90 жастағы Чарльз (Чак) Фини мансабында 7,5 миллиард доллар тапқан. Ол Duty Free Shoppers дүкендер желісінің негізін өткен ғасырдың 60-жылдары қалады. Соншама ақшасы болғанына қарамастан, оның әлі үйі және көлігі жоқ. Чак Фини жалдамалы үйде тұрады, ол қоғамдық көлікте жүреді және ұшақта эконом-класс орынды таңдайды. Өзі бұл туралы: "Бизнес-класс орынды таңдағанда не өзгереді? Сен бәрібір эконом класстағы орыннан тезірек ұшып бармайсың" дейді.
Чак Фини қолына 15 доллар тұратын арзан сағат тағады. "Қымбат сағат сатып алмайсыз ба?" дегендерге: "Егер 15 доллар тұратын сағатпен уақытты біле алатын болсам, маған Rolex-тің не керегі бар?" дейтін көрінеді. Оның күртесі мен киімі қарапайым. Ол қымбат мейрамханаларда емес, арзан кафелерде тамақтанады, жұмысқа метро немесе таксимен барады.
Чак Финиді ақымақ деп айыптауға асықпаңыз. Ол әр тиыннан санайтын "шық бермес Шығайбай" емес. Кейінгі 30 жыл ішінде (1990-2020 жылдар аралығы.) Чак Фини 6,2 миллиард (кей деректерде 8 млрд) долларды қайырымдылыққа жұмсаған.
Бұл соманы кейбір мемлекеттер бөле алмайды. Оның ақшасына мектептер, колледждер, университеттер, ғылыми орталықтар, ауруханалар, сондай-ақ Африка, Ирландия, Аустралия, АҚШ, Бермуд және Вьетнамда қарттар үйлері салынған.
Бұл "біртүрлі" миллиардерді ақша ғана емес, атақ-даңқ та қызықтырмайды
Ол ешқашан атақ-даңққа ұмтылмаған және үнемі қоғамның көлеңкесінде қалуға тырысқан. Басында 15 жыл бойы оның ізгілікті істері мен жомарттығын ешкім білмеген, естімеген. Осы жылдар ішінде Фини жоғары оқу орындарына 3,7 миллиард доллардан астам қаражат бөлді, оның ішінде өзі оқыған Корнелл университетіне 1 миллиардқа жуық доллар берді.
Чак Финидің ең қайырымды адам екені "әшкереленгеннен" кейін де ол баспасөзден қашқақтаған. Қоғамның оның жеке басына деген қызығушылығына қарамастан, журналистер миллиардермен 5 рет қана сұхбаттаса алған.
Сонымен, Чак Фини кім?
Чак Фини – біздің заманымыздың ең қарапайым, қайырымды адамдарының бірі. Ол өз кәсібін нөлден бастаған. Оның компаниясы қазір 27 елде жұмыс істейді, онда мыңдаған адамдар өз нәпақасын табады. Чактің ақшасы өскен сайын, ол бұл байлықтың көп бөлігін қайырымдылыққа жұмсайды. Миллиардер көп ақша тапқаннан емес, басқаларға көмектесуден ләззат алатынын айтады.
2020 жылы Чак Фини өзінің Atlantic Philanthropies аталатын қайырымдылық ұйымын жабу туралы құжаттарға қол қойды. Қор 1982 жылдан бері жұмыс істейтін.
Билл Гейтс ол туралы: "Чак – әлемді жақсы жаққа өзгертуге ұмтылған идеал адамдардың бірі. Чак – бүгінгі қоғам үлгі алатын тұлғаның жарқын мысалы", - деген еді.
Фини әйелімен бірге бар байлығын қайырымдылық қорға аудару туралы құжатқа Сан-Францискодағы жалдамалы пәтерінде қол қойып жатыр
Фини зейнеткерлікке шығу үшін өзіне және әйеліне 2 миллион доллар алып қалғанын айтады. Шотта қалған барлық қаражат қайырымдылық қорларына таратылған.
"Мен өз мақсатыма қол жеткіздім. Менің мақсатым – адамдарға көмектесу болатын", - деді құжаттарға қол қойып жатқан миллиардер.
Солтүстік Ирландиядан келген иммигранттардың ұрпағы ретінде Фини осы елдегі қайырымдылық жобаларына белсенді түрде қайырымдылық жасады. Туған жеріне 1,9 миллиард доллар жіберді.