- Негізгі бет
- Қансонар
- Бүркіт жабдықтары: Балдақ...
Бүркіт жабдықтары: Балдақ
Құмай жүгіртіп, құс салу — ата-бабамыздан аманат болып қалған асыл өнер. Аушы құстарды баулуды жанына серік еткен қазақ құсбегілері оған қажетті жабдықтарды да өздері дайындап алған. Дана бабаларымыз ұрпағына құс баптаудың қыр-сырымен бірге оған қажетті құрал-жабдықтарды жасауды да қатар үйретіп отырған. Осы орайда көзі қарақты оқырмандарымызға құс баптауға қажетті құрал-жабдықтарды жүйелі түрде таныстырып шығуды жөн көрдік.
Балдақ — құсты ат үстінде алып жүргенде қолы талып шаршамас үшін тіреу ететін айыр басты ағаш таяныш құралы. Оған ұзындығы 2-3 қарыс (45-55 см), жуандығы бір тұтам ағаш таңдалып алынады. Басындағы 10-12 см келген ашасының арасын 4-5 елідей жалпақ қайыспен қабаттап «тұсаулап», жұмсақ төсеніш (оны кейде кепіл деп те атайды) салады. Таутекенің мүйізін түзетіп, бұтақтары шабылып тасталған салаларынан қалған томпақ бүдірлерін құймамен әшекейлеп жасаған мүйіз балдақтар да болады. Ағаштан жасалған балдақты оймыштап (резьба), бұрмалап, ширатып әр түрлі өрнек салып сәндейді. Балдақтың төменгі басына орнықты болу үшін ағаштың тошынынан домалақтап тобыршық орнатады, ал онан сәл жоғарыда тесіп байланған қайыс бүлдірге бау өткізеді. Бүлдірге ердің қамшылар жақ қапталындағы шеттікке (қол қанжығаға) бекітіледі. Ал балдақтың орта тұсынан тесіп өткізілген орта бау ердің алдыңғы қасының бетіне арнайы орнатқан шығырыққа байланады. Бұл баулар саят барысында балдақтың шектен тыс қимылдап "толқымауын", әрі асығыс кезеңде түсіп қалмауын қамтамасыз етеді.
Құсбегі атқа мінгенде оң қолына биялайын киіп, бүркіттің шолақ бауынан ұстай қондырып, қолын балдақтың ашасына қойып, балдақтың төменгі басын ердің оқпанына тіреп алады. Ал сол қолмен аттың тізгінін ұстап, әрі томаға тартуды атқарады. Жайшылықта балдақ үйдегі бүркіттің тұсына кереге басына ілінеді.
Б. Хинаят, Қ.М. Исабековтің "Саятшылық қазақтың дәстүрлі аңшылығы" атты кітабынан алынған.
Е. Жұмабайұлы