«Үйлену оңай, үй болу қиын» деген еді ата-бабамыз. Қазіргі жігіттер үйленудің өзін қиын санайтындай. Бірінші қол байлау – қаражат мәселесі болса, екінші аяққа тұсау – жауапкершілік. Жігіттер үйленгенге дейін қандай болады және үйленгеннен кейін қалай өзгереді?
Бойдақ жігіт ауырып қалса, дереу ем қабылдап, дәрі ішіп, тезірек жазылып кетудің талабын жасайды. Ал үйленгеннен кейін сәл ғана ауыра қалса, төсектен тұрмай жатып қалады. Себебі әйелінің айналшықтап, жанынан шықпай, бәйек болуы күшейіп кететінін жақсы көреді.
Жігіттер үйленбей тұрып өз-өзіне қарап, киімдеріне де, басқа бұйымдарына да ұқыптылық танытады. Ал үйленген соң айналасы аздап шашырай бастайды. Оған себеп еріншектік емес, келіншегіне артылған жауапкершілік. Бір басы екеу болғаннан кейін мұндай ұсақ-түйек істермен әйелі айналысқанын қалайды, ал өзі мейлінше күрделі жұмыстарға бас қатырады.
Ерлер үйленбей тұрып әйел заты ер азаматтың жасаған жоспарымен жүріп-тұруы керек деп ойлайды. Үйленгеннен кейін өзі әйелі жасаған жоспармен қалай жүргенін білмей қалады.
Ер жігіттер үйленбей тұрып нәзік жанды қыз баласының қит етсе, көз жасын төгуін түсінбейді. Төгілген мөлдір тамшының барлығына өздері ғана кінәлі екенін үйленгеннен кейін бір-ақ түсінеді.
Жігіттер үйленбей тұрып ешқашан берген уәдемнен таймаспын деген ұстаныммен өмір сүреді. Ал отбасылы болған соң анда-санда өтірік айтып тұруды үйрену керек деп шешеді.