Түрлі заттан әртүрлі бейнелерді көруіміздің себебі неде?

Бұлттардан адам бейнесін, көліктің сізге «күліп» немесе «ашуланып» тұрғанын, ағаштардан түрлі бейнелерді, жалпы кез келген заттан адам бейнесін бұрын-соңды көрген боларсыз немесе бір заттарды адамға ұқсатқан боларсыз? Шын мәнінде жоқ нәрсе адамға неліктен көрінеді? Жауабын білгіңіз келе ме?

Адамның қоршаған ортасындағы заттардан түрлі бейнелерді көруі медицинада «парейдолия» деп аталады. Оның пайда болу себептері жайлы түрлі пікірлер бар. Ең көп тараған теория – антропологтардікі. Олардың айтуынша, адам айналасындағы түрлі объектерді жылдам әрі айқын анықтау мүмкіндігіне әуел баста-ақ ие болды. Ол адамдардың өзін-өзі жабайы аңдардан қорғауы үшін қажет болды. Бұл механизм қалып қойғандықтан адам бейнелерді қоршаған ортасынан көреді.

Егер сіз бір нәрседен кез-келген бейнені бір рет көрген болсаңыз, онда оны барлық жерден «іздеп жүресіз», сіз емес, миыңыз соған дайын тұрады.

Ал психологтардың айтуынша, адам күн сайын түрлі адамдармен жүздеседі, қарым-қатынас жасайды. Сол адамдардың түрлі бет-бейелері миында сақталып қалғандықтан айналасындағы заттардан да сол бейнелерді көреді. Сондай-ақ, ол бейнелердің түрлілігі де адамның көңіл-күйіне байланысты екен. Мысалы, егер сіз ашуланып жүрген болсаңыз, ашуланып тұрған бейнені іздейсіз, керісінше, көңілді жүрсеңіз, айналадағы заттардағы бейнелер сізге күліп тұрғандай болады.

Кейбір ғалымдар ол дұрыс емес, психологиялық ауытқушылық десе, кейбір ғалымдар, керісінше, парейдолия адамға шабыт береді, ол шығармашылық адамдарға тән дейді. Ал сіз қалай ойлайсыз?

asylsoz.kz