- Негізгі бет
- Жүз жағдай
- Тарихтағы ең ірі...
Тарихтағы ең ірі өрт апаттары
Айтпай келіп, жалынымен жалғанды жалпағынан жайпайтын тілсіз жаудың бірі - өрт. Қаншалықты оқыстан болды деп ақталсақ та, көп жағдайда қауіпсіздік шараларын ескермей қалатынымыз жасырын емес. Ойламаған жерден оранған өртке тап болсаңыз, қандай қауіпсіздік шараларын ұстанып, қалай қорғану керектігін алдағы жазбаларымызда айтамыз. Ал бүгін тарихқа қара күйемен із салып кеткен ірі өрт апаттарына кезек береміз.
1989 жылы 3 маусым күні Ресейде ірі апат болған. Аша қаласынан 11 км қашықтықтағы Аша-Улу-Теляк өткелі тұсында қарама-қарсы бағытта келе жатқан екі пойыз газқұбырында жиналып қалған газ әсерінен жанып кеткен. 575 адам қаза тапса, 623 адам күйіп, денесінен жарақат алып мүгедек болған. Қаза тапқандардың 181-і – балалар.
1942 жылы 22 қараша күні Бостон қаласында «Кокосты орман» түнгі клубы өртке оранған. Өртке жанбай қалған сіріңке себеп болған. Жалын ғимаратты санаулы секунд арасында шарпиды да, залда шу басталады. Қабырғалардың қаптамалары түсіп, ол жалынды үдете түскен де, көзді ашытатын түтін пайда бола бастайды. Адамдар түтіннен уланып, құлаған айналғыш есіктер үстімен қаша бастаған. Сыртқа өртенген киіммен шыққан адамдар тірі факелге айналған. Өрт сөндірушілер өрт басталғаннан кейін 10 минут өткенде келген. Өрт сөндірушілер терезелерді, құлыптаулы тұрған есіктерді сындырып, жалынды сөндірген екен. Қаза болғандардың жалпы саны – 490. Клубта болған 1000 адамның тек 220-сы ғана ешқандай жарақатсыз аман шыққан. Осы қайғылы оқиғадан кейін жаңа қауіпсіздік ережелері қабылданған.
2004 жылы 31 желтоқсан күні Аргентина астанасы Буэнос-Айресте түнгі клуб өртенді. 174 адам қаза тауып, 410 адам түрлі дене жарақатын алды. Бұл клубта бір атақты топтың 6000 адам жиналған концерті өтіп жатқан екен. Полициялардың айтуына қарағанда, адамдардың қаза болуына ғимараттың қосымша есігі құлыптаулы болған.
1977 жылдың 25 мамырында Кентукки штатының Саутгейт қаласының бір клубында өрт болған. Содан 7 жыл бұрын да бұл ғимаратта осындай жағдай болған екен. Ал ғимарат басшылары сол қайғылы оқиғадан кейін қауіпсіздік шараларына аса мән бермеген: бетонды ғимараттың апатты жағдайда адамдарды көшіру жолдары өте тар, ұзын әрі лабиринт тәрізді. Тіпті, өрт сөндіретін заттардың жоқтығы белгілі болған. Думан қызған кезінде жалын ғимарат төбесіндегі вентиляциялық жүйе арқылы көрермендер залын өрт құшағына ала бастайды. Көрермендер залында, шамамен, 825 адам болған. Ал жалпы адам саны – 2000-ға жуық. Түтін ғимаратты алып, жаппай дүрбелең басталып, адамдар бір-бірін таптай бастаған. Қаза болғандар саны – 164, 70-і ауыр жарақаттанған. Тергеу орындарының сөздеріне қарағанда, адамдар көміртектің тотығуынан болған түтінге уланған.
1970 жылы 2 қарашада Сен-Лоран-дю-Пон қаласының би залы өртке оранған. Клубтың сол сәттегі жағдайы экзотикалық карсттық үңгірге ұқсаған: ғимараттың төбесі мен қабырғалары жаппай пенопласттан жасалған. Би алаңының әдемі ішкі көрінісі «Полимерлі жаннат» атанған. Пайда болған өрт небәрі бірнеше секунд ішінде «үңгірді» жоқ қылады. Өртке оранған ғимараттан ешкім тірі шықпаған, 145 қыз-жігіт өрт ортасында қалды.
Сурет: news.vse42.ru, mentalfloss.com, ttnewsflash.com, media-cache-ec0.pinimg.com, i22.servimg.com
Е. Жұмабайұлы