- Негізгі бет
- Қансонар
- Қыран бүркіттің қазақ...
Қыран бүркіттің қазақ үшін қадірі #2
Құсбегінің құсы алғаш рет аңға ұшуын "құс аяқтанды" деген, ал ұстаған аңын "тырнақалды" деп атайды, ал саяттағы алғаш аң алуын "бауашар" атап, оларға арнайы кәде жасайды. Яғни, ауыл адамдары құс пен құсбегіні қарсы алып, шашу шашады.
Құс ұстайтын торды құрар алдында қазақ құсбегілері тоқылған торды өз үйінің есігінің маңдайшасынан іліп, етегін екі босағадан салбыратып түсіріп қояды. Бұл әрекеттің аңшылар ырымында асты-үстінен адам жанасып, көп аттаған жабдық түзде құр жатпай, жолы ашылып, құс тез түседі деп сенгендіктен.
Бүркіттің тұғырына адам отыруға болмайды. Атадан балаға мұрагерлікке қалдырылатын киелі зат деп танылады. Қазақта: "Ат өлсе ер-тоқым үйіледі, құс өлсе тұғыр күйінеді"- деген аталы сөз тұғырды бос қоймай, ұдайы қолдану қажет деген қағиданы меңзейді және біреу құс ұстап алып келсе, міндетті түрде тарту еткендігін білдіреді.
Киіз үйдің қанатынан ұраңқайлап тіккен "бүркіт қосы" қасиетті деп саналатындықтан оған кірген адам міндетті түрде даусын соза сәлем беріп бас сұғады. Ал киіз үйдің оң жағында бүркіт болса шаңыраққа бір сәлемнен кейін, бүркітке қарай бұрылып оған да сәлем береді.
Аушы құсқа тамақты тек ағаш ыдыспен ғана береді. Егер темір ыдыстан жем берсе, қыранның сағын сындырады деп, оған тыйым жасайды.
Саятқа шыққан аңшыны қазақ дәстүрінде аттандырмайды. Тек кетіп бара жатқанда: "Жолдарың болсын! Саяттарың сай болсын, қанжығаларың май болсын!" дегендей тілек айтады. Саят кезінде бөгде біреу кездессе аңшылар "Байлансын-ақ" дейсіңдер. Ал сәлем-тілекті бөгде адам бұрын айтса, аңшылар "Майлы шұжық айлансын-ақ" деп тілектестік білдіреді.
Қазақ құсбегілері қолындағы қыран құсы өлгенде дауыс шығарып жылап, жоқтау айтып, қайғыланған. Сондай-ақ, қыран құсы өлгенде кез келген жерге жерлей салмаған. Өлген құстың сүйегін биік қарағай немесе тағы басқа ағаш бастарына іліп қойған. Олай болмаған жағдайда қыранның өзі түлеп ұшқан ұясының маңына арулап жерлеген.
Көп жыл серік болған құсын қариялар қартайса да құрметтеп үй жанында ұстайды. Ал қайраты қайтқан қыранды "құс тебінен қатты" деп қоя беретін де дәстүр бар.
Бүркіт - адамдарға бақыт әкеледі, егерәки ол жол үстінде кездесіп қалатын болса, жолы сәтті болады. Егер өшіксе, сол адам айықпас ауруға ұшырайды.
Халық ұғымында бүркіт бірнеше жыл қатарынан ұя салып, балапандарын басып шығарған ағаш қасиетті деп есептеледі. Оның ұясын бұзған адам бақытсыздыққа ұшырайды. Бүркіттің ұясын сипап, оған табынып, бала сұраған әйелдің баласы болады, әрі ол бүркіттей батыл, ер жүрек келеді. Бүркіттің түсіп қалған жүндерін жинап әкеліп, үйге іліп қойса, пәле-жала жоламайды. Парсылар күні бүгінге дейін егін бітік шықсын деп құс жүн-қауырсындарын егін сепкен кезде шашады."
Сайып келгенде, аушы құсты қолға ұстап алу, үйрету, баулып аңға салу көлденең өткен көк аттыға жолыға бермейтін, әркімнің пешенесіне жазылмайтын қадірлі де, қасиетті құбылыс. Сондықтан да дәстүрлі қазақ қоғамында Тәңірден берген ерекше бұл сыйды басқаға сыйлау, сатуға онша құлықтылық танытпауы былай тұрсын, құсбегіліктің қыры мен сырын бөгдеге үйрете бермейді. Отбасылық әулеттік сипаттағы бұл өнерді өз үрпағына аманаттап үйретіп, құсбегілікте қолданған құрал-жабдықтарымен қоса үйреткен құпия қыр-сырын "мұрагерлікке" қалдыратын, кие тұтатын өнер.
Б. Хинаят, Қ.М. Исабековтің "Саятшылық қазақтың дәстүрлі аңшылығы" атты кітабынан...
Ұқсас жазбалар:
1. Қыран бүркіттің қазақ үшін қадірі
Е. Жұмабайұлы