- Негізгі бет
- Кәсіпкер
- 1000 сауда орны...
1000 сауда орны – шағын бизнеске демеу
Өткен жылы Астана қаласы әкімдігі «1000 сауда орны» бағдарламасын іске қосқан болатын. Бұл бастаманың қалай жұмыс істеп тұрғанын көзбен көруге әрі кәсіпкерлермен тікелей жүздесіп, пікір алмақ ниетпен елорданың көше бойындағы бірнеше сауда орындарына бардық.
Қаладағы зерттеу ең алдымен гүл сататын орындардан басталды. Гүл сатып отырғандар шағын және орта кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған арнайы бағдарлама туралы хабардар еместіктерін, анық-қанығын жұмыс беруші білетінін айтты. Дегенмен, сауда орнының жылы, ыңғайлы екенін жасырмады.
Көп қабатты үйдің тұрғындары үшін күнделікті тұтынатын заттарды сатып алғанда уақыт үнемдеуге айтарлықтай септігін тигізетін сауда орындарының бірі – көкөніс-жеміс сататын дүкен. Республика даңғылында орналасқан сауда нүктесі осының айқын дәлелі. Біз кірген дүкенде зейнет жасындағы тұрғындар сауда жасап, керек көкөніс-жемістерін алып жатты. Жарық дүкен сөрелеріндегі балғын өнімдер тұрғындардың күнделікті тұтынуына ыңғайлы.
«Бұл дүкен «1000 сауда орны» бағдарламасы бойынша ашылды. Әпкем арнайы өтініш жазып, қажетті құжаттарды өткізді. Бұл біздің отбасылық кәсібіміз. Бұрындары сауда жасау үшін жыл сайын рұқсат қағазын алушы едік, ал жаңа бағдарлама бойынша рұқсат бірден 7 жылға берілді. Әрине, өте ыңғайлы. Жер салығын төлейміз, тұтынған электр қуатына да уақытылы төлем жасаймыз. Кішкене ғана кәсібімізді ауа райының қандай болғанына қарамастан, ыңғайлы орында жүргізетінімізге қуаныштымыз», – дейді ағайынды Абзал мен Азамат Тойлыбаевтар.
Әңгімеміздің куәгері болған қала тұрғыны Толғанай Хаитова ұзақ жылдар бойы жас кәсіпкерлердің тұрақты тұтынушысы екенін жеткізді.
«Күнделікті қажетті көкөніс-жемістерді жақын маңнан алу ыңғайлы. Сонымен қатар, осы балаларды көп жылдан бері танимын. Мысалы, қыстың күндері сауда жасау оңай емес. Далада тұратын кездерінде де «Айналайындар, тоңып қалмаңдар, жылы киініңдер» деп әрдайым айтып жүретін едім. Сауда жасағанда бағасы арзан, тиімді жерді ғана іздемейміз, жақсы қызмет көрсеткен сауда орынға жиі баратынымыз анық. Осы жерге үнемі келемін. Себебі, жылы амандасып, қажетіңді сұрап, сапалысын салып береді. Тіпті кейде сөмкем ауыр болса, көмекші балалар жеткізіп, жәрдемін де аямайды. Осындай жайлы орында сауда жасауға бастама болып, кәсіптеріне көмек бергені үшін алғысымды айтамын», – дейді зейнеткер Толғанай Хаитова.
Сауалымызға жауап іздеп қаладағы бірнеше сауда орындарына кірдік. А.Иманов көшесіндегі тез дайындалатын тағам сатумен айналысатын орынның кәсібі енді басталғаны байқалды. Кәсіп иесінің өзімен телефон арқылы тілдесуге мүмкіндік туды.
«Шағын және орта кәсіпкерлікке арналған «1000 сауда орны» бағдарламасын естіп қуандым. Қалада кәсібімді ашуға ыңғайлы бірнеше орындарды анықтап алып, сол маңайдан сауда орнын сұрап бардым. Дегенмен мен қалаған жерде орындар бос емес екен, ал ұсынған жерлер мен үшін қашық болды. Бұл бағдарлама аясында жер алып, кәсіп жүргізгенім қаржы жағынан ыңғайлы болар еді деп ойлаймын. Сондықтан, кәсіп бастауға аталған бағдарлама аясында қолайлы орынды іздестіру үстіндемін. Ал қазір қарап отырған жоқпын. Сауда орнына тиесілі жерді жалға алдым. Енді ашылып жатырмыз. Әлі ішін жөндеу, әрлеу жұмыстарымен айналысуым керек», – дейді кәсіпкер Мұрат Мұхамеджанов.
Елорда тұрғындарының 63% жеке кәсіпкерлікте жұмыс істейді. Шағын және орта бизнесті қолдау Астананың бас жоспарына енгізілген «1000 сауда орны» шағын және орта кәсіпкерлікті қолдаудағы ерекше бастама. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында Астананың осы тәжірибесін өзге аймақтарда қолдануды ұсынуда.
Қаланың сәулет құрылысына сай жасалған сауда орындарында санитарлық, қауіпсіздік талаптары сақталған, электр қуаты жүргізілген. Бұл сауда орындары кәсіпкерлерге байқау негізінде, бекітілген тәртіппен беріледі. «1000 сауда орны» бағдарламасына заңмен белгіленген тәртіпте тіркелген және салық пен басқа да бюджетке төленетін міндетті төлемдер бойынша қарызы жоқ жеке кәсіпкерлер немесе заңды тұлғалар қатыса алады. Қажетті құжаттар пакетіне өтінім-анкета, жеке-кәсіпкерді немесе заңды тұлғаны тіркеу туралы куәліктің көшірмесі, қажет жағдайда өкілеттігін куәландыратын құжат, салық бойынша қарызы жоқтығы туралы анықтама, ауданы 9 шаршы метр сауда нысанының эскизі, оны дайындаушы зауыт туралы мәліметтер көрсетілуі керек. Жер учаскесі 5-7 жылға жалға беріледі.
Бірақ та, сауда орнының байқауына мемлекеттік және заңды тұлғалар, комиссия мүшелері, комиссия хатшысы, байқауда жеңімпаз болғандар, субаренда бойынша талаптарды орындамаған кәсіпкерлер қатыстырылмайды.
Қарлыға Телман
Ж. Өрісбай