Электронды сауда дегенді қалай түсінеміз? Бұл интернет-дүкен арқылы сауда жасау ғана ма әлде аясы кең жүйе ме? Электронды сауданың алыптары кім? Қазақстанда электронды сауда арқылы кім жиі тапсырыс жасайды? Елдегі әлеует қандай, саралап көрелік...
Бүгінде әлемдік электронды сауда нарығында Amazon немесе AliExpress алпауыттардың жетістігі орасан. Электронды сауда саласы әлі де қарқынды даму үстінде, сондықтан келешекте бұл үдеріс дәстүрлі сауда саласында түбегейлі өзгертеді деп күтілуде.
«Атамекен» ҚР ҰКП сарапшыларының мәліметінше, «Alibaba Group» жылдық табысы 15 млрд АҚШ долларын құрайды, «eBay» табысы 8,5 млрд АҚШ долларын құраса, «Amazon» сауда айналымы 107 млрд АҚШ долларына тең. Сонымен қатар нарықта «Alipay», «PayPal» сынды төлеу жүйелері жетіліп келеді. Жапондық «Dokomo» немесе швециялық «WyWallet» телекоммуникациялық операторлардың аяқ алысы жаман емес. Олар электронды сауда порталдарын жетілдірген. «Facebook» пен «Google» да өз төлем алаңдарын құруда.
Әлем нарығында АҚШ-тың e-commerce бөлшек саудасының жалпы көлемі 305 млрд АҚШ долларына тең (6,44%). Австралияда – 8 млрд АҚШ доллары (9,8%), Қытай – 207 млрд АҚШ доллары (8,4%), Ресейде – 4,7 АҚШ долларына тең (4%). Жалпы әлем нарығындағы электронды сауда айыналымы 2015 жылы 2 трлн АҚШ долларын құраған.
Қазақстанда электронды сауда дегенде банктік транзакциясыз жүзеге асырылатын тауарлар мен қызметтер түсінігі қалыптасқан, тиісінше 2015 жылы электронды сауда айналымы – 155,7 млрд теңгені құрады. Ал әлемдік тәжірибеде электронды саудада электронды қаражат айналымы, ақпарат алмасу, сақтандыру қызметі, банкинг, маркетинг пен валюта айырбасы шоғырландырылған. 2015 жылы барлық коммерциялық сипаттағы құқықтық қатынасты қосқанда сауда айналымы 693,4 млрд теңге болған.
«Елімізде 16-74 жас аралығындағы интернет қолданушылар саны – 13,6 млн. Жалпы халықтың 80,2% интернетті пайдаланады. Бұл электронды сауда жүргізуге қажетті сан. Ал онлайн сауда жасауда әйелдер жағы белсенді – 64%. 2015 жылы электронды саудадағы ең көп сатылған тауар – әйелдер косметикасы (21%), ал 2017 жылы құрылыс материалдар мен заттарға ден қойылған. Сонымен қатар бағдарламалық қамтамасыз ету, сырттан жабдық алдыру (11,1%), автокөліктің қосалқы бөлшектері (11%), киім (10%) сатып алынды», – дейді «Атамекен» ҰКП Шағын және орта бизнесті дамыту департаментінің директоры Дінмұхамед Әбсаттаров.
«Атамекен» ҰКП Басқарушы директорының айтуынша, электронды сауданы почта арқылы тапсырыс берушілер кеден салығынан босатылады. Ай сайын 31 келіден, 1000 еуродан аспайтын тауарға рұқсат етіледі. 2018 жылдың 1 шілдесіне дейін елге тасымалданатын тауар құны 1000 еуродан 500 еуроға дейін азайтылады. 2019 жылдың 1 шілдесіне дейін 200 еуроға дейін азайту көзделуде.
«Қазақстан нарығында киім-кешек интернет дүкені көш бастап тұр. Оның жылдық табысы 235, 5 млн АҚШ долларын құрап отыр. Қызмет көрсету саласындағы «Air Astana» компаниясы онлайн қызметінің жылдық табысы – 247 млн АҚШ долларға тең», – дейді «Атамекен» ҰКП Шағын және орта бизнесті дамыту департаментінің директоры Дінмұхамед Әбсаттаров.
Zoodel мен Jumore
Қазақстан нарығына жол тартқан халықаралық «Zoodel» электронды порталы кәсіпкерлер арасында танымалдығы артып келеді. Портал әлеуеті әсіресе ауыл шаруашылығы өндірушілеріне тиімді. «Zoodel порталының Қазақстандағы танысытырылымы 8 маусым күні ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары Саммиті аясында Қазақстан-Қытай Іскер кеңесінің төртінші отырысы барысында жасалған болатын.
Порталға кәсіпкер өніміні тіркеп шетел, оның ішінде Қытай нарығына бірден шығуға мүмкіндік алады. Кәсіпкердің тауары алты тілде парақшасы бар порталға қойылады. Сонымен қатар ұйымдастырушылар тапсырыс берушіге дербес интернет дүкенін ашып береді. Осы қызмет үшін «Zoodel» бар жоғы 1300 еуро сұрайды.
Бүгінде Jumore қытайлық электронды сауда алаңында 15 қазақстандық компанияның 31 тауарлық позициясы қойылған. Оның ішінде «Краски Алина», «Лепсі балы», RG Brands сынды компаниялар бар. Айта кетелік, осыған дейін «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Jumore компаниясымен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойған болатын. Jumore басшылығымен келіссөздер 2016 жылы ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың Шанхайға барған іссапары барысында жүргізілген болатын.
Jumore желісінде Қытайдың 60 000 мемлекеттік компаниялары тіркелген. Осы компаниялар сауда алаңында сатып алуларын жүргізеді. Электронды сауда порталының 2016 жылдағы сауда айналымы 160 млрд АҚШ долларын құраған. «Атамекен» мен Jumore арасындағы келісім негізінде отандық кәсіпкерлер электронды порталға тегін тіркеле алады. Бұл Қытай нарығына шығуға жақсы мүмкіндік.
Электронды сауда жылдан жылға дамып келеді. Халық қолма қол ақшадан гөрі, терминалдар арқылы, виза карточкалар арқылы ақшасыз есеп айырысуды жөн көреді. Отандық банктердің көбі ақшасыз есептеулер үшін үстеме ақша алмайды. Демек, нарық жүйесінің өзі электронды сауда дамуына ықпал жасап жатыр. Қазақстанда ірі халықаралық сауда алаңдарын құру арқылы мемлекеттер арасындағы кедергілерді жойып, экспортта әлеуетті арттыруға жол ашылады.
Әлия Кемелбекова