2018 жылы ақпан айының 8-10 аралығында құсбегілер арасында Қыран-2018 республикалық байқауы өтті. Осы сайыста арпа ішінде бір бидай болып, жігіттермен иық тірестіре Арай Алдоңғар есімді атыраулық қыз да өнер көрсетті. Ақбаян атты қаршығасымен екінші орын иеленген жеңімпаз Массагет сайтына сұхбат берді. Құс баптау өнеріне деген қызығушылығыңыз қай кезде оянды? Ата-әжем Атырауда мал ұстайтын, кішкене кезімнен сол кісілердің қолында өскендіктен, табиғатқа жақын болдым. Жан-жануармен тез тіл табысатынмын. 1-2 жыл бұрын Алматыға көшіп келдім. Жұмыс бабымен қазіргі ұстазым Руслан Абылмен таныстым. Ол кісі маған сұхбат беріп, құстарын көрсетті. Осы кезден бастап құс баптауға қызығушылық пайда болды. Бұл құс қолыңызға қалай қонды? Құсбегілікке қызығушылығымды байқаған ұстазым маған өзінің қаршығасын сыйға тартты. Жақын арада жарыс болатынын айтып, қатысуға ұсыныс жасады. Орыстар асыраған жануарыңа жауаптысың дейді. Бұл өте жауапты іс болғандықтан, көп ойландым. Ақыры шешім қабылдап, жарысқа дайындықты бастадым. Оны қалай баптайсыз? Өзіңізге қандай бап жасайсыз? Чемпионат басталған күннен құсты өз үйімде ұстадым. Себебі ірі құстар барлығы бірге көлікпенкелетін болғандықтан, бір-бірін талап тастауы мүмкін. Сондықтан 2-3 күн балконда бақтым. Басқа күндері ұстазымның үйіне аптасына 2-3 рет барып тұруға тырыстым. Әзірге әуесқой бағытта айналысып жатырмын. Құс баптауға шыққан бірінші күннен Ақбаян екеумізде жақсы тандем пайда болды. Қолға шақырғанда бірден ұшып келді. Бұлар киелі құс қой. Сен менің құсымсың, мен сенің қожайыныңмын, сен менің айтқанымды істеуің керек деген қатынасты қолдамайды. Бұлармен серіктестік қарым-қатынас құруың керек. Яғни Сен ақылдысың, сен алғырсың, қабілеттісің, тек ерінбей жұмыс жасасаң, бірлікте болсақ, сенің де қарның тоқ болады, менің де көңілім тоқ болады деген сияқты сөздермен тәрбие беруіміз керек. Өзіме жасайтын күтімге келер болсақ, шыдамдылық, ұйқыны қандыру, уақытылы тамақтану, қозғалыста болу осы ережелерді ұстанамын.Құсты кептерге жібергенде, алысқа ұшып кетеді. Сондықтан қонған жеріне тез барып, қолыңа қондырып аласың. Себебі бұл киелі құс. Еркіндікті сезіне салысымен, аяқ астында басқан жемтігін жеп, ұшып кетуі мүмкін. Сондықтан үнемі денені қыздырып, жүгіруге дайын болу керек. Қаршығаңызды Ақбаян атауыңыздың себебі неде? Қазақта Мал егесіне тартады деген жақсы сөз бар. Бұл мінезді құс. Ерекше мінезі бар: кірпияз, томағасын кигізіп қойсақ та, ет жеп болғаннан кейін тұмсығына жұққан тағам қалдығын сүртініп, еттің қалдығын алып, таранып отырады. Ақбаян қызға арналған нәзік ат қой. Жыртқыш құсқа қарағанда, әдемі сыланған қызға тән мінезі басым түседі, сондықтан Ақбаян деп ат қойдым. Сурет салу, би билеу, жүргізушілік, актерлік шеберлік, құсбегілік біз білмейтін басқа қандай қасиеттеріңіз бар? Біраз ән айтамын. Сонымен қатар жақында қобыз тартуға деген қызығушылық пайда болды. Енді бастап үйреніп жатқаннан кейін әлі ешкімге жария ете қойған жоқпын. Нәтиже болған кезде жариялаймын. Бір істі тез бастап, қызығушылығыңыз тез басылып қалатын сәттер бола ма? Ондай кез болған жоқ. Себебі табиғатыма жат нәрсені қабылдамайтын қасиетім бар. Осындай өнердің барлығын бірдей алып жүру үшін адам қандай болуы керек? Адам шынайы болуы керек. Қоғамда, елімізде қазақ қыздарына деген сыни пікір көбейіп кетті. Бізде пікір айтпас бұрын былай бастайды: Қазақ қыздары осындай болған деп өткен шаққа қалдырады. Жоқ, қазақ қыздары әлі күнге дейін осындай. Тек бізде қоғамда теріс қылық қалыптасқан. Жақсылығы 100 пайыз болып, бір пайыз кемшілігі көрінсе, бір ғана кемшілігін бері тартып, хайп жасауға әуес боп тұрамыз. Ел боламын десең бірлікте болу керек, сондықтан жамандығымызды жасырып, жақсылығымызды асырып жүрсек, бәрі де жақсы болады. Бұл қанмен келген қасиет, қаламмен келген өнер. Атқа мініп, мұндай қазақи өнерге бет бұруды әр қазақ қызы қалайды деп ойлаймын. Себебі бұл қанда бар қасиет. Қыздар нәзік жанды, жараланғыш болғандықтан, демеу беріп, қолдау көрсету керек деп ойлаймын. Сіз үшін құс баптау өнер ме, спорт па? Көпшілігі мұны жақсы спорт деп жатады. Мен үшін ол спорттан бұрын өнер. Бұл өнерге әркім құмар. Құсты ұстап көріп, суретке түсіп, бір уақыт қызықтағысы келеді, бірақ машақатына төзе бермейді. Яғни күн сайын барып, ет беріп, далаға алып шығып, баптауға деген құлшыныс төмен. Нарық заманы болғандықтан адамдар мұндай істі өзіне жат көреді. Бірақ құсбегілік өнері кенжелеп қалса да, ақсүйектік статусы бар өнердің бірі болып, ұрпақтан-ұрпаққа жете береді деп ойлаймын. Тек ұйымдастырушылар осындай турнирлерді, чемпионаттарды жиі-жиі жасап тұрса деймін. Кішкентай балалар, үлкен жігіттер қатысып жатыр. Енді жарыстарда мен сияқты қыздардың қатары көбейсе, осы өнерге деген қызығушылық артып, еліміздегі тағы бір сала туризмнің дамуына зор үлес қосады деп ойлаймын. Себебі бұл қазақи өнер.