Қазақ – жан-жануардың қасиетін көріп, құрметтей білген халық. Құстың киелісін, аңнын паңын танып, оған сый көрсеткен.
Қазақстанда 500-ден аса құстың түрі мекендейді екен. Олардың бірі – жыл құстары болса, бірі – жыртқыш, ал енді бірі – қысы-жазы қазақ даласынан шықпайтын жершіл құстар.
Қазақ киелі санаған құстарға келетін болсақ, онда ең алдымен қыран бүркіт ойға оралады. Халқымыз бүркітті кербез, паң, тәкаппар құс санайды. Құс патшасы бүркіт деп білген. Сондықтан аспанмен, көкпен теңеп, «дала сермеңдесі», «көк тәңірісі», «мұзбалақ», «аспан перісі», «қанаттылар ханы» деп қастерлеген. Бүркітті ақиық, мұзбалақ, қараша, көктабан, шөгел, көк бүркіт, су бүркіт, дала бүркіт, тау бүркіті деп те атайды.
Жаяу Мұсаның «Көкмойын», Шайманның «Саршолақ», Ақан серінің «Қараторғай» сынды даңқты құстары болған. Ол ел-жұрт әлі күнге дейін аңыз қылып айтып жүреді.
Бүркіт – жеті қазынаның бірі, ер жігіттің не асылының бірі. Халқымыз баласына бүркіттей алғыр, қырағы, батыл болсын деп Бүркіт, Бүркітжан, Бүркітбек, Бүркітбай деп ат қойған.
Бүркітті кие тұтқан халық ол өлсе, иесі оның қауырсыны мен мамығы, құйрығы не тұяғын үйге, төрге іліп қоятын болған. Кейде бесіктің басына да ілетін болған. Бұл – "бүркіттен пәле-жала, жын-шайтан қашады" деген наным-сенімнің нышаны.
Қазақ түсінігіндегі тағы бір киелі құс – аққу. «Аққуды атпа, киесі атады» деп аққу мылтық кеземейтін болған. Мұқағали Мақатаевтың «Аққулар ұйықтағанда» повесінде аққуға оқ атудың қандай зобалаң, оңбаған іс екені баяндалады. Аққудың киесі ұрған ананың тағдыры баяндалады.
Қазақ тілінде "аққудың топшысындай", "аққудың үніндей", "аққудың көгілдіріндей", "аққудың мамығындай", "аққудың сылануындай" тәрізді сан алуан тұрақты сөз орамдары бар.
Аққуды сұлулық пен махаббаттың бейнесіне теңеген. Аққудың қасиеті де сол – махаббатқа беріктігі. Аққуды пәк, таза, құс төресіне балаған.
Халық аққудың кербездігі мен пәктігіне қызығып, оған арнап күй шығарған. Қобыздың күңіренген үні аққудың сұңқылы мен қанатының сыбдырын сездіріп, тыңдаған адамға тебіреніс сыйлайды.
Киелі құстардың бірі – қарлығаш. Жыл құсы саналатын қарлығаштың ұясын бұзбайды, балапанына тиіспейді. Қарлығаш ұя салған үй мен қораны киелі санайды. Қарлығаш елге оралғанда жақсылыққа балайды.
Тіпті, «Қарлығаш әулие» атанған Төле биден қалған мынандай аңыз бар. Ел ауған «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» кезінде Төле киіз үйін жықпай, қасиетті жұртын қимапты. Сонда жоңғар қолбасы Төле биден көшпей қалуының сырын сұрапты.
– Шаңырағыма бір бейкүнә қарлығаш салып еді. Ол – жер бетін топан суы басқанда Нұқ пайғамбардың кемесін сақтап қалған, адам баласын жылан шақпақ болғанда қызғыштай қорыған құс. Осындай киелі құстың ұясын бұзып, балапандарын зарлатып-сарнатып кете алмадым, – дейді дана Төле би.
«Бір ауыз сөзі мың ауыз сөзге татитын» Төленің ғажайып болмысын, әділ шешімін таныған жоңғар қолбасшысы:
– Шын әулиенің өзі екен, – деп өзіне де, еліне де көз алартпапты.
Қазақ құрмет тұтқан киелі құстардың тағы бірі – наурызек. Наурызек – наурыз айында ұшып келетін көктем құсы, торғай. Ел ішінде наурызкөк, наурыз торғай, жылқышы құс немесе көкқұс аталатын жұдырықтай ғана жыл құсы өкпек есіп, қар ери бастағанда өзгелердің алды болып ұшып келеді. Оны да ел-жұрт жаздың белгісі ретінде күтіп жүреді.
Оны алғаш көргендер «Наурызкөгім келдің бе?» деп шақырып, жем береді. Наурызекті ешкім қумайды, үркітпейді, оны бақыт құсы қатарына қосады. Ол келген соң күннің суығы сына бастайды, өте бір суық, боранды күндер болмайды.
Тағы қандай қасиет қонған құстарды білесіздер?