Қыран сыны

Академик Әлкей Марғұлан айтқандай, саят өнерін көне мәдени ескерткіш, құсбегілерді орнитолог маман деп бағалауға әбден болады. Бүгіндері мемлекеттік рәмізге айналған қыранның киелі қасиеті мен оған қатысты көне наным-сенімдер жүйесі халық мұрасында жан-жақты айқын таңбаланған. Осындай ежелгі дүниетанымның бірқы­ды­руын бүркіт туралы айтылатын мифо­логиялық мәліметтерден байқай аламыз. 

Қазақ ең қыран құстың бір түрінің мифтік атауын «бидайық», ал ең әйдік саятшыны «мініскер құсбегі» (Қазақ пен қырғызда «құс төресі – бидайық, ит төресі – құмайық» деген мақал бар. Қазақ, қырғыз, татарлар ең дәулескер құсбегіні «мініскер» деп атаған) десе, құсбегі пірін Жалайыр Шора деп атаған. Халықтың ұғымында Жалайыр Шора алғаш рет қыран құсты қолға үйретумен бірге бүркіттің жабдықтары томаға, аяқбау, биялайды ойлап табушы. Ал оның әкесі Шанышқылы Шора тіпті мылтықты, алғашқы оқты жасаған, жезтырнақтардың көзін жойған сұрмерген ретінде аңыздалады.

Академик Ә.Марғұлан ­Жалайыр Шораны ХVІІІ ғасырда өмір сүрген адам ретінде айтады,бірақ себебін түсіндірмейді. Ғалым Б.Хинаят «Бабырнама» еңбегіндегі Хасан Әли Жалайыр құсбегіні Шораға түпнегіз болған тұлға деген ойды айтады.«Бабырнама» еңбегінің «Кабул» атты бөлімінде былай деп жазады: «Мұхаммед Бұрындық білгір, ұлы басшы болатын. Ол қыран құс салуға құмар еді. Егер қырандарының бірі жоғалып немесе өліп қалса, Мұхаммед Бұрындық мырза ұлдарын ауызға алып: «Қыран жоғалғанша, қыршындардың неге желкесі үзілмейді» деп қарғанатын. Сұлтан Құсайын мырзаның Хасан Әли Жалайыр деген әкімі де болды. Оның шын аты-жөні Құсайын Жалайыр, бірақ жұртқа Хасан Әли деген есіммен көбірек танымал-ды. Оның әкесі Әли Жалайырға Бабыр мырза қамқорлық көрсетіп, бек дәрежесін берді, содан кейін Жәдігер Мұхаммед Гератты алған кезде Әли Жалайырдан жоғары адам жоқ-ты. Хасан Әли Жалайыр құсбегі әрі ақын еді. Өлеңді жазғанда Тахаллус Туфеил тәсілін пайдаланатын».

Ел аузында «Тінейдегі қасиет – ұялас екен Сарықұспен, Шорадағы қасиет – тілдес екен бар құспен» деген де сөз орамы бар.

Шетел қазақтарында құсбегі найман Тіней мен оның Сарықұсы туралы да желілес аңыз-әпсаналар таралған. Тінейдің Сарықұсы алғыр қыран екен, ол зар күйіне жеткенде сілеусінге, қасқырға, тіпті айдаһарға түсіпті, ақыры иесіне де шабуыл жасап, ажал құштырыпты деген әпсана таралған. Ел аузында тасбауыр жандарға қарата айтылатын «Тінейдің Сарықұсындай, өзіңе-өзің шеңгел сал» деген мәтел бар. Ол туралы мынадай әпсана таралған:

«Ертеде Тіней деген құсбегі қайыруы жетпеген алғыр қыраны Сарықұсты өзім келгенше аңға салмаңдар деп, бір жаққа кеткенде, тентек өскен жалғыз ұлы құсты алып шығып, аңға салады. Бірақ ол қайыруы жетпегендіктен, аңды ала алмай қалып, ашулы қыран баланың өзіне түсіп, бүріп өлтіреді».
Тінейдің Сарықұсын кейде халық асырап отырған иесін де алған сұсты қыран кейпінде түсіндірсе, кейде иесіне адал, тіпті иесі өлген соң оның моласына келіп соғылып опат болған қыран ретінде бейнелейді.

− Қайран қыраным-ай, Алтайдың алты асқарын асып сен қайдан келіп едің, алты қабат Алатауды басып мен қайдан келіп едім? – деп күңіренеді. Сөйтсе сол тұтқын әйгілі құс сыншысы екен де, Тінейге бұл құсты ту биенің қазысын беріп қайыру керек екенін ұқтырады. Айтқандай-ақ Сарықұс ерекше алғыр қыран болады. Иесі өлген соң оның моласына соғылып, ақыры опат болады.

Тінейдің Сарықұсы мен әйгілі ұрының кездесу мотивін кейде ел былайша да айтады: «Ұры Тінейдің Сарықұсына «Аспаннан сен жерге түспек емес едің, мен аттан жерге түспек емес едім?! – депті. –Бұл құс егіз еді, мұны босат, иығында екі тал ақ қауырсыны бар, соны жұлып таста да қоя бер, содан ол қарашада келеді өзі.Бұл сіңлісі, сыңарын ертіп әкеледі. Келген соң ту биенің қазысымен қайыр, сонда алмайтын аңы болмайды, аң ала алмаса шамырқанып адамға да түсетін болады.Сонда менің қандай сыншы, Сарықұстың қандай қасиетті екенін көресің» депті.Айтқандай-ақ сыңарын тапқан Сарықұс қайтадан келіпті де, таңғажайып қыранға айналыпты».
Асырап сақтаған иесіне шабуыл жасаған долы қыран туралы сюжет кейде немересі төрт ата ел боп таралған Төлегатай бабаның жалғыз ұлы Қытайға да телінеді.

Халық Жалайыр Шораны құсбегі­лердің пірі деп дәріптесе, Тінейді кереметке ие Сарықұстың иесі деп ұққаны байқалады.Құсбегілер қыран затының сыны туралы небір келісті байламдарды, өрнекті өлшемдерді, желілі әңгімелерді осы екі тұлғаның төңірегіне топтайды.

Жиналған мәліметтерге қарағанда бүркіт сыны өлең түрінде де, қара сөз, мақал-мәтел, айшықты теңеу, ажарлы сөз орамы үлгісінде де ел арасына таралғаны байқалады.Қазақ даласының әр өлкесінен әр заманда жинақталған бүркіт сыны туралы мәліметтер бір-біріне тамырлас, сарындас, сабақтас болуы – қыран затын баптау өнері байырғы заманнан дамып тұрақтанып, жұрт арасына құсбегілік ілімі жүйелі де бірізді жайылғанын көрсетеді. Төмендегі өлеңдерде бүркіт сынының келісімді кескіндері, ажарлы айшықтары, бедерлі белгілері ұқсас бейнеде мүсінделгенін көруге болады.

Саңғыру жүні сабалақ, алқалы кер,
Өндіршекті, өр мінез, қайтпайтын ер.
Қалың езу, қара тіл, шын қыраннан,
Кезіксе де аң құтылмас қиуасыз жер.
***
Саңғыру жүні сабалақ, алқалы кер,
Тақысы, бүкісі жоқ қомағай ер.
Айыр сүйек ашамай арасы кең,
Болса жақсы, бұл-дағы бір қарар жер

Топшысы әлді біткен жоғарылау,
Шалғысы құйрығына барса таяу.
Ұшса ұшқыр, тау басында
шақырмайтын,
Бір түлкіден басқаға болмаса жау.

***
Имек емес, сәл иін, аю тұяқ,
Саласы бұрыс емес, шаршы саусақ.
Тұтам төрт елі жуан шоқпар санды,
Төрт болат, көкшіл түсті, бұжыр аяқ.

Мақтадай түбіті бар қалың жүндес,
Дауысы жарықшақсыз жылан үндес.
Аршыса арылмайтын ақалалы,
Қыран құс қайда екен қолға түспес?!

Бірінші өлеңді ҚХР ШҰАР Алтай аймағы құсбегісі Ш.Жәңгірұлы жарияла­са, екінші жыр Семейде «Абай» журналында жарияланған, үшіншісі «Көктоғай ауданының өлең-жырлары» жинағында жарық көреді. Әрбір өлең ұлы даланың әр өлкесінен, әрқилы адамдардың аузынан, әртүрлі кезең­де жазылып алынғанмен қалыпқа құйғандай ортақ сипат танытады. Қолға түскен деректерді саралағанда қыранның мүсіні, кескін-келбеті, тұлға-тұрқы, сүйек бітімі, мінез-құлқы, жас ерекшелігі, қауырсын-қанаты, түр-түгі, ат-атақтары бірізді екендігіне көз жеткіздік.

Мініскер құсбегілер «бас бастайды, аяқ қостайды», «үйірімен үш тоғыз» дегенді айтып, қыранның әрбір мүшелерін үшке жіктеп, жеке-жеке талдап сынаған. 1989 жылы құсбегі Шаяхмет Жәңгірұлы жариялаған бүркіт сынымен 2013 жылы экспедицияда ҚХР ­Алтай аймағы Шіңгіл ауданында тұратын Құрманбек Тоқтаубайұлы айтқан мәлімет ұқсас болып шығып, бірін-бірі толықтыра түсті. Анықтағанымызда Қ.Тоқтаубайұлы Ш.Жәңгірұлының мақаласымен таныс емесі айқын болды, сонымен бірге осы бағыттағы деректер Қазақстанда, Моңғолияда жарияланған мұралармен негізінен үндес екені, тіпті қырғыз саятшылық сынымен де сабақтасып жатқаны құсбегілік өнердегі дәстүр жалғастығын аңғартады.

Бұл жайттарды байыптай келе бүркіт сыны туралы пайым мен таным, ұғым мен түсінік есте жоқ ескі заманнан ел аузында айтылып, елек-сүзгіден әбден өтіп, барша қазаққа ортақ болып сұрыпталып, бір арнада қалыптасқан деп қорытынды жасауға болады.

Экспедиция кезінде Құрманбек Тоқтаубайұлы аудандық қарт құсбегі Дәукей ақсақалдың «Жонның саршегірі» деген құсын қолына қонғызып, дәстүрлі бүркіт сынын айтып берді. Құсбегі Қ.Тоқтаубайұлының бүркіттің әрбір мүшесін жеке-жеке саралап, қолымен ұстап, саусағымен нұсқап мұқият түсіндіру сәті телекамера арқылы жазылуы – бұрын түсініксіз бұлдыр болып келген көп жайттың басын ашуға ықпал етті әрі қыранның анатомиялық күрделі кескін-келбетіне жақыннан қанық болуға мүмкіндік туғызды.
Біз осы зерттеуде Қ.Тоқтаубайұлы аузынан жазып алған деректерді халық қазынасының білгірі Ш.Жәңгірұлымен қосымша толықтырып, ішінара басқа мәліметтермен кешенді салыстырып, бүркіт сыны туралы дерекқорын бірізге түсіріп, жүйелеп, сұрыптап, жіктеп, саралау жұмысын жүргізу арқылы дәстүрлі бүркіт сынын жаңғырта толықтауға, топтауға ден қойдық.

Саятшы Құрманбек Тоқтаубайұлы­ның айтуынша, бүркітті алғаш қолға үйреткен Жалайыр Шора, ол «Көкшенің қаусырмасы» деген құсты ұстаған. Бүркіттің үй тұғырдағы жасы отызға толады, яғни отыз рет түлейді деген сөз бар болғанымен, құсбегілер негізінен бір бүркітті 9-10 жыл баптап ұстаған. Оның айтуынша бүркіттің жасы төмендегідей: 1.балапан; 2.қантүлек; 3.тірнек; 4.тастүлек; 5.жана; 6.қана; 7.ана.
Қ.Тоқтаубайұлы кейбір құсбегілер бүркіттің жасының томар, бармақ, баршын, молатүлек, шолақтүлек (Қартайған сайын құйрығы қысқарып кететін себепті), т.б. атауларын қосып жиырмаға таман жеткізетініне де назар аударды. Жалпы, құсбегілер жергілікті ерекшелікке сай құстың жасын әртүрлі айтатыны белгілі. Мысалы, осы Шіңгіл ауданының құсбегісі Дәукей ақсақал бүркіт жасын басқаша таратып берді. Олар мынадай:1.балапан; 2.тірнек; 3.тастүлек; 4.ана (4 жасында құс бірінші рет жұмыртқалап ана болады) 5.құмтүлек; 6.қутүлек (5-6жасқа келгенде құс туғандықтан түлемей қалады, сол себептен құмтүлек, қу түлек дейді); 7.мұзтүлек (7 жасында құс тумай ту қалады, сол себептен мұзтүлек дейді); 8.қана; 9.балабаршын; 10.тұлымыр; 11.сана (Бұл сана деген сөз осыдан кейін жас жоқ, оны өзің сана, тап дегені).

Бүркіттің басы. Кешкіл бас. Басы онша үлкен емес ықшам, кішкене, сопақтау шықшыты қабақты келеді, тұмсығы жұқа, желке жүні жонына төгіліп түспеген, қысқа. Жалпы кешкіл деген кішірек, кейкі деген сөз, мысалы жыланбас деген қырандықтың белгісі болғандай, бұл кешкіл деген ықшамдықты білдіреді. Тұмсығы жұқалтаң ұзындау, ал бас қаңқасының ені ықшам болады. Ш.Жәңгірұлы бойынша:«Кешкілбас құстың милығы кішірек, тұмсығындағы сары терісі мен көк мүйізінің айырылған шекарасы қарамаққа сәл батыңқылау немесе оязырақ көрініп, көк тұмсығы шәушиген болады».
Жалпы құсбегілер кешкілбас, кешкіл тұмсық, кешкіл маңдайды қырандық белгі деп таниды. Мұндай құсқа «кезеген кешкіл» деп атақ та береді.Қырғыз халқында да «кечкил тумшук» құсты қыранға санайды. Б.Солтоноев: «Көк тұмсық, көк аяқ, тұмсығы ұзын, кешкіл, төс сүйегі мүйізді және қырлы болат» деп жазады.
Жыланбас. Басы сұқсиыңқы, сұңғақ, көзі қабақты, екі шықшыты шығыңқы, төбесі сопақ. Аңға аса жарам­ды, алғыр қыранның бел­гісі. Ш.Жәңгірұлы бойынша: «Жыланбас құстың екі шекесі қысыңқы, милы­ғы кішірек, маңдайының үсті тар келеді».
Бақабас. Төбесі жалпақ, тұмсығы негізі қысқалтаң, тұштиғандау болады. Аңға баруы сараң, мұндай құстар көбінде еркек саршадан шығады, ондайды «сарша, бұқатана» деп көңіл жұбатып та атайды, яғни онша қыран емес. Нағыз қыран қолға түспегенде осы бұқатананың өзін де баулып аңға түсіре алады мініскер құсбегі. Ш.Жәңгірұлы бойынша:«Жалпақбас құстың екі шекесі шығыңқылау, милықты келеді.Мұндай құстарды бақабас деп те атайды. Бақабас құстар ұлы денелі құстардан көп кезікпейді, қайта бұқатанамен өте кішкене саршалардан көп кездеседі».
Бүркіт көзінің сыны. Жадағай көз. Адамға мейірі аз, жалтақойлау, аңға да сараң барады. Ж.Бабалықұлы жазуынша, «Көздің арты жазаң, жайдақ, тайқы келсе, мұндай құс жүрексіз, жалтақ, жасқаншақ болады дейді де, керген түлкіге түспейді деп есептейді. Құсбегілер тілінде жайдақ қабақ құс «кергенге түспес кер жайдақ» деп аталады».
Жылан көз. Көз ұясы кішілеу, көзінің сырты ойықты, өңіс қабақ, көреген, бұл қырандықтың нышаны.
Су көз. Сәнге болмаса аңға бармайды, көзінің алды мөлтілдеп суға толып тұрады. Жалтақой, қорқақ келеді.
Саят құсының көз жанарының өң-түсі, бүркіттің туған жерінің реңіне, яғни жағырафиялық ортасының ерекшелігіне байланысты қалыптасатындықтан соған байланысты аталады, суреттеледі. Мысалы: саршегір, көкшегір, құмшегір, т.с.с. Ш.Жәңгірұлы бойынша: «Бүркіттің көз бітімі әртүрлі болуына қарамастан қайта қабағы биік, көзі шүңірек, ішкері біткен болса, бүркіт алымыр келеді дейді. Егер бүркіттің қабағы биік емес, жұқалаң, көзінің артқы жағы жайдақ келсе, ондай құстарды жалтақой, қашаған немесе айнымалы жүрексіз дейді».
Моңғолиялық құсбегі Т.Сауыр­жан­ұлы дерегінде қыранның жанарына қатысты «тоғайлы көз» деген атау да кездеседі: «Анықтап қарағанда шатынаған сарғыш көздерінің қарашығының айналасы күздегі сарыала тартқан шоқ-шоқ тоғайдың суреті іспетті елестейді».
Бүркіттің көзі ерекше өткір болады, ол туралы құсбегілер «Алтайда томағасы тартылған қыран Сауырдағы түлкіні көреді» деп әсірелейді.

Бүркіттің тілі. Қылтылдаған қызыл тіл. Бұл күйшіл, күйден жаңылғыш бо­лады, бап талғайды. Бұл туралы Ж.Ба­ба­лықұлы «баптың азын да, көбін де ұнат­­пайтын қызыл тіл» деп жазады.
Қанға тоймас қара тіл. Бұл нағыз қырандықтың белгісі. М.Тәстембекұлы қолжазбасында «Қалың ерін, қара тіл, қанға тоймас, қанша қымбат алсаң да басын жоймас» деген мүсіндеу бар. Мұндай құсты Ж.Бабалықұлы «баптың артық-кемін де елемейді» дейді. Ел арасында мынадай өлең бар:
Қалың ерін, қара тіл,
Барлық құстан жаны асыл.
Өндіршекті, өр мінез,
Өзің баптап сала біл.
 Болбыраңқы боз тіл. Бұл күй тартатын, аңға бармай әуре ететін осал құстың белгісі. Ж.Бабалықұлы «Бабы қиын, күйі қатты, тілін таппасаң зар күйіне түспейтін, қырланып-сырланып, құйқылжып-құбылып қалатын құстың тілі бозғыл түсті келеді дейді» деп жазады.
Сонымен бірге құстың езу шы­бығын да (езуін) бірнеше түрге бөледі. Мәселен, осы Саршегір бүркіт езулі емес, ал қарымды құстардікі езу шыбығы қайырылып жатады. Ал бұл саршегір орта сүйекті құс болғандықтан езу шыбығы да сәл ықшам деуге болады. Ж.Бабалықұлы салпы езу, сыздықты езу (сыздықты перен), жырық езу ұғымдары қыранды даралайтын ерекше қасиет екенін айтады.

Бүркіттің тұмсығы. Бұл туралы сынды Ш.Жәңгірұлы дерегі бойынша береміз, себебі Қ.Тоқтаубайұлы ол туралы мәлімет айтпады.

Қылыш тұмсық. Алдынан қарағанда бейне қылыш тәріздес, жұп-жұқа көрініп тұрады. Астыңғы иегі (жағы) түзу, езуінің кемер шыбығы пышақтың сырты сияқты сыртына қайырылып біткен, тағы да тұмсығының сары терісі мен көк мүйізінің арасы жабысқақ болмай, қайта мәлім мөлшерде жіктеліп тұрады. Бұл аса толымды сын. Ж.Бабалықұлы мұндай қыранды «қылыш тұмсық қырып сал» деп жазады.
Қалың тұмсық. Тұмсығының үсті қоңырайған, алдынан қарағаныңызда дүрбиген қалың, астыңғы жақ сүйегі сәл үстіне қарата қиыстау болады, мұндай бейнелес құстарды әр қандай және үлкен болуына қарамастан аса бапшыл қыран емес деп қарайды. Ж.Бабалықұлы мұндай бүркітті «орақ тұмсық» деп жазған.

Дереккөз: anatili.kazgazeta.kz