.
Әлеуметтік кәсіпкерлік айналасында шешілмеген мәселелер де жетерлік. Осы сала туралы түсіндіру жұмыстары тұрақты жүргізіліп тұрса да, кеңес алуға баратындар санаулы. «Мұның екі себебі бар: бізде ізденуге деген құлшыныс жоқ немесе сондай кеңес беру орталықтарының қызметі туралы нақты ақпарат кең таралмаған», – дейді Эмин Әскеров ақпараттың аздығына қынжылып.
«Біздің елде әлеуметтік кәсіпкерліктің басталғанына небары 2 жыл толды. Ең үлкен мәселе – ол туралы нақты түсіндірме мемлекеттік деңгейде жасалмаған, белгілі бір заң жоқ. Мысалы, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға субсидиялар берілсе, оларды жұмыспен қамтып отырғандарға көмек берілмейді. Себебі бізде мемлекеттік деңгейде әлеуметтік кәсіпкерлікке арнайы түсініктеме беріп, анықтамасы заңмен бекітілмеген. Ресми ақпарат бойынша бұл саламен айналысатындар саны 120-ға жетеді, ал бейресми дерек бойынша 500-ден асып жығылады. Себебі, әлеуметтік кәсіпкерлік туралы ақпарат түсіндірілгенде, талай жылдан бері өңірлерде жұмыс істеп келе жатқан іскер азаматтардың өзі осы салаға қатысы бар екендігін түсініп, таңданыстарын білдіріп жатады», – дейді әлеуметтік мәселелерді шешуге ниетті Эмин Әскеров.
Дамыған мемлекетте әлеуметтік кәсіпкерлік ел экономикасына айтарлықтай үлес қосып жүр. Ұлыбритания мен Францияда жалпы ішкі өнімнің 10%-ы осы әлеуметтік кәсіпкерлікке тиесілі. Жалпы бұл сала батыста 30 жыл бұрын басталса, көрші Ресейде қолға алынғанына 8-10 жыл болды. Эмин Әскеров етелдік тәжірибелерден мысал келтіреді:
«АҚШ-қа іс-сапар кезінде әлеуметтік топ өкілдері, атап айтқанда эпилепсия, шизофрения дертіне шалдыққан жандар жұмыс істейтін зауытпен таныстым. Олардың ерекшелігі тапжылмастан ұзақ уақыт бір ғана нәрсемен айналыса береді. Сондықтан, зауытта адамның қабілетін анықтап, қолынан келетін жұмысты істетуге үйретеді. Бұл – мүмкіндігі шектеулі жандарды қоғамға шеттетпеудің, керісінше сіңістірудің бір әдісі. Зауыттан шыққан тауардың қаптамасында әлеуметтік жоба екені жазылып тұрады. Осы саланы дамытамын дегендерге Америкада мемлекеттік гранттар қарастырылған. Ал Англияда үйсіз-күйсіз жүрген жандар журнал сатып, үстінен түскен пайдаға күнелтеді. Бастапқы 10 журналды тегін алып, оны сатып болған соң тағы 10 журнал алып кетеді. Әлеуметтік жоба ретінде бұл керемет ұйымдастырылған».
Статистика комитетінің мәліметінше, 2015 жылы республика бойынша 637217 кембағал жан тіркелген. Оның ішінде 18 жасқа дейінгі азаматтар саны – 75712. Сонымен қатар, бас бостандығынан айрылғандар саны 40 мыңнан асып жығылыпты. Жоғарыдағы азаматтардың әлеуметтік жағдайы – мемлекет үшін өте өзекті. Ендеше, олардың қоғамға сіңісуі, жұмыс істеуі үшін әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуды мемлекет қолына алуы тиіс.
Қарлыға Мырзалимова