- Негізгі бет
- Кәсіпкер
- Кәсіп түйінін гүлмен...
Кәсіп түйінін гүлмен тарқатқан Айгүл
Бүгінде көрген-білген жаңалығын, көңіл-күйін танытатын суреттерді жариялайтын instagram әлеуметтік желісі электронды сауданың алаңына айналған. Сан түрлі суретті көрген жұрт жалғасқан парақшалардың бірінен біріне өтіп үлгереді. Осылайша іздеген дүниесін, қажеттісін тауып, тапсырыс беріп жатқаны да аз емес. Сол «инстаәлемде» әдемілік бұрышын қалыптастырған Айгүл есімді зергер қызбен таныстық.
Айгүл түрлі гүлдерді кептіріп, зергерлік бұйымдар жасайды. Раушан гүлінің бүр жарып келе жатқан түйнегін күміспен аптап, сырға мен алқаны шет елден алып келгенінде таңданғаным да, қызыққаным да есімде. Шалғай мемлекетте туристерді қызықтырып жатқан дүние өз елімізде де жасалатынына қуандым.
Осылайша «Өнеріне қарай – өрнегін, тірлігіне қарай – тірнегін» салып жүрген Айгүл Қасеновамен танысып, кәсібіне айналған соны дүние туралы аз-кем әңгімелескен едік...
– Айгүл, бұл өнерді қалай бастадыңыз?
– Қолөнермен айналысқанды ұнатамын. Тәтті торттар пісірумен айналысып, кездейсоқ, кептірілген гүл әшекейлері бар парақшаға тап болдым. Дәл осы өнер түрін ғаламтордан көріп, үйрендім. Себебі біздің елімізде арнайы дайындайтын мамандар жоқ. Дегенмен қызығушылығымның арқасында әуесқой қолөнершілер қатарына қосылдым. Әлеуметтік желілерде Алматыдағы, Ресейдегі қолөнершілермен байланысып, ақыл-кеңес алып тұрамын. Ғаламторда жасалған бұйымдардың сан түрлі суреті бар. Оларға қарап отырып, шабыттанамын, менің де жаңа тәсілмен, жаңаша түрдегі бұйым жасауға деген ықыласым ерекше оянады.
– Қандай бұйымдар жасадыңыз? Жалпы жасалу тәсілімен бөліссеңіз...
– Сырға, алқа, кітап парағын бөліп тұратын бетбелгі, сәнді түйреуіш секілді бұйымдар жасадым. Әрқайсысы өзінше ерекше, әрбірінен шабыт аламын, әшекейлер бірі-біріне ұқсамайды. Ең алдымен, әрбір гүл шоғын, дәндерді, жапырақтарды жинап, кептіріп алу керек. Одан кейін зергерлік шайыр немесе эпоксидті шайыр, қойылтатын қоспа мен арнайы фурнитуралар қажет. Бір бұйымды жасау үшін кемінде 2-3 ай уақыт кетеді. Себебі өсімдіктің кебуіне, одан кейін зергерлік шайыр құйылып, қалыпқа келгеннен кейін де кебуі керек, оның барлығына уақыт жұмсалады. Ал қажетті заттар біздің елімізде дайындалмайтындықтан Ресейден, Қытайдан арнайы тапсырыспен алдырамын. Жасаған дүниелерімнің өзіндік құны тым қымбат болмас үшін тегін жеткізу тәсілдерін іздестіремін. Табиғаттың ерекшелігі, жаратылысы болғандықтан, жасаған дүниелер өзара ұқсас болғанымен, дәлме-дәл көшірмесі бола алмайды.
– Дайын болған заттар өз иелерін қалай тауып жатыр?
– Жақында ғана instagram желісінен арнайы парақшамды аштым. Оқырмандар ұнатқан заттарға тапсырыс береді, Астанада болса, өзім жеткіземін. Ал басқа қалалардан көп тапсырыс түсе қойған жоқ, дегенмен почта бар, жеткізу жағын қарастырамыз. Сонымен қатар колөнер бұйымдарының көрмесі танылуға, бұйымдарды сатуға септігін тигізеді.
– Жалпы, кәсібіңізді үлкейту ойда бар ма, әлде бұл жай қолыңыз тигенде айналысатын, өзіндік ләззат алатын хобби ме?
– Анам менің басқа саланың маманы болуымды қалаған. Өзім ағылшын тілінің мұғалімі мамандығын оқыдым. Бірақ, бірден жұмыс тауып кете алмадым. Сондықтан «Жұмыспен қамтудың жол картасы–2020» бағдарламасы бойынша наубайшы-кондитер мамандығын оқыдым, осылайша жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, өзіміздің шағын наубайханамызды аштық. Бас кезінде өзім пісіріп жүрдім, ал қазір арнайы пісіретін жұмысшылар бар. Сондықтан қолөнермен айналысуға уақыт бөлемін.
– Наубайхана отбасылық бизнес пе? Бұл істің басы-қасында кім бар?
– Ақмола облысы Қорғалжын ауданы Қараегін ауылында тұрамыз. Ауылға нанды Елордадан таситын. Жұмысшыларға нан жетпей жататындықтан, біз өзіміз шағын наубайхана ашып, нан және басқа да нан-тоқаш түрлерін пісірдік, көршілес 3-4 ауылдан да тапсырыс түсе бастады. Осылайша сұраныс арта түсті. Бір жылдан кейін жаңа жабдық алып, кеңейтіп, наубайхананы жаңарттық. Нан пісіретін мамандар бар. Кәсіппен айналысуда «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалынан кеңес алдым және Ақмола облысы кәсіпкерлер палатасының көмегі тиді. Арнайы бизнес-курстарға қатысып, өзіме қажетті дүниелерді түртіп алдым. Әрдайым ізденіс керек, білім алу маңызды.
– Ал әшекей дайындауда арнайы семинарлар, шеберлік сағаттарына қатыстыңыз ба?
– Өкінішке орай әзірге елімізде мұндай семинарлар өткізілмеді. Дегенмен, қарап отырған жоқпын. Интернеттің қауқары мол. Сондықтан кез келген сауалыммен іздеп, тауып, үйрену үстіндемін. Алматыда дәл осы іспен айналысатын қолөнершілер көп, Ресейде мамандар бар. Солармен онлайн байланыстамын. Сұрақ-жауап алмасып тұрамыз. Жалпы алғанда шығармашылықпен айналысуыма отбасымның көмек-қолдауы үлкен септігін тигізді. Басында заттарым шашылып, «шығармашылық ретсіздік» орын алса, түсіне бермейтін (күліп), ал қазір әдемі гүлдерді теріп, мен үшін іздеп жүреді. Мұның барлығы мені қанаттандырады. Әрине, қыздар, яғни тұтынушыларым ұнатып, мақтап жатса, бекер қолға алмағанымды түсінемін.
– Сұхбатыңызға рахмет. Ісіңіз жандана берсін!
Қарлыға Телман
Ж. Өрісбай