Қазақ – жан-жануардың қасиетін көріп, құрметтей білген халық. Құстың киелісін, аңнын паңын танып, оған сый көрсеткен. Қазақ халқының қандай құстарды киелі, қасиет тұтқанын бұған дейін де жазған едік.
Қазақ қасиет тұтқан киелі құстар
Киелі құстардың қатарын тағы да толықтыруа болады.
Үкі. Қазақ киелі санаған құстардың бірі – үкі. Үкінің қауырсынын ұлттық әшекейлер мен бойтұмар жасайды, баланың бесігіне, тақиясына іліп қояды. Бақыт, табыс әкеледі деген сеніммен ақын, әншілер бас киімін, домбыраcын үкілеген.
Үкінің жүні қазақтың ескі салты бойынша әсемдіктің белгісі деп саналған. Сондықтан ерте кезде бақсы, молдалар, хан тұқымдары, атақты батыр-ақындар, сал-серілер үкі тағып жүрген.
Ұзатылар қызға, қайнына баратын күйеуге, алғаш отау болғанда шымылдығына үкі қадау ғұрпының бір жоралғысы осыдан қалса керек. Үкінің балақ жүнін – ұлпа, ал бауыр жүнін – қара қасқа үкі деген.
Қара қасқа үкіні көбінесе ерлер қадаған. Сәукеле, тақия, бөрік сияқты қыз-келіншектер дүниесіне көбінесе ұлпа (балақжүн) үкісі қадалған. Ақ үкінің жүнін түрлі-түсті етіп бояп та пайдаланған.
Үкіні неліктен қасиет тұтты дегенге келетін болсақ, мұсылман халықтың танымында үкі қанатында Құранның құпия сөздері жазылады деген таным болған. Сондықтан болар қазақтар үкінің әр тал қанатын бесікке, балалар тақиясына, әйелдер кимешегіне, жүйрік аттың жалына және түрлі ұлттық аспапқа тағып қояды.
Қаз. Халқымыздың дүниетанымында қаз, аққу, үйрек құстары тотемдік ұғыммен байланысты.
Халықтың танымында қайтыс болған адамның жаны аққу мен қазға қонады деген ескілік сенім болған. Жанды құсқа теңеу, балау құбылысы болған көрінеді. Бұған «Қыз Жібек» жырындағы Төлегеннің жан тапсырғалы жатқан кезде алты қазға бар өкінішін айтып, қоштасуы дәлел:
Әуелеп ұшқан алты қаз,
Етің шекер, сорпаң баз,
Қонам десең жануар, міне майдан, міне саз,
Қособаның жонында,
Құс қонбас құла жапанда,
Жылай-жылай бір жалғыз,
Дүниеден өтті дегейсің.
Ал «алты қаз» атауындағы алты санының өзіндік ерекшелігі «шексіз, көп» деген көне мағынаны білдіреді. Алты шекті, Алты алаш деген ұғымдар содан шығады.
Үйрек. Қазақтың мифтік санасында аққу, қаз сынды үйрек құсы көп атала қоймайды.
Бірақ үйректің де халық танымында жанмен, рухпен байланысы бары байқалады. Мәселен, ХІХ ғасырда өмір сүрген Кемпірбай ақынның Әсет Найманбайұлымен қоштасқанда жанын «ала үйрекке» теңеуі тегін емес.
Әсетжан, осы аурудан өлем білем,
Алланың аманатын берем білем.
Кеудемнен көкала үйрек «қош» деп ұшты,
Сол шіркін кәрі жолдас өлең білем.
Өлең-ғұмырды өміріне балаған ақын бақылдасу сәтінде жанын үйрекке теңеп қош айтысты.
Ақын Жанар Әскербекқызының айтуынша, қоңыр үйрек жайлы кейбір мифтік желілерге көз жүгіртсек, қоңыр үйректің бағзы замандарда бұл құстың да ерекше киелілік сипаты болғанын аңдатса керек деп қорытады.
Қыз ұзатарда айтылын тойбастар жырының бірінде:
Қолға алған қара сабаң құтты болсын,
Ішінде қоңыр үйрек пырылдасын...–
деген жолдар кездессе, мифтік әңгімелерде байдың тоқалы аққу болып ұшқанда, бәйбішесі қара сабаны пісіп-пісіп жібереді, сонда одан қоңыр үйрек пыр-пыр етіп ұша жөнеледі. Қоңыр үйректің киелі құсқа айналуына таза, қорық суда өмір сүретіні себеп болса керек.
Тұрсын Жұртбайдың айтуынша, орыс тіліндегі «гоголь» сөзі «көк ала үйрек» сөзінен шығады. Ақын Николай Гогольдің «гоголь» аталуы да тегін емес деседі.
Қаршыға қыран құстар тобына жатады. Ал халқымыз қыранды киелі санап, ерекше бағалаған. Халық танымында балаға ырымдап қыран құстың атын қоятын болған. Қыран құстай қайратты, ұшқыр, қырағы болсын деген ырыммен. Солардың бірі – Қаршыға есімі. «Қыз Жібек» жырындағы Төлегеннің досы Қаршыға болғаны белгілі. Қаршыға Ахмедияр есімді күйші болған.
«Қанаттары бірде жоғары қарай атылып, бірде құдия төмен сорғалап, қырындап бұлдырай ұшады» деп сипаттаған академик Әлкей Марғұлан қаршыға құсын.
Қаршыға құс атауын естігенде, қаршыға төс, қаршыға көзді, қаршыға тұмсық, қаршығадай алғыр кескінді, қаршығадай шағын ғана бой, қаршыға бейне, қызыл көрген қаршығадай тіркестер ойымызға келеді.