Құмай жүгіртіп, құс салу — ата-бабамыздан аманат болып қалған асыл өнер. Аушы құстарды баулитын қазақ құсбегілері оған қажетті жабдықтарды да өздері дайындап алған. Дана бабаларымыз ұрпағына құс баптаудың қыр-сырымен бірге оған қажетті құрал-жабдықтарды жасауды да үйретіп отырған. Осы орайда көзіқарақты оқырмандарымызға құс баптауға қажетті құрал-жабдықтарды жүйелі түрде таныстырып шығуды жөн көрдік.
Сүзу жіп — қыран құс қашып кетпес үшін қанат, құйрығына байланатын, қабаттап ширатылған жібек жіп. Жіпті инеге сабақтап, бүркіттің шеткі ұзын шалғылығына, құйрығының қауырсындарының ортасын ала өткізіп қояды. Аңға ұшырарда сүзу жіппен ұзын шалғыларының төрт-бес талын немесе құйрығын тұтастай буып, байлап ұшырады. Кейде оң қанат құйрығын байлап тастайды.
Осылайша құйрығы "байланған" құс ұшқанда қанат құйрығын еркін жаза алмайтындықтан ұзақ, шырқау биікке жете алмайды, тар аяда қалып, көкке самғай да, алыстап ұша да алмайды. Сүзуді асау құс етене жақын бауыр басып, жуасып үйренгенше ғана қолданады. Ал жатбауыр бүркітті аңға ұшырғанда ұшып кетпес үшін құйрығын «сүзіп» қояды.
Б. Хинаят, Қ.М. Исабековтің "Саятшылық қазақтың дәстүрлі аңшылығы" атты кітабынан.