"Мен кәсіпкермін" айдарында су жаңа сұхбат. «Отан» атты Қазақстандық сағат брендімен танымал болған жас кәсіпкер Арман Тосқанбаев бүгінде ауыл шаруашылығы саласында өзінің тың ойлары мен жаңа идеяларын жүзеге асыруда. Аталмыш бизнестің өзгешелігі мен болашақ жоспарлары жайлы алдағы сұхбатта...
– Арман бүгінде өзіңіз бірнеше жобаларды қатар алып жүрсіз. Білуімізше, ауыл шаруышылығын дамытуға арналған жобаларыңыз тағы бар. Тоқталып өтсеңіз?
– Ауыл шаруашылығы саласына қатысты екі жобаны жүзеге асырып жатырмыз. Біріншісі – «Жаңа жасыл технология» ЖК. Бұл компания мал азығын өсіру үшін гидропоникалық құрылғылар шығарады. Құрылғының ерекшелігі гидропондық әдіс арқылы көп сатылы сөрелерде жыл бойы жемдік шөп өсіруге мүмкіндік бар. Шөптің құрамында дәрумендер, құнарлы заттар сақталады. Осылайша жауын-шашын аз түсіп, қуаңшылықтың кесірінен жем-шөпсіз қалып, мал басын көбейте алмай отыратын шаруалардың мәселесі шешіледі. Екіншісі – «Zertis» ЖШС. Бұл компанияны біз жарты жыл бұрын Диас Тастанбеков есімді әріптесіммен бірге аштық. Мұнда су мен ауаны қоса отырып өсімдіктерді топырақсыз өсіру әдісі пайдаланылады. Бұл әдіс тамақ өнеркәсібіне пайдалы. 30 аэропоникалық құрылғы күніне 30 кг жуық жасыл өсімдік әкеледі. Технология патенттелген, елімізде жоқ ерекше технология.
– Бүгінде бұл жоба Қарағанды облысында жүзеге асып жатыр, еліміздің өзге қалаларына шығу жоспарда бар ма?
– Әрине, ең алдымен, Қарағанды облысындағы жылыжайдың біз көздеп отырған тиімділігіне кол жеткізуіміз керек. Кейін еліміздің әр қаласына автономды жылыжай салу ойда бар. Кәсіптің қарқынына қарай, ТМД елдеріне шығу мәселесін де естен шығармаймыз. Себебі, технология толық автоматтандырылған, әлем бойынша Жапония мен Израиль елдерінде кеңінен қолданылып келеді. Өнім шығаруда гербицидтер қолданылмайды, сондықтан сапасы жағынан экологиялық таза өнім. Сонымен қоса, өсімдікті тұманды сумен суару процесі арқылы суды үнемдеу мүмкіндігі бар. Бұл өз алдына су тапшы аймақтарға қолайлы әдіс.
– Келесі сауалым уақытты басқаратын гаджетке байланысты болмақ, бұл да сіздің кезекті жобаңыз ба? Қысқаша айтып өтсеңіз?
– Иә, бұл да менің өз жобам. Жүзеге асыруға әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенттері атсалысты. Бір ай көлемінде жасап шығардық. Мобильді қосымшасын, программасын, қажетті ақпаратты жинақтап, дайындап аз уақыт ішінде сапалы өнім шығара білдік. Бұл жобамыз Microsoft Imagine стартап-байқауында үздік танылып, біздің ұжым Украина астанасы Киев қаласында халықаралық деңгейде бағдарламамызды таныстыру мүмкіндігін ұтып алды.
-«Отан» Қазақстандық сағат компаниясы нәзік жандыларға арналған сағаттар тізбегін шығарған екен? Осы орайда қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?
– Қыз-келіншектерге арналған сағат болғаннан кейін оған қойылатын талаптар да өзгеше болады. Жалпы жұмысына 2 жыл уақытымызды жұмсадық. Дизайны мен әрлеуіне ерекше назар аудардық. Бұл жоғары сапалы сағаттар, сағаттың тілдері ою-өрнекпен безендірілген. Сағаттың артқы жағында қазақтың сұлу қызы бейнеленген, және «Қазақ аруы» деп жазылып тұрады. Төрт түсте шығады, аттары – Зере, Дария, Ажар, Айсұлу. Біраз еңбек пен ізденістің арқасында жарық көрген туындымыз аруларымыздың көңілінен шығады деген үміттеміз.
– Неліктен осы атауларға тоқталдыңыз?
– Ең алдымен, бұл атаулар өзіміздің ұлттық, қазақы төл есімдер. Тарихта осы есімдерді иеленген сыйлы, данагөй аналарымыз бен сұлуларымыз қаншама?! Әрбір атауды сағат түріне таңдап ала отырып, белгілі бір сипаттамасын да дайындадық. Атап айтқанда, Зере – ол жарқыраған алтынды білдірсе, Дария – кеңдіктің белгісі. Ажар – сұлулық, Айсұлу – қазақтың күмісі. Барлығы да тазалықтың, бекзаттықтың, өреліктің белгісіндей. Әпке-қарындастырымыздың көңілінен шығып, отандық сағаттан қуанышты сәттерін көре біледі деген ойдамын.
– Сізге қарап, біршама жас бой түзейді. Кәсіпкерлікпен айналысуға ниет білдіріп жүргендер қаншама. Бизнес-дәрістер жүргізесіз бе?
– Бизнес дәріс жүргізу ойымда жоқ. Дегенмен, сұраныс болғаннан кейін, шақырылған жерлерден қалмай, өзімнің кәсіпкерлік шеберлігіммен бөлісіп отыруға тырысамын. Бизнес жолындағы қателіктер, ұтымды кездерім – мұның бәрі өмірлік тәжірибе. Ол болмай, нақты нәтижеге қол жеткізу мүмкін емес. Сондықтан, әркім өзіне қажетті ақпаратын алса, бастысы – сол. Себебі, қатарымызда жас кәсіпкерлер көп болса, еліміздің дамуы тұрақты болады деген ойдамын.
– Кәсіпкерлікке бет бұру үшін не істеу керек? Сіздің кеңесіңіз...
– «Кәсіпкер болу керек» деп айта бергеннен кәсіпкер шықпайды. Адам жастайынан қай салаға икемді болса, соны дамыту керек деп ойлаймын. Уақыт өте келе бір саланы таңдауға тура келеді. Білімге, жаңашылдыққа ізденіс болумен қатар, өз-өзіңді дамытудан шаршамау керек. Кәсіпкер бір саланы өмір бойы алып жүрмеуі де мүмкін. Нарыққа қарай бейімделіп, жаңа жобаларға көңіл бөліп, кейінгі технологияны да пайдаланған абзал.
– Сұхбатыңызға рақмет. Ісіңіз алға бассын!
Сұхбаттасқан Шұға Наурызбаева