Құмай жүгіртіп, құс салу — ата-бабамыздан аманат болып қалған асыл өнер. Аушы құстарды баулитын қазақ құсбегілері оған қажетті жабдықтарды да өздері дайындап алған. Дана бабаларымыз ұрпағына құс баптаудың қыр-сырымен бірге оған қажетті құрал-жабдықтарды жасауды да үйретіп отырған. Осы орайда көзіқарақты оқырмандарымызға құс баптауға қажетті құрал-жабдықтарды жүйелі түрде таныстырып шығуды жөн көрдік.
Түтік – бүркітті қайтарып баптаған кезде құстың көмейіне жүгіртіп қолданатын тырна, қарақұс немесе малдың жіліншік сүйегінен немесе өзекті ағаштан дайындалған аспап. Ұзындығы шамамен 30 см, жуандығы саусақтай болады. Жіліншік сүйек түтіктің екі басын тұжырып, сыртын егеп, доғалдап, ысып майдалап, екі ұшын жұп-жұмыр етіп өңдейді. Өзекті жұмсақ ағашты жарып, өзегін ойып, қайта жапсырып, сыбызғы тәрізді етіп те жасайды.
Түтікті семіз тоқ құстардың ішін шайып, салқындатып, арытуға және ішін тазалауға, саңғытуға қолданады. Ол үшін түтіктің жіңішке басын бүркіттің өңешіне, әріге жемсауына қарай жүгіртіп, сыртқа шығып тұрған екінші ұшынан салқын су, қара шай құяды.