Таңда жасалатын қателіктер

Оятқыш

Оятқышты 06:00, 06:10, 06:30 деп бірнеше уақытқа қою немесе таңда оянғаннан кейін оятқышиты кейінге қалдыру ؎ таңдағы ең жаман әдет. Біріншіден, алаңдап жөнді ұйықтай алмайсыз. Екіншіден, уақытында оянбағандықтан таңертең асығыс-үсігіс жиналып, қажетті заттарыңызды ұмытып кетесіз, кешігуіңіз де ғажап емес. Таң атпастан өзіңіз қара аспан төндіріп аласыз. Үйден жақсы көңіл күймен шығу үшін оятқыш алғаш шырылдағанда-ақ өзіңізді алдамай төсектен тұрған дұрыс. Ол үшін оятқышты жаныңыздан алшақ жерге қойыңыз, тұрып өшіруге барам дегенше ұйқыңыз да ашылады.

Таңғы ас

Таңғы ас ағзадағы зат алмасу үдерісін реттейді. Әсіресе, артық салмақ қосуға бейім адамдардың басты қателігі осы – «таңғы асты тастау».  Таңғы ас ағзаны да ұйқыдан оятып, жол апаты және басқа да қолайсыздықтардың алдын алуға көмектеседі. Кәмпет, печенье, вафли секілді пайдасыз тәттілерді емес, дастарқан басында отырып жейтін құнарлы тағамдарды таңғы ас ретінде тұтынған абзал.

Жаңалықтар

Оянғаннан кейінгі үш сағат ең өнімді істерді тындыруға арналған. Осы уақытты тиімді пайдаланып, тың идеяларды дүниеге әкеліп, оны жүзеге асыруды ойластыру орнына миыңызды әлемдік жаңалықтарды оқумен толтырып тастау – қателік. Қай жақта кісі өлімі болып, қай жерде ұшақ аударылғанын білудің маңызы шамалы, мұндай жаңалықтың көбейіп кеткені соншалық, таңданып, мүсіркеуге де тұрмайтындай көрініп барады. Жаңалықтар оқудың зиянын бұрын да толығырақ жазғанбыз.

Жоспарсыз жұмыс

Жоспар құрудың пайдасы шаш етектен. Алдыңызда нақты қадамдар тұрса, оған жетудің еш қиындығы болмайды. Жұмысқа келіп не істеймін, неден бастаймын деп ойланумен уақыт өткізесіз, әр істің басын бір шалып, соңында түк бітірмедім деп өзіңізге налисыз. Жұмысқа ғана емес, үй тірліктеріне қатысты да жоспар болуы тиіс.

Интернет

Әр нәрсенің шегі болмаса, өзіңізді бақылау қиын. Бір ғана пошта тексерем деп кіріп, интернеттің құлына қалай айналғаныңызды білмей де қаласыз. Ана парақшадан мына парақшаға өтіп отырғанда жарты күнді түк пайдасыз өткізіп алдыңыз. Көңіл алаңдатып, ойыңызды сергітуді маңызды істерді бітіргеннен кейінге қалдырыңыз.

Негатив

Барлығы адамның ойына байланысты. Әр сәттен қуаныш көре білуді, жағымсыз жандарға көңіл бөлмеуді үйренсеңіз, өзіңізге жақсы. Әсіресе таңғы мезгілде барынша көңіл күйіңізді түсірмеуге тырысыңыз. Сіздің көңіліңізді бұзуға ештеңенің қауқары жетпейді. Тек күліп жүріңіз!

Сіз қандай қателіктер жіберіп жүрсіз?