Құмай жүгіртіп, құс салу — ата-бабамыздан аманат болып қалған асыл өнер. Аушы құстарды баулуды жанына серік еткен қазақ құсбегілері оған қажетті жабдықтарды да өздері дайындап алған. Дана бабаларымыз ұрпағына құс баптаудың қыр-сырымен бірге оған қажетті құрал-жабдықтарды жасауды да үйретіп отырған. Осы орайда көзі қарақты оқырмандарымызға құс баптауға қажетті құрал-жабдықтарды жүйелі түрде таныстырып шығуды жөн көрдік.
Осылайша білезік формасындағы екі балақбаудың бүлдіргесіне немесе шығыршығына шолақбау (кейде желібау) аталатын ұзындығы 1-1,5 қарыс (20-30 см), жуандығы 3 мм мөлшеріндегі қайысбау жалғанады. Оған жіңішке таспа немесе өріп ширатқан жұмыр қайыс таңдалады. Қолдағы бүркіт талпынғанда, сусып шығып кетпес үшін екі баудың ортасына бір-бір түйін, бөгет кедергі салынады. Аттың тұсамысы тәрізді балақ және шолақ баулар құсты тұғырға қондырғанда, алып жүргенде, жемдегенде құстың аяқтарының еркін қозғалуына, құсбегінің ұстап отыруына жағдай жасайды. Аңға да осы баумен ұшады, қашып кеткен жағдайда да аяғынан түспейтіндіктен, түз бүркітінен ажырату оңайға соғады. Және де мұндай қолға үйретілген қыранды айламен қайта ұстап алуда оңай.
Ал ұсақ құстардың балақбауының білезік тұсының диаметрі 2-3 см-ден аспайды, желі бауының ұзындығы бүркіт желі бауының жартысындай ғана болады.
Балақбау құс тұғырдан ұшып кетпес үшін, ал іргебау қыран ұшарда ұзап кетпес үшін аяғына тұсау болады деп түсінеміз. Құсты аң аулауға үйретерде, баулу кезінде, шырғаға салғанда ол қайта көтеріліп ұшып кетпес үшін жіп байланады. Құсты арқандағандай етіп ұстауға мүмкіндік беретін бұл қысқа арқан-жіпті «шыжым» деп атайды. Оны көбіне жаз маусымында үй маңында ұстағанда, асау бүркітті шырғаға салып үйреткенде қашып кетпес үшін тағады.
Дәстүр-салтымыз бойынша бас киім әрқашан жоғары тұратыны белгілі. Бүркітке туған баласындай қарап, "бас киімін" жерге тастамай, жоғары қою — қыранды қадір тұтқан қазақ баласының құралын да қастерлегенінің айқын көрінісі.
Б. Хинаят, Қ.М. Исабековтің "Саятшылық қазақтың дәстүрлі аңшылығы" атты кітабынынан
Ұқсас жазбалар:
Бүркіт жабдықтары: Томаға
Қыран бүркіттің қазақ үшін қадірі