- Негізгі бет
- Қансонар
- Балапаннан баршынға ...
Балапаннан баршынға
Қазақ халқының сөздік қорында ұлттық болмысты ұлттық құндылықтармен суреттейтін тіркестер өте көп. Көненің көзі болып отырған ата-әжелеріміздің аузынан қоржынымызға қор жинауға болады. Қалай? Күнделікті өмірде мақалдатып, шешендік сөздерді қолдана отырып сөйлейтін адамдардың аузын бағып жүруіміз керек. Өйткені, сөздік қорымыз жұпыныланып бара жатқан мына заманда олардың айтқан әр сөзі құнды. Сондай сөздердің бірі "қанатың қатайып, балапаннан баршынға айналдың" дейтін тіркес. Балапанның мағынасы белгілі. Баршын ше?! Ендеше есте сақтайық.
БАРШЫН – кемеліне келіп, қанаты әбден қатайып, қырағы көзі алыстағыны шалатын бүркіттің ең үлкен кезеңі. Балапаннан баршынға бет алудың арасында да түрлі кезеңдер бар. Білгіңіз келе ме?!
1. Балапан – бүркіттің бір жасар баласы.
2. Қантүбіт – бүркіттің екі жасар түрін осылай атайды
3. Тірнек – үш жасар кезең. Тірнектеп жиғанын деген тіркес те осыған орай айтылған.
4. Тастүлек – төрт жасар кезең. Бүркіт осы кезеңде биік шыңнан төменге лақтырады екен. Тастүлектей бекініп деген сөз осыдан қалса керек-ті.
5. Мұзбалақ – бес жасар кезеңі.
6. Көктүбіт – алты жасар кезең
7. Қана – жеті жасар бүркіт
8. Жана – сегіз жасар бүркіт
9. Майтүбіт – тоғыз жасар бүркіт
10. Барқыт – он жасар бүркіт
11. Баршын – он бір жасар кезең.
Ата мен әжеден естіген осындай қызықтар сізде де бар ма?! Бөлісе отырыңыз. Біле жүрейік!
Ә. Жутаева