- Негізгі бет
- Қансонар
- Бүркіт жабдықтары: Құс...
Бүркіт жабдықтары: Құс аяғына тағылатын баулар
Құмай жүгіртіп, құс салу — ата-бабамыздан аманат болып қалған асыл өнер. Аушы құстарды баулуды жанына серік еткен қазақ құсбегілері оған қажетті жабдықтарды да өздері дайындап алған. Дана бабаларымыз ұрпағына құс баптаудың қыр-сырымен бірге оған қажетті құрал-жабдықтарды жасауды да үйретіп отырған. Осы орайда көзі қарақты оқырмандарымызға құс баптауға қажетті құрал-жабдықтарды жүйелі түрде таныстырып шығуды жөн көрдік.
Кұстың аяғына тағылатын баулар. Балақбау, шолақ аяқ бау, тобыршақ, шыжым — бұлар бүркітті қолға үйретуге және ұстап алып жүруге, тұғырға отырғызғанда байлап қоюға арналған жабдықтар. Мұндағы құстың екі жіліншігіне (балағына) бірдей тағылатыны балақбау немесе білезік-бау құстың аяғында үнемі бірге жүреді. Оны құстың балағын қыспай, еркін айналып тұратындай білезік формалы етіп жұмсақ қайыс, былғарыдан дайындайды. Жіліншікті орап, бунақтап тұратын сол тұсын алақан дейді. Алақан қажамас үшін терінің ішкі жағына жұмсақ шүберек, киіз қабатталып астарланады. Дөңгелек шара тәрізді балақбаудың алақанының радиусы құс жіліншігінің жуан-жіңішкесіне қарай, ал жалпақтығы екі елі (4 см) шамасында. Теріні күміс құйма, түрлі әшекеймен сәндейтіндер де бар. Балақбауды екі бүлдіргеге өткермелеп құстың балағына тағады.
Осылайша білезік формасындағы екі балақбаудың бүлдіргесіне немесе шығыршығына шолақбау (кейде желібау) аталатын ұзындығы 1-1,5 қарыс (20-30 см), жуандығы 3 мм мөлшеріндегі қайысбау жалғанады. Оған жіңішке таспа немесе өріп ширатқан жұмыр қайыс таңдалады. Қолдағы бүркіт талпынғанда, сусып шығып кетпес үшін екі баудың ортасына бір-бір түйін, бөгет кедергі салынады. Аттың тұсамысы тәрізді балақ және шолақ баулар құсты тұғырға қондырғанда, алып жүргенде, жемдегенде құстың аяқтарының еркін қозғалуына, құсбегінің ұстап отыруына жағдай жасайды. Аңға да осы баумен ұшады, қашып кеткен жағдайда да аяғынан түспейтіндіктен, түз бүркітінен ажырату оңайға соғады. Және де мұндай қолға үйретілген қыранды айламен қайта ұстап алуда оңай.
Ал ұсақ құстардың балақбауының білезік тұсының диаметрі 2-3 см-ден аспайды, желі бауының ұзындығы бүркіт желі бауының жартысындай ғана болады.
Шолақбаудың екінші ұшына жезден жасалған шығырық өткізеді де (қайыс берік болса тесіп қояды), оған жалғас іргебау деп аталатын ұзындығы бір құлаштай, жұмыр етіп өрілген (4-6 таспадан) жіңішке қайыс тағады. Олай аталу себебі үйде отырғанда іргеге байлайтындықтан. Саятқа шыққан кезде іргебауды шешіп алады да, беліне тағады, суық кездері тақымын, етегін буып алады. Аңға жібергенде міндетті тұрде шешіп алу себебі, аңға шүйліккен кезде, жер бауырлай ұшқанда жартастың жақпарына, ағаштың айырына ілініп қалса, ұзын томаға үлгісі. (Д.Шоқиарұлы) Аяқбау, шолақбау тұрлері бау оралса мерт етеді, әйтпесе шарт қимылына кедергі жасайды. Өйткені, ірге баудың ұшындағы бір жарым елідей, ортасы қыналып ірге баудың ұшына орнатылған тиек «тобыршақ» кедергі келтіреді. Оны қарақұйрық, еліктің мүйізінің ұшынан жасайды. Тобыршықтың ұшына ұзындығы бір-екі құлаш, таспадан ширатқан немесе жіңішкелеп тілген шылбыр немесе жіңішке есілген байланады. Құсты аңға саларда, іргебауды тобыршығынан тартып, шығыршықтан оп-оңай суырып алуға болады. Бау қатты кеуіп, жарылып кетпеуі үшін оқтын-оқтын майлап қойған жөн.
Балақбау құс тұғырдан ұшып кетпес үшін, ал іргебау қыран ұшарда ұзап кетпес үшін аяғына тұсау болады деп түсінеміз. Құсты аң аулауға үйретерде, баулу кезінде, шырғаға салғанда ол қайта көтеріліп ұшып кетпес үшін жіп байланады. Құсты арқандағандай етіп ұстауға мүмкіндік беретін бұл қысқа арқан-жіпті «шыжым» деп атайды. Оны көбіне жаз маусымында үй маңында ұстағанда, асау бүркітті шырғаға салып үйреткенде қашып кетпес үшін тағады.
Дәстүр-салтымыз бойынша бас киім әрқашан жоғары тұратыны белгілі. Бүркітке туған баласындай қарап, "бас киімін" жерге тастамай, жоғары қою — қыранды қадір тұтқан қазақ баласының құралын да қастерлегенінің айқын көрінісі.
Б. Хинаят, Қ.М. Исабековтің "Саятшылық қазақтың дәстүрлі аңшылығы" атты кітабынынан
Ұқсас жазбалар:
Қыран бүркіттің қазақ үшін қадірі
Е. Жұмабайұлы