- Негізгі бет
- Қансонар
- Тазыны баптау тәсілдері...
Тазыны баптау тәсілдері
"Ұясына толған" кезде басқа аң алып өзге тазымен бірге ауызданып, кейін өз бетімен "тырнақалдысын", яғни алғаш өз бетімен аң алу ойдағыдай шықты деп бағаласа, өз бетімен аңға қоса береді. Ол көзіне түскен аңды құтқармайтын желдей ескен жүйріктігіне қоса алғыр, күшті, айлалы болса, тазы келер жылы аңшылар тілімен айтқанда, екінші қар басқанда жыртқыш аңға салып тексеріп көреді. Дегенмен, тазы төрт жасқа толғанда денесі толық жетіліп толады. Осы кезден қасқырға қосуға жарайды деп есептейді.
Тазыны сонарға шығар алдында баптайды. "Ат семірсе сауыры томпақ келер, ит семірсе тұмсығы кертеш келер," деген өзі жұнттай болып, тойынған иттің ішін айдатып, тазалап, қоясын түсіреді. Себебі семіз ит те семіз ат сияқты ұзақ шабысты көтере алмай қызыл май боп түтігіп кетеді. Сондықтан асықпай қар жауғанша қайырып алады. Иттің "қоясын түсірудің" амалы аушы құстай емес, өте оңай. Оған бар болғаны қойдың құйрық майын не жылқының майын ерітіп, бір шарасын ішкізсе болғаны. Бұған қоса қазақтар тазыға майы алынған іркітті қайнатып жылылау күйінде берсе (немесе құртты езіп береді) иттің ішіндегі жалпақ таспа құрттарды айдап түсіреді. Халықта "Ит үш күн семіріп, үш күн арықтайды" деген сөз бар. Қысқасы тазы тез ариды, оған бар болғаны екі-үш күн майлы тамақ бермей қара көжеге қамаса ит артық майынан арылып, зар, күйіне келе бастайды.
Аңға әбден үйретілген, аң қағып жүрген тазы болса да күз түссе аңға шығуға кемінде бір ай қалғанда тазыны қайыруды бастайды. Көбіне тамыздың соңына ала тазы да қылығы өзгеріп, елгезек, елеңдегіш мінез таныта бастайды. Қайырудың қалыпқа түскен ұстанымы тазының тұқымы мен әлділігіне қарай түрліше болып келгенімен, негізгі ұстанымдары төмендегідей. Әуелі ауыл маңында жүгіртіп, көптен икемге келмей қалған сіңір, тарамысын созады. Беретін тамақтың мөлшерін бірте-бірте азайта береді. Күн өткен сайын тазыны көбірек жүгіртіп, "жаттығатын" уақытын ұзарта береді, ал физикалық ауыртпалықты арттыра түседі. Көбіне аяңдап, бүлкектеп жүргізеді Осылай аяқ-қолы ширыға бастаған тазыны қимыл-қозғалысы тоқтап, денесі суыған соң, яғни шамамен бір сағат уақыт өткен соң оған тамақ беру дұрыс дейді. Тазыны ерткен атты аңшы таңертең және кешке қарай күніне екі мезгіл жүгірте отырып, жетіден он күн уақыт өткен соң тынысы ашылды деп санайды. Ендігі кезекте табаны мен тұяғын қатайту, қимылын шапшаңдату шараларына кіріседі. Ол үшін ауыл маңынан ұзап шығып таңертең-кешке екі уақ ет пісірім уақыт бойы жүгіртеді. Оған саз, құм, топырақ, қиыршықты жерлер таңдалып жүгіретін аумақ үнемі алмастырылып тұрады. Тазысының мойнына арқан салып жетектеп ертіп шыққан аңшы әуелі аяңдап, онан бүлкектеп жүргізеді де, онан желу, шабу, қосаяқтап жүгіртуге мәжбүрлейді. Онан соң жүгірістің сол екпінін бірте-бірте азайтып отырып ауылдың маңайын айналып жүріп келеді. Мұндайда мінетін ат саят аты емес, басқа тазы ертіп жүруге үйренген ат болады.
Қазақ аңшысы таңертең ауылдың жылқысын өрістен ерте барып айдап келуге тазысын ертіп, екі пайдалы істі қатар "тындырып" келеді. Кешкісін де ауыл-ауылдың арасынан аулақтағы судан өтетін, өрлі-құлдилы, қия, ой-жыра тәрізді адам мен мал аяғы аз жүретін жерлерді таңдайды. Күн аралата тазының табанын көріп, тазалап, майлап, тілінген-бүлінген жарасы болса дауалап отырады. Күн аралата табанын ұстап көргенде, табаны қызып, талаурап немесе "өртеніп" тұрғандай ыстықтың табы білінсе, онда тазы болдыра шаршағандығының белгісі және ол өте қауіпті деп санайды. Ондайда тамақты үстемелеп беріп, бір күн жүгіртпей тынықтырады немесе ауыл маңында баяу жүргізеді. Күн жылы күндері ағынды сулы жер болса тазыны суға жүзгізіп, суға "шомылдырып" алады. Осылайша бабына келіп қайырылған тазы аңға шығатын уақыт жеткенде дәл бабына келеді. Егер аңға шығатын уақыт кеш келсе де, 2-3 апта бойы бабынан таймас үшін күн сайын ет пісірім уақыт қимылдатып, әредік көсілте жүгіртіп отыру керек. Бабына келген тазы бұлшық еттері тығыршықтай болып, жүндері құлпырып жылтылдап тұрады, басын тік, кеудесін керіп ұстайды. Аяқтарының арасын кеңге тастап алшайып, сирақтарын нық басып тұрады, қимылы ширақ, көзінің қарасы елгезек, "әйт" десең тап беріп ұшып кетуге дайын тұрады. Даусы тарғылданып, ашық шығады, мінезі жайдары болғанымен, тыз етпе ызаланғыш келеді.
Б. Хинаят, Қ.М. Исабеков. " Саятшылық - қазақтың дәстүрлі аңшылығы" атты кітабынан алынған.
Сурет: voxpopuli.kz
Е. Жұмабайұлы