Сіз байсыз ба? Бай болу деген не?

"Бірінші байлық – денсаулық" екені баршаға мәлім, әрине. Жанның байлығы, отбасы амандығы, рухани байлық – ол әркім өзі үшін міндетті түрде қорғауы тиіс қажеттілік. Ал басым көпшіліктің ұмтылатыны – материалдық жағынан баю. Белгілі кинорежиссер, киносценарист, жазушы Сатыбалды Нарымбетов: “Қазақ кедейлікке көмбіс, байлыққа шыдамайды екен”, – деп еді Массагеттегі «АЙНА» жобасына берген сұхбатында.

Алдымен байлыққа ұмтылудағы мақсатты анықтап алған жөн болар. Бірі тамақтан, киімнен молшылық болса дейді, тағы бірі балаларымды барлық курстарға қатыстыра алатын мүмкіндік болса деп ойлайды, бірі барлық жерге саяхаттау үшін бай болғысы келеді, біріне ойында жүрген ерекше кәсібін бастауға ақша қажет, енді бірі Қазақстан білім-ғылымын, экономикасын жетілдіру мақсатында байығысы келеді.

Байлық деген не? Кімді бай адам деп айтамыз?

Көп жалақы табатын адамды ма? Бірнеше жерде қызмет ететін жанды ма? Мүмкін, ақшасын қайда жұмсарын білмейтін кісіні шығар?

Жоқ!

Қанша жалақы табатын адам болса да, «ақша жетпейді», «жалақы жеткізбейді», «ақша суша ағып кетті» деген тіркестерді көпшілігінің аузынан естиміз. Себебі адам көп қаражат тапқан сайын, қажеттіліктерінің саны мен бағасы да арта береді. Бұрынғыдан жақсырақ өмірге қолы жеткен сайын, одан да жоғары деңгейге қол созады.

Бай болу деген тиын санап, он теңгені үнемдеп, өз-өзіңнен ақша аяу емес.

Керісінше, өз тапқаныңды өзіңе инвестиция жасау, яғни жалақыңның арнаулы бөлігін курстарға баруға, дауыс қойғызуға, фитнеске баруға жұмсау. Олардың барлығы сырт қарағанда қомақты қаржыны талап ететіндей көрінгенімен, шын қаласаңыз, жеңілдікпен баруға болатын, арзан түрлерін табасыз. Барлығына қатарынан барамын, ақшам жетпей жатыр деп те тыраштанбаңыз. Осы айда дауыс қойғызуға барсаңыз, келесі айда тіл үйренуге баруға болады. Бүгін өзіңізді дамытсаңыз, ертең ел дамиды.

Тынбай еңбек етіп, тапқан ақшаңның рахатын көре алмасаң, ол да байлық емес. Адал жолмен келмеген ақшаны оңды-солды шашу да байлық емес. Тыраштанып жиғаныңыз бір-ақ күнде желге ұшып кетпесіне кім кепіл?

Бай болу деген шалқып-тасып, тапқан ақшаңды жұмсаудың жүйесін таппай өмір сүру емес. Қанша тапсаң да, орнымен қолданып, берекесін келтіріп, игілігін көріп, өз жағдайыңа ризашылықта өмір сүру. Шүкіршілік айтып, қанағат тұтқан сайын, өзгелерге қол ұшын созып, көмек көрсеткен сайын тағдыр байлықты өзі бере түседі, өмір – бумеранг.

Ал сіз байсыз ба?