Аңға шығатын мезгіл. Аңшылықта аңшылар төрт маусымда көзсіздікпен аң алдыра бермейді. "Үйрек ұшып қаз қонған айдын көл, құлан жортқан, қоңыр аңы қойдай өрген даласында" аң аулаудың маусымы таңдалады. Ондайда терісі үшін ауланатын аңдарды жабағы жүнін тастап, жаңа жүні жетілген, түбіті толған мезгілде аулайды. Көктем маусымында аң-құстар жаппай түлейді, терісінің сапасы бұзылып жұқарады, етінен арылатындықтан әрі күшіктеп-балалайтындықтан, ұя басатын аң-құсты әсте ауламайды.
Еті үшін ауланатын аңдарды шілденің соңынан бастап аулайды. Бұл кезде аң-құс тойынып жетілген кезі саналады. Ал қаз бен үйректі құс келген кезде, және қайтар кезінде аулайды. Басқа уақытта балапан басып, оларды мәпелеп баулитындықтан аулау обал дейді. Түлкі түнде тоғайды сағалап, күндіз иенге шығады. Тазымен таңертең ерте немесе кешке қарай аң қонағына тартқан кезде шығады. Қазақ ырымында аң-құсты жөн-жосықсыз аулауға жол бермейді: егер "ұядағы бөлтірікті өлтірсең ұлып қаласың" десе, еліктің лағын, бұғының бұзауын, аққу киелі деп оған мүлде тиіспейді. Құстардың басып жатқан жұмыртқасына немесе жас балапанға тисе, олар қарғайды деп тыйым еткен. Ондайда, мәселен торғай "Торғай-торғай атым бар, бір жапырақ етім бар, әкең тауға кеткенде, шешең өліп жетім қал!" деп қарғайды. Ал жұмыртқаны жарған баланың беті шұбар, секпіл болып кетеді деп балаларға тыйым етеді.
Тазымен аң қағу. Ит жүгіртіп, аң аулау да қазақ сейіл серуен, серілігінің бір белгісі. Тазымен аңға шығу үшін қар жауып, аяз түсуін күту шарт емес. Алатын аң жетіліп, тазы бабына келген соң саятты бастап кетеді. Сондықтан тазы саяты қарасонарда басталады. Сонарға шығарда тазының тұяқтарын тазалап, артық өскені болса тырнағын кесіп алып, тегістеп қояды. Әйтпегенде артық өскен тырнақ еркін қимыл-қозғалысына бөгет жасайды. Тағы бір бөгет болатын нәрсе - тазының сабалақ жүні болғандықтан оны жұқартып алып қояды. Тазыны қазақтар жаяу, ат үстінде, жеке дара және тобымен жүріп алуан тәсілмен аңға қосқан. Оның ішінде кең тарағаны, атпен аңға шығу. Алатын аңын аңшы үркітіп, дауылдатып, түрлі тәсілмен алаңқайға шығарған соң тазысын қосады да аңның артынан түскен тазыға жолынан көлденең шауып аңның ізін кесіп бөгет жасап, тазыға қолайлылық тудырады. Ит иесі барда еш нәрседен қорқа қоймайды. Қар жаңа жауғанда із шалып, иіс алып дағдыланып тазылар жыртқыш ізін бірден сезеді. Тазылардың ерекшелігі мен түр-тегіне, сипатына қарай кең далада қоян, түлкі, кейде қасқыр мен аңдарды аулауға қосылады. Олардың қайсыбірі батылдығымен, күштілігімен, ерекшеленсе, екінші біреуі жүйріктігімен ерекшеленіп, аңын қуып жетіп ұстайды. Енді бірі ізге бір түсіп алса, зырылдап зулай жүгіріп, тыным таппайды. Қасқыр қууға арнайы дайындалған иттер тобын да пайдаланады. Ал тобымен шыққан саятшылар бір-бірінен шамамен екі-үш жүз метр қашықтықта дөңгелене жүріп даланы, тоғайды азан-қазанын шығара жүріп қашқан аңға бір-бірлеп тазыны қосып отыру жолымен аулайды. Қазақ аңды: "Ит иесі үшін алады, құс тамағы үшін алады" дейді. Аңға шыққанда аңшының баспалап жасаған қимыл-қозғалысын жіті бақылап, аса сақтықпен, естілікпен адамның істегенін қайталайды. Тіптен аңшы байқамаған жердің тасасы мен ұңғыл-шұңғылды сүзіп онда тығылып қалған аңды іздейді. Аңшылардың оң-солына, алды-артына түсіп отырып, маңайын еркін шолып отырады. Атты аңшымен жарыса жүрген тазы иесіне жалтақтай қарап, аң көзге түскенше қапталдай жортып отырады. Сонарда ізге түскен кезде желге қарсы кеткен аңның ізіне түсу дұрыс деп саналады. Себебі ізбен қоса аңның иісі де тазы үшін таптырмайтын бағдар, соған сай әрекет етеді. Күннің көзі қатты түсе бастаған түс әлетінде аңшылар өздері де ауқаттанып, тазысын біраз уақыт бойы тынықтырып алады да күн төбеден ауған соң әрі қарай жалғастырады.
Тазы әртүрлі аңды түрліше тәсілмен аулайды. Кәнігі тазы түлкіні мойнынан алып, әп-сәтте бұрап тастайды, кейде ыңғайына қарай тұмсығынан, құлағынан, тіпті, жонынан алатын кезі де болады. Бірақ мұны алаңғасар, тәжірибесіз тазылар жасайды. Әккілері түлкінің тұмсығын қапсыра ұстап жерге бірақ алып ұрады. Қоянды көбінесе қуып жетіп, кез келген жерінен қарпиды. Тазының сырттандары қасқырды да алады. Тазы қасқырды қуып жеткен бойда бірден бас салмай, қайта-қайта шабынан тартып, ызаландырып, иесінің жақындауын күтеді. Иесі жақындағанда алды-артына қарауға мұршасы келмеуге айналған қасқырдың алқымынан не желкесінен ала түсіп, ұмар-жұмар арпалыса кететін көрінеді. Сондай-ақ тазылар қасқырға қуып жеткен бойда артқы аяғының тірсек сіңірін қиюға әрекеттенеді. Мұндайда иесі дер кезінде көмекке келмесе, құдды "сырттандар" туралы ертегідегідей, қасқыр тазыны жазым етуі әбден мүмкін, бірақ тәжірибелі аңшы дереу аттан түсіп, аш бөріні сапысымен жайратып салады. Күтімі келіскен, бабы үйлескен, денесі ірі тазы өте адуын мінезді, қатал болады. Соған сай ол аңды бірақ бүріп, мытып лақтырып тастайды. Ал үлкен қасқырды өкшелей қуып, артынан келіп көкжелкесінен қапсыра ұстап жабысып алады да серік иттер мен аңшы келгенше арпалысып жібермейді. Тазының шалымдылығы мен өжеттілігі, ептілігі мен айлакерлігіне қарай қарсыласқан аңның айбары мен күшіне қарай күресте белдескен палуанша тазылар күшін парлайтын ерекше есті жануар. Құмай тазы қасқырмен алысқанда өз денесіне дақ түсірмей, арлан көкжалды алқымынан алып, қозғалтпай басып жатады дейді көнекөз қариялар.
Кедей жарлыларда тобымен шығудың реті болмағандықтан жаяу немесе жеке дара саят құрады. Олар көбіне тазы мен аушы құсты саятқа бірге, қатар алып шығуға үйреткен. Тазы итті қағушының рөлінде пайдаланған. Тұрғыға шығып тұрған аңшыға бірнеше тазы (кемінде 4-5 тазы), аңды үркітіп, айдап беретін "қағушы" міндетін атқарған. Бұл аңшы үшін де өте пайдалы. Өйткені аса иісшіл, қырағы тазы жолындағы аңды дәл тауып үркітіп отырып, бүркіттің алдына салып береді. Тазы қуып келе жатқан кезде бүркіт оған келіп түседі. Ал, тазы қуып келе жатқан кезде түлкі "керіп тұрмайды", яғни қарсы айналып қарап ақсиып айбар шегіп, қарсы әрекетке көше алмайды. Алдына қарай ғана бағыттап жан дәрмен қашып бара жатқан түлкіні аспаннан сорғалап келген бүркіт еш қиындықсыз, жер соқпай, тура келіп бүріп алады. Осылайша "бүркіт бастан, тазы таңнан" түре іліп қандай айлакер аңды мүлт жібермей ұстайды. Алматыдан шығысқа қарай 150 шақырымда жатқан атақты құсбегілер шоғырланған Сөгеті (Нұра) ауылындағы "Жеті қазына" клубында "тәрбиеленген" Көкдауыл атты тазы, Ақжелкен атты бүркітпен бірге аң алуға баулынған. Мұндай аң алудың классикалық үлгісінің қиындықтары да жоқ емес. Бұрынырақта Дауылқара атты бүркітті Жезкиік атты тазымен бірге тату етіп тәрбиелегенмен, аңға түскен кезде қапелімде бір-бірін жазым еткен көрінеді.
Алматы облысы, Райымбек ауданы, Жылысайда Мұқаев Жолдас деген аңшы орманшының Ұшар деген ақтазысы қасқырға шауып, тірсегінен тістеп, секіріп кетіп отыра олжасын иесі келгенше жібермей айналдырады екен. Иесі келіп мылтықпен атады немесе үзеңгімен ұрып соғып алады екен. Шығыс Қазақстанның Ұланындағы Жанұзақ ауылының Көрпебайдағы аңшы тазысы жылына 4 қасқыр алған бұрын соңғы алғыр тазының соңғы жұқанасы деп ойлаймын дейді кәнігі аңшы Мұхамед Исабеков. Өте алғыр тазылар қарақұйрықты да қуып жетіп, шабынан алады. Ал, таутеке, тауешкі, қабандарды өздері ұстамаса да иелеріне қолайлы тұсқа "қайыратын" аңшы тазылар да аз емес. Қоңыр аңдарға - елік, қарақұйрық, ирен, бөкен, киік сияқты аңдарды аулағанда қаумалап ұстау немесе ұтылап қуу тәсілдерін қолданады. 1865 ж. Л.Мейер атты автордың жазуына қарағанда қазақ даласында тазылар тұяқты үлкен жануарларға қазақтар қоңыр аң атайтын киік тектестерді де жетіп ұстайтын. Ал ілбіс, сілеусіндерге көптеген тазыны тобымен салады. Олар үйреткен тәсіл бойынша орағытып жүгіру, қаумалап ортаға алу, бірі соңынан кезектесіп "ұтылап қуу" тәрізді амалдармен аңды алады. Мұндағы "ұтылап қуу" тәсілі тазыға қарсы келе алмайтын тек жүйріктігімен, жансебілдігімен қашып құтылуға әрекеттенетін қоңыр аңдарға жиі қолданады. Оның мәні мынада бір тазы топ аңды белгілі бір қашықтыққа дейін қуып келгенде екіншісі иек артпа ұрымтал жерден ары қарай қуады да үшіншісіне дейін қуып апарады. Ол онан әрі қуып, келесісіне жеткен кезде әбден титықтап, дымы құрыған аң қаша алмай болдырған кезде бірнешеуін қатарынан тырп еткізбей ұстап алады.
Қоян тазыға оңайлықпен ұстата қоймайтын, артынан өкшелей қуып келгенде жалт беріп, бағытын кілт өзгертіп оңды-солды итараққа салатын әдеті бар. Тазыны оңай шаршататын, алдап кететін қоянды тарпа бас салу үшін тазыға үлкен тәжірибе қажет. Қазақтар орман-тоғай арасындағы жабайы қабанды да тазымен алдырған. Ал суырды алғанда оның ініне де тазылар сүңгіп кететін болған. Ну жыңғылдың арасына құстардың артынан кіріп кеткен тазыға белгі беріп, атын атап шақырады. Қырғыздың тайғандары екі-үш мың метрлік биікте аң аулауға бейімделген әрі ізге түсіп ұзақ жүгіре алады. Бұлар мәлін, борсық,тауешкі сияқты аңдарды қуып жетіп ұстайды. Қазақ тазысы осы аталған тайғанның төзімділігі, иісшілдігі, із кесушілігі барлығы бірдей тоғысқан әмбебап сипатқа ие аңшы ит. Егер тазы соның бәріне шыдап иесімен жүре алса, оны үйге жатқызып, тойғыза қоя тамақ беріп отыру керек. Олай етпеген жүйрік тазылардың өзі көп жағдайда жүріске шыдамай, аң аулаудан шығып қалады. Тіпті, кейбіреуі аңшылық күннің ертеңіне-ақ кіртіңдеп керенау тартады. Сондықтан оны дамылдатып отыру қажет. Бірден алдырмай, айлакерлік жасап, қашып інге кіріп кеткен анның артынан тазы иттер қалмай қуып қоймай, іннің ішіне "сүңгитіндері" де бар. Ал тазы іннің аузын тырналап, ашуға булығып, арпалысқандығы байқалса аңшы көмекке келеді. Егер ін тар болса, аңшы қолына талды алып, ұшын ортасынан айырлап ашып, інге бойлатып, түлкіге жеткен белгі бергенде, талды қатты итеріп тұрып, бұрайды. Мұндайда түлкі терісіне ілінген талдың айыры теріні қысып қалады да, ширықтырылып бұралады. Бұған кейде ін терең, әрі тал, ағаш аз өңір болса, жылқышы құрығын пайдаланады. Ұзын құрықтың ұшын пышақпен жарып, іннің түбіне дейін бойлатып, бұрап айналдырады да, еппен ыспалап қайыра тартып, терісінен "ораған" аңды алып шығады. Бұл әдіс аңшылар тілінде "бұрау (бұрау салу)" деп аталады. Бұрау салуменсуыр, түлкі, қоян қатарлы аңдарды алуға болады. Ал мәлін мен қарсақ інге кіріп кетсе оған бұрау салу қауіптіге саналады. Өйткені олар өте айлакер адамды немесе тазыны жарақаттауы кәдік.
Егер ін терең болса түтін (ыс) салады. Оған қазақтар тері сіңген ердің тоқымын, бетеге, жусан, қурайды жағып, ащы түтінін інге қарай желпіп отырады. Түтін інге, немесе апанға толық кіріп бітті деген кезде оның аузын қымтап бекітеді де, сүт пісірім уақыт өткенде ашады. Ондайда айлакер түлкі іннің тар тесігіне денесін тосып, ұзын құйрығын жұмарлай бүктеп, кері қарап жатып алады да түтінді мұрнына дарытпауға тырысады. Қазіргі кезде інге үйретілген күшік немесе үлкендігі мәліндей, інге кіруге дағдыланған өжет иттерді немесе ағылшынның фокстер тұқымды итін жібереді. Саятта тазыларды қасқырды көрмей жіберуге болмайды, дара шауып мерт болады деп жетектеп алады. Ізге түсіп аттың cap желісіне салып жемтікке сылқия тойған, жүрісі баяу қасқырды артынан қуады. Қасқыр сасқанда бытырай қашатындықтан бірінің соңынан аңшы түседі де, тазыларды босатып қоя береді. Тазылар шабуылға көшеді. Қасқырдың бір ерекшелігі, оның жансебілдігі қаншама шоқпар, сойылмен ұрғанымен оның терісін сыпырған кезде денесінен бір де қанталаған жер байқалмайды. Тек оның өте осал жанды жері тұмсығы ғана. Сондықтан оны өлтіру үшін аңшы қасқырдың тұмсығын көздейді. Терісі үшін алынатын аңды беталды ұрғылап, арқа жүнін бүлдірмей, көбіне талмау жері - тұмсықтың басынан дәлдеп ұруға машықтанады. Тазының ұстаған олжасынан тартқызбайды, әсіресе ішек-қарынынан бермейді. Өйткені ішек-қарынында құрт болса, аңшылар ауруы жұғудан сақтанады. Тазыға тамақты реті келсе, тек шала пісіріп беру оңды дейді. А.Слудский дерегі бойынша, бір маусымда жақсы тазы 30-50 түлкіні алуғажарайтын болған. Сол кездегі (1937 жж.) статистика бойынша Қазақстанда шамамен 4 мыңнан астам тазы текті ит болған және олардың иелері бір маусымда отыз мыңдай теріні ресми түрде аң терілерін дайындау мекемесіне өткізген. Ақтөбенің бір ауданындағы аңшы тазымен бір маусымда 16 түлкі, 79 қоян ұстаса, Алматының Шамалған бекетінің атақты аңшысы Е.Атабергенов үш ай ішінде екі тазы, бір бүркітімен 115 түлкі, 3 қасқыр, төрт борсық ұстаған екен.
Алматы облысы, Райымбек ауданының Жылысай ауылындағы аңшы Ж.Мұқаевтың Ұшар атты ақ тазысы қасқырды қуып жетіп, сіңір тірсегін қиып жіберіп, иесі келгенше оны жібермей ұстап тұратын әдісі болған. Панфиловшы-соғыс ардагері, атақты аңшы, бірінші топтағы мүгедек Исабеков Бәйетбай өзінің Ұшар, Желтабан атты қос тазысымен қансонарда түске дейін екі бас қоржын қоян алдыратынын, сол кезде көрген замандастары сағына еске алады. Сыр жақта, дәлірек айтсақ, Жаңақорғанның Келінтөбе ауылындағы аңшы Е.Әлиев Лашын атты кек қасқа төбет тазысына бір қыста 47 шиебөрі алдырған. Алматы облысы Райымбек ауданы, Алғабас ауылының тұрғыны А.Ақмолдаұлы бір маусымда тазысына 47 түлкі ілдірген. Ұшар деп атаған бұл тазы Жалаңаш өңірінде атағы шыққан Д.Ермегияев ақсақалдың сонау Арқадан алып келген тазысының тұқымы екен. Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Асысаға ауылының тұрғыны А.Шалипов Ұшар атты көк қасқа тазысына Шу өңірінде егін орағы мерзімінде киіктің текесін алдырған деседі аңшы ізбасарлары.
Аңшылықта, саятта қазақтар олжаны тепе-тең бөліседі. Еттерін көрші-қолаңға үлестіреді, сыралғы таратады.
Б. Хинаят, Қ.М. Исабеков. " Саятшылық - қазақтың дәстүрлі аңшылығы" атты кітабынан алынған.
Сурет: voxpopuli.kz