- Негізгі бет
- Қансонар
- Бүркіт жабдықтары. Жемсаптыаяқ...
Бүркіт жабдықтары. Жемсаптыаяқ
Құмай жүгіртіп, құс салу — ата-бабамыздан аманат болып қалған асыл өнер. Аушы құстарды баулитын қазақ құсбегілері оған қажетті жабдықтарды да өздері дайындап алған. Дана бабаларымыз ұрпағына құс баптаудың қыр-сырымен бірге оған қажетті құрал-жабдықтарды жасауды да қатар үйретіп отырған. Осы орайда көзі қарақты оқырмандарымызға құс баптауға қажетті құрал-жабдықтарды жүйелі түрде таныстырып шығуды жөн көрдік.
Жемсаптыаяқ. Құсқа жем салып беретін қарағай, терек, қайың тәрізді берік ағаштардың тошынынан ойып жасалатын, сопақша пішінді жеңіл ыдыс. Берік болуы үшін ағашты малдың майына қайнатып "суарып" алады. Сабына іліп қоюға, қанжығаға байлауға арнап қайыс бүлдірге немесе шығыршық тағады. Сыйымдылығы 1,5-2,5 литрдей болады. Саптыаяқтың түрі көп: бірі - қолға ұстайтын бір тұтамдай сабы, екінші жағында шайындыны төккенге арналған жырылып жасалған шүмегі бар сопақша. Екінші түрі - іші шұңғыл, дөңгелектеу, асты орнықты, ернеуіне таяу жем суын сүзіп шығаратын екі тесігі болады. Қолдануға ыңғайлы болуы үшін сабына бүлдірге (жіп) тағылады.
Бүркіт қос, тал үйшік. Ертеде қазақ дегдарлары ұстаған ондаған аушы құсын бағатын арнайы үйді "қырандар үйі" деп атаған. Оның кең тараған түрі үш қанаттан құрастырып, былайша айтқанда "ұраңқайлап" тігілген "бүркіт қосы".
Ауыл маңында ұстаған жалғыз жарым бүркітін сиыр сүзіп, ит таламас үйшікте ұстайды. Оны суықта сыртынан киізбен қымтап қояды. Құс үйшігін талдан иіп, бейнесін киіз үйге ұқсатып, бүркіт қанатын жайғанда еркін қимылдауға мүмкіндік беретіндей кең етіп жасайды. Тал үйшік түлек маусымында құстың томағасын алып, айналасына қарап отыруға мүмкіндік береді.
Е. Жұмабайұлы