Титаникке арналған Нью-Йорктегі ескерткіш

Титаникке арналған Нью-Йорктегі ескерткіш

1912 жылы айдынға бет алған алып кеме бір тәуліктен кейін мұзтауға соғылып, 2 сағат 40 минутта суға батып кеткен. Жоспар бойынша Титаник Нью-Йорктің кеме айлағына кіруі керек еді, бірақ  18 сәуір күні бұл жерге 713 жолаушыны құтқарған Карпатия кемесі ғана келді. Титаникте шенді-шекпенді де, бай-қуатты да, қарапайым да, танымал емес те Нью-йорк тұрғындары көп еді. "Кемедегінің жаны бір" деген сөздің тура мағынасын осы оқиғадан көрсек болады. 

Дәл қазір Нью-Йоркте бұл апат туралы көптеген дәлелденген не дәлелденбеген деректер көп. Бірақ дәлелдеуді қажет етпейтін, әр адамға осы қайғылы жайтты еске салып тұратын басты ескерткіш бар.

Қала тұрғындарына қайғылы жағдайдан кейін қаза тапқандарды еске алу үшін қала ішінде ескерткіш ұйымдастыру туралы ақылдасады. Сан түрлі идеялар айтылады: алып кеме мен мұзтаудың макетін жасайық деушілер де болған. Ақырғы келісімге келе алмағандары сонша – үлкен даудан кейін ескерткіш комиссиясы тарап кетеді. 

Апаттан кейін бір жыл өткен соң, Нью-Йоркте теңіз семинариясының (теңізшілерді дайындайтын оқу орны) шатырында шамшырақ (маяк) орнатылады.

Шамшырақ 50 жыл бойы жасыл түске боялып, жанып тұратын, ал тура түскі уақытта айлақта тұрған кемелерге дыбыстық хабарлама жолдайтын. Шамшырақтың механизмі Вашингтонда орналасқан әскери-теңіз обсерваториясынан басқарылатын. Оның прожекторының жарығы қою болғаны соншалық Нью-Джерси штатына көрінетін.

Әкімшілік 1968 жылы семинария ғимаратын бұзып, шатырындағы шамшырақты темір қабылдайтын зауытқа жібереді. Бірақ жергілікті тарихшылар мен тұрғындар шамшырақты зауыттан әкеліп, қайтадан реттеп, 1976 жылы жаңа орынға – Теңіз портына әкеліп орналастырады. Өкінішке орай, қазір жасыл шам мен дыбыстық хабарлама тарату жүйесі істемейді.



Осылай, тарихшылар айлаққа оралмаған кеме туралы естелікті сақтап қалған.

Болашақ шамшырақ макеті  (titaniclighthouse.org)

Түрлі қоғамдық ұйымдар бірігіп, "Үміт шамшырағына" (қазіргі атауы) қайырымдылық акциясын ұйымдастырған. Қаза тапқан 1496 жанға арнап шамшырақты реставрациядан өткізбекші. 2022 жылы 15 сәуірде жаңа шамшырақтың тұсаукесері өтпек. 

Г. Берік