Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында «Бастау Бизнес» жобасы еліміздің әр өңірінде жүзеге асырылып келеді. Бұл жоба жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған ауыл тұрғындарының жеке кәсіп бастау, бизнестерін кеңейту, жаңа жұмыс орындарын ашудағы даңғылы ең алдымен біліммен қаланатынын дәлелдейді.
Биыл жоба бойынша оқу курсы Қазақстанның 80 ауданында өткізіліп жатыр және жыл сайын аудандар қатары артып, бизнес-жобасын ұсынатын халықтың саны да өспек. Осылайша бес жылы ішінде кемінде 15 мың адам кәсіпкерлік негіздерінен білім алып, өз кәсібінің иесі атанады. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бұл бастамасын өңірде, атап айтқанда Шығыс Қазақстан облысы Көкпекті ауданында жүзеге асыруға үлес қосқан бизнес-жаттықтырушы Айнұр Омаровамен тілдесіп, шығыстағы халықтың белсенділігі мен жобаның жүзеге асырылуы жайында аз-кем тілдескен едік...
– Айнұр Мүслімқызы, «Бастау Бизнес» жобасына қалай келдіңіз?
– Мен банк саласында қызмет атқарып келдім. Әсіресе ұзақ жылдан бері Астана қаласында жұмыс істеймін. Банкте, басқарушылық лауазымда да жұмыс істедім. Банк – қалыптасқан жүйелі жұмыс. Алайда, қоғамға пайдамды тигізсем, көмектессем деген ой маза бермей, әлеуметтік жобаларға қатысуды қаладым. Осылайша «Бастау Бизнес» жобасына келдім. Мемлекет пен кәсіпкердің арасында байланыс орнатуға үлес қосуға ниеттендім. Қандай өзекті мәселелер бар екенін көзбен көріп, оны шешу үшін қандай шаралар қабылдау керектігін анықтағым келді. Осылайша алдын ала іріктеуге қатысып, бизнес-жаттықтырушыларға арналған курстан өтіп, сертификат алдым. «Бастау Бизнестегі» алғашқы тәжірибем Шығыс Қазақстан облысынан басталды. Дәл осы өңірді таңдаған себебім, өзім сол өңірдің тумасымын. Әр өңірдің халқының мінезі, болмысы өзгеше. Бірақ бұл мен үшін кедергі емес, дегенмен өз туған жерімнен бастасам деген қалауым болды. Өзімнің туған өлкеме қандай да бір пайдам тисін деген ниеттен туындады.
– Көкпекті ауданындағы халайық «Бастау Бизнес» жобасын қалай қабылдады? Жалпы ішкі ахуал қалай?
– Халық барлығын да қауіппен қабылдайды. Себебі осыған дейінгі қабылданған жобалар қандайда бір нәтиже бермеген. Бұл жерде «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы қолға алған жобаларды айтпаймын, жалпы жүзеге асырылған жобаларды атауға болады. Тұрғындардың несие алуы, кәсіп бастауы қиын болған. Осылайша адамдардың сенімі жоғалады, бәріне күмәнмен қарайды. Ал «Бастау Бизнес» арқылы бір ай білім алғаннан кейін мүлдем басқаша ойлай бастайды. Ауылдағы жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған азаматтар ең алдымен арнайы тестілеуден өтіп, кәсіпкерлікпен айналыса алатын икемдері бар екендерін көрсетті. Оқу барысында кәсіпкерлік туралы түсініктері қалыптасып, қаржылық сауаттылығы артады.
Әрине, өздерін танып, не нәрсені ұнататындарын, күйбең тірлікпен жүргенде ұмытылып қалған жан қалауларын еске түсіреді. Уақыттың зымырап өтіп жатқанын, көп нәрсе әлдеқашан басқаша дамып жатқанын, ал өздерінің бір орында тұралап қалғандарын да сезінгендері болды. Курсқа қатысушылардың көпшілігі ақша алу мақсатын көздеп келеді, көкейлерінде «кепілсіз несие береді, ала салам» деген ой тұрады. Бірақ, білім алу барысында алғашқы мақсаты кейінге шегеріліп, ең алдымен оқысам, білсем деген ынта арта түседі. Салық бойынша есептеулерді жүргізгеннен кейін, бизнес-жоспар құру, «қаржылық сауаттылық» туралы түсінген соң әуел бастағы «18 млн теңге алам» деген ойдан бас тартады.
– Сонда жұртшылық бірден жоғары сомада несие алуды қалайды ма?
– Қатысушылардың арасында жылдық мөлшерлемесі төмен, арзан несие берілетіндігі туралы ақпаратты естіген соң, ақша алуды мақсат еткендері болды. Мысалы Көкпекті ауданында ешкі сүтін сатумен айналысатын келіншек белгілі бір сомада ақша алуды ойлады. Сол уақытта бірден «Бұл тиімсіз. Басқаша жасайық, көлемін азайтайық» деп кесіп айтатын болсақ, ол түсінбес еді. Тіпті «Менің кәсіппен айналысуыма, шешіміме қарсысыздар» деген ойды да айтуы мүмкін еді. Дегенмен уақыт өте келе, кәсіпкерлік туралы білім ала отырып, есептеуді үйренген соң 2 млн теңге де жеткізлікті екеніне көз жеткізді.
Білім алушылардың арасында компьютермен жұмыс істемегендері де болды, бірақ барлығы да кесте құрып, жоспар бекітіп, әрбір қадамын ойластыруды үйренді. Сонымен қатар барлығын мемлекет беруге міндетті деп санаған азаматтарды әрекет етуге шақырып, мемлекеттік қолдау құралдарын пайдалана отырып, өз бетімен еңбек ету туралы ой қалыптастырдық. Осылайша, курс аяқталған соң, олардың жүздерінен алғыс пен ризашылықты көрдік.
– Көкпекті ауданында қанша адам білім алды? Білім алу барысында мәселелер туындады ма?
– Алғаш тестілеуден өтуге 80-дей адам өтінім беріп, олардың қатарынан 52 адам өтті. Оқу аяқталғанда 27 қатысушы бизнес-жоспар дайындады. Ал екінші лекте 42 адам білім алса, 13-інің бизнес-жоспары дайындалды. Неліктен аз десеңіздер, біз несие тарихы туралы, кепілдік қамтамасыз ете алуы туралы мониторинг жүргіземіз. Кепілдікке мал басын алмайды. Сақтандыру компаниялары да мал басын сақтандыруға құлықсыз. Тіпті сақтандырған күннің өзінде оны ақшасы тым жоғары болмақ. Міне, осындай мәселелер бар. Халықтың оқуға деген ынтасы өте зор. 40-70 шақырым жерден келіп, сабақтан қалмай оқыған жандар да болды. Сондай-ақ, оқу курсы барысында сел жүріп, қатынау қиындады. Дегенмен резіңке етіктерін киіп, балшық кешіп келсе де сабақты өткізіп алмауға тырысты. «Бастау Бизнес» алдымен кәсіпкерлік негіздері бойынша сауаттылықты арттыруды мақсат тұтқаны өте орынды деп білемін. Бұл жоба өңірлердегі мәселелерді анықтайды. Халықтың үні, мәселесі тиісті жерге дейін жетуі қиындау. Айталық, 300 бас ірі қара малы бар шаруаның жайылымдық жері жоқ. Ал шалғай аумақтан да жер алайын десе рұқсат ала алмағаны тағы бар. Осындай жағдайларды көзбен көргенде шешілуі тиіс мәселелер көп екенін түсінеміз.
– «Бастау Бизнес» жобасын жүзеге асыруда жергілікті жерлерде қолдау бар ма?
– Оқу курсы барысында жергілікті әкімдік қолдау көрсетті. Әрине, Өңірлік кәсіпкерлер палатасының Көкпекті ауданы бойынша филиалының басшысы Мұқашева Әлия Орынбекқызы ерекше қолдау білдірді. Жай ғана «Атамекеннің» жұмысы деп емес, халықтың игілігі үшін атқарылып жатқан шаруаға барын салып кірісіп, әрбір істің жемісті болғанына шын жанашырлық танытты деп айта аламын. Жалпы «Бастау Бизнес» аудандарда, шалғай елдімекендердегі халықтың әл-ауқатын білім арқылы көтеруді мақсат тұту арқылы жақсы жетістікке қол жеткізеді деп ойлаймын. Әрбір өңірде халықтың іскерлік көзқарасын қалыптастырып, кәсіп бастауда сауатылығын арттырсақ, ауыл шаруашылығы да дамиды, өңірлер де көркейеді.
– Әңгімеңізге рахмет!
Қарлыға Телман